«Жауын-шашынның әсері бар»: биыл Жамбылда егін бітік шыға ма
- авторМағжан Орынбасар
- 24 мамыр, 2024
- 692
Жамбылда биыл наурыз айынан басталған егіс науқаны қалай жүріп жатыр? Жауын-шашынның жиі болуынан кейбір дақылдар кеш егіліп жатқаны белгілі. Осы орайда jambylinfo.kz тілшісі облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан қыр төсіндегі қарбалас шақтың барысы туралы сұрап білді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржан Мұқашевтың сөзінше, бүгінгі күні аймақта 144,4 мың гектар жер жыртылып, 323,4 мың гектар алқап өңделген.
«10,5 мың гектар алқапқа қант қызылшасы, 195,7 мың гектарға жаздық масақты дақылдар, 29,1 мың гектарға көп жылдық шөп, 21,7 мың гектарға көкөніс, 6,8 мың гектар бақша, 3,6 мың гектар картоп, 34,9 мың гектарға майлы дақылдар және 9,5 мың гектар алқапқа дәндік жүгері егілді. Жалпы жаздық дақылдар 314,2 мың гектарға егіліп, көктемгі дала жұмыстары жалғасып жатыр»,- деді Нұржан Мұқашев.
Жамбылда жалпы егіс науқаны наурыз айының аяғында басталған. Басқарма өкілінің сөзінше, жауын-шашынның толастамауы егін өніміне әсері жоқ. Бірақ, жаздық дақылдардың пісуі ұзаққа созылады.
«Жауын-шашынның егіс өнімділігіне әсері жоқ. Бірақ ерте пісетін жаздық дақылдардың өнімі былтырғы жылға қарағанда кештеу шығады деген болжам бар. Яғни маусым айында емес тамыз айынан бастап ерте пісетін басты пияз дақылы жиналады»,- деді басқарма басшысының міндетін атқарушы.
Жауаптылар мәлімдегендей, биыл егіс науқанына қажетті 44,8 мың тонна тұқым 100 пайыз дайындалған. Қыр басындағы майданға 7 506 дана ауыл шаруашылығы техникалары қатысуда.
«Дала жұмыстарына ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тарапынан 10,8 мың тонна дизель отынына өтінім түсіп, бөлінді. Дизель отынын тарату үшін 7 өңірлік таратушы операторлар айқындалып, тарату бағасы 1 литріне 250 теңге мөлшерінде қалыптасты. Қазіргі таңда 7,7 мың тонна дизель отынына операторлар тарапынан қаражат төленсе, оның 6,7 мың тоннасы облысқа жеткізіліп, 4,6 мың тоннасы таратылды»,- деді басқарма өкілі.
Сонымен қатар, 332,4 мың гектар алқапқа 53,3 мың тонна минералды тыңайтқыш ендіру жоспарланған.
«Бүгінгі күні 28,2 мың тонна минералды тыңайтқыш 113,0 мың гектарға енгізіліп, жоспардың орындалуы 53,0% құрады. Көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру мақсатында «Кең дала» бағдарламасы арқылы 2,5 млрд. теңге қаржы қарастырылған. Бүгінгі күні 102 агроқұрылым тарапынан 1,5 млрд. теңгеге өтінім түсіп, 1 195,6 млн. теңгеге 79 өтінімге қаражат төленді»,- деп сөзін қорытындылады ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржан Мұқашев.