сенбі, 23 қараша, 2024 23:30

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Жамбылполитехтің» түлектері жұмыссыз қалмайды

«Жамбылполитехтің» түлектері жұмыссыз қалмайды
ашық дереккөзі
«Жамбылполитехтің» түлектері жұмыссыз қалмайды
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында «Біз кәсіби білім берудің бүкіл жүйесін еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандар қалыптастыруға бағыттағанымыз жөн» деген еді. Ұзақ жылдардан бері дәл осы бағытта жүйелі жұмыс жасап, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды дайындайтын Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің түлектеріне тағы бір ірі компания қызығушылық танытып отыр. Осы мақсатта аталмыш колледжге «Жамбыл цемент өндіріс компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Тибо Дюмортье мен «Мыңарал тас компания» ЖШС-ның бас директоры Мұртаза Бұлұтай арнайы келді. Алдымен колледж директоры Жанар Орынбаева меймандарға оқу орнының материалдық-техникалық базасын таныстырды. Жанар Рымбекқызы колледждің материалдық-техникалық базасы Францияның оқу орындарынан кем емес екенін, жастардың заман талабына сай білім алып, білікті маман болып қалыптасуына мол мүмкіндік жасалғанын жеткізді. Жалпы қазіргі таңда колледжде 2991 студент білім алуда. 2018 жылы білім ордасының материалдық-техникалық базасын жаңартуға және «APEC Petro Technic» жоғары колледжінің тәжірибесі негізінде колледждің базасында құзыреттілік орталықтарын құруға облыс әкімінің тікелей қолдауымен жергілікті бюджеттен 250 миллион теңге бөлінген. Сол қаражат есебінен «Химиялық технология және өндіріс», «Электр және электромеханикалық жабдықтарды техникалық пайдалану, жөндеу және қызмет көрсету», «Ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану», «Ақпараттық жүйелер» мамандықтарының оқу шеберханалары және лабораториялары қайта жасақталған. Ал өткен жылы «Жас маман» жобасы аясында 319 221 мың теңге бөлініп, «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Механикалық өңдеу, өлшеу-бақылау аспаптары және өнеркәсіптегі автоматика» мамандықтары бойынша заманауи автоматтандырылған жабдықтармен зертханалар және шеберханалар жаңартылыпты. Колледждің маман даярлаудағы мол мүмкіндіктерін көрген «Жамбыл цемент өндіріс компаниясы» мен «Минерал тас компания» басшылары өздеріне қажетті 8 мамандықтың студенттерін өздерінде өндірістік тәжірибеден өткізіп, біліктілігін дәлелдеген түлектерді тұрақты жұмысқа қабылдауға уәделесті. Осы мақсатта келісімшарт жасасып, келер көктемнен бастап, бірлескен жұмысты бастамақшы. Бұл келісім жұмыс беруші тарапқа білікті де шебер әрі тұрақты жұмысшы табуға, колледжге түлектерін жұмыспен қамтуға, жастардың жұмыссыздық деңгейін азайтуға оң ықпал етпек. Аталмыш өндіріс орындарының жұмысшылары үшін барлық жағдай жасалған екен. Жатын орынмен, күніне 3 мезгіл ыстық тамақ беріледі. Жалақысы да жоғары. Айына 15 күн еңбек етіп, 15 күн демалатын жұмысшыларға жылына бір рет ақылы демалыспен қоса сауықтыруға да жағдай жасалады.   Қамар ҚАРАСАЕВА
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар