дүйсенбі, 25 қараша, 2024 0:02

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбылдықтар Ұлыстың ұлы күнін кең көлемде атап өтті

Жамбылдықтар Ұлыстың ұлы күнін кең көлемде атап өтті
ашық дереккөзі
Жамбылдықтар Ұлыстың ұлы күнін кең көлемде атап өтті
Жамбыл облысында Наурыз мерекесі дәстүрлі түрде ұлттық ойындармен, түрлі қойылымдар және қызықты концерттік бағдарламалармен аталып өтілді. Тараздықтар «Төрткүл» керуен-сарайына жиналып, мерекеге орай ұлттық киімдер киіп, көктемгі жаңа жылды жоғары көңіл күймен қарсы алды. Мұнда халық қолөнерінің көрмесі ұйымдастырылды. Балалар ұлттық ойындар (асық ату, тоғыз құмалақ, күрес) бойынша жарысқа түсіп, күш сынасты. Сондай-ақ, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев зиялы қауым өкілдері, ардагерлермен бірге ағаш көшетін отырғызу акциясына қатысты. Мерекелік шара барысында «Төрткүл» керуен-сарайынан «Наурыз-көш» атты этно-керуен жолға шығып, қала көшелерін аралады. Керуеншілер балаларға тәттілер таратты. Бұл күнгі мерекелік іс-шаралар тұрғын үйлердің аулаларында да ұйымдастырылды. Талас шағын ауданындағы №29 үйдің тұрғындары музыкалық қойылымдар әзірлеп, спорттық жарыстар өткізді, барлық қонақтарға бауырсақ пен наурыз көже үлестірді. Шағын аудан тұрғындарын облыс әкімі мерекемен құттықтады.
- Тәуелсіздік жылдарында еліміздің іргесі бейбітшілік пен тұрақтылықтың арқасында берік қаланып, өркендей түстік. Халқымыз көптеген қиындықтарды бастан өткерді, барлық сынақты бірлігімізбен еңсере білдік, - деді Бердібек Сапарбаев.
Қала тұрғыны Наталья Алферова аймақ басшысына тұрғын үйдің ауласын абаттандыруға қолдау білдіргені үшін алғыс айтты. Қант зауыты ауданының тұрғындары «Ана мен бала» аллеясына киіз үй орнатты. Олар ертеден келе жатқан «ұйқыашар» дәстүрін жаңғыртты.
– Наурыз мерекесі халқымыздың дәстүрлерін сақтауға, адамдар арасындағы өзара түсіністікке ықпал етеді. Бүгін ауа райының қолайсыздығына қарамастан, тұрғындар мерекелік шараларға белсенді қатысуда. Наурыз мейрамында қар жауса, бұл жақсылықтың белгісі, келген жыл жемісті болады, – деді облыс әкімі.
Тараз қаласының тұрғыны Анар Досымбаева «Таразға тарту» жобасының арқасында бүгінде барлық мәдени шаралар өтетін «Ана мен бала» аллеясы бой көтергенін атап өтіп, облыс басшылығына алғысын білдірді. Айта кету керек, мұндай мерекелік шаралар 19 наурыздан бері Тараз қаласының барлық 11 аумақтық округінде өтуде. Бұл күні таңертеңнен бастап «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде әуен үзілмеді. Мұнда сахналанған түрлі театрландырылған қойылымдар жиналғандарға ерекші әсер сыйлады. Сахна төрінде Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әртістері, отандық эстрада жұлдыздары Досымжан Таңатаров, Мәдина Сәдуақасова, «Алашұлы» тобы, сондай-ақ қырғыз әншісі Құндыз Таштаналиева өнер көрсетіп, ән-жырдан шашу шашты. Мұнда тұрғындар «Наурыз-көш» этно-керуенін салтанатты түрде қарсы алды.
– Баршаңызды Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл жаңару мен жаңғырудың мерекесі. Тәуелсіздік алғаннан бері Наурыз шын мәнінде жалпыхалықтық мерекеге айналды. Наурыз мейрамын барлық этнос өкілдері бір шаңырақ астында тойлайды. Бүгінгі біздің басты міндетіміз – мерекенің жарқын әрі шуақты атмосферасын қалыптастыру, жамбылдықтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау болды, - деді Бердібек Сапарбаев жиналғандарға.
Облыс әкімі киелі Әулиеата жерінің, оның ішінде көне Тараз шаһарының бай тарихи мұрасын сақтаудың маңыздылығына тоқталды.
- Біз этно-керуенді қала көшелерімен жүргізе отырып, барлық қиыншылықтар артта қалып, жаңа жыл тек бақ-береке, ырыс, ынтымақ алып келуін тіледік, - деді Бердібек Сапарбаев.
Мұнда аймақ басшысы киіз үйлерді аралап, тұрғындармен әңгімелесіп, кішкентай Даниял Балабектің тұсау кесер рәсіміне қатысып, бүлдіршінге денсаулық тіледі. Қаланың айналасына 30-ға жуық киіз үй тігілген, олардың әрқайсысы ұлттық нақышта жасалған әшекейлермен безендірілген. Киіз үйлердің маңында жарыстар мен спорттық бәсекелер өткізілді. Барлығына дәмді наурыз көже мен бауырсақтар таратылды.
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар