Жамбылдық дәрігерлер ине жұтып қойған науқасты құтқарып қалды
- авторjambylinfo.kz
- 24 қараша, 2020
- 251
Тараз қалалық көпбейінді ауруханасына аяқ астынан өкпесі шаншып, ауа жетіспей, демі үзілуге шақ қалған 27 жастағы Б. есімді әйел адам келіп түсті. Айтуынша, бірер күннен бері өзін нашар сезіне бастаған.
Қала сыртында тұратын ол ауруына мән бермей, орталыққа қатынауды қиын көріп, өтіп кетер деген сеніммен жүре берген. Уақыт озған сайын тамағынан ас өте алмай, өңешінде бөгде зат тұрғандай әсер алған соң ғана ауруханаға келген. Тараз қалалық көпбейінді ауруханасының дәрігерлері шұғыл түрде науқасты рентгенографияға түсіріп, тамағында ине тұрғандығын анықтайды. Азаматша өзі де байқамай, ине жұтып қойған.
Хирургия бөлімінің меңгерушісі, білікті эндоскопист-хирург Рахымжан Ғабиден көп ойланбастан, адамның ішкі органдарын арнайы аспап арқылы тексеру әдісімен жасалатын эндоскопиялық ота жасауға шешім қабылдап, пациентке бұл туралы айтылады.
Алғашында «хирургиялық араласу жасалады» деген сөздің өзінен қорыққан науқас шошып кеткенімен, келіспеске амал қалмайды. Қансыз хирургиямен жасалып, сәтті өткен отадан соң тез-ақ өзіне келген тұрғын өзін үлкен қиындықтан құтқарып қалған дәрігерлерге алғысын жаудыруда.
«Бөгде затты байқамай жұтып қоятын немесе еріксіз ішке түсіп кететін мұндай жағдайлар тұрғындар арасында көп кездеседі. Көп жағдайда, нерв талшықтарына тимесе, мұндай әрекеттер алғашында адамды аса мазаламайды. Бірақ, бөгде зат ағзаға өздігінен сіңіп немесе шығып кетпейді. Сондықтан, мұндай жағдайға жол бермеуге тырысу керек. Егер байқаусызда, орын алған болса, дер кезінде медициналық мекемеге келу қажет, - дейді Р. Ғабиден.
Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз