жұма, 27 желтоқсан, 2024 9:31

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жайлы жатақхана – жастардың игілігіне

Жайлы жатақхана – жастардың игілігіне
ашық дереккөзі
Жайлы жатақхана – жастардың игілігіне

Өскелең ұрпаққа берілер сапалы білім, ұлағатты өнеге болашақтың баянды бақытына бастар жол екені айтпаса да белгілі. Осындай ізгі мұратты көздеген облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің жанындағы медресе колледж статусын алғанын, заманауи бағытта білім беруді бастағанын қуана жариялаған едік. Міне, енді сол медресе-колледждің жанынан жаңа жатақхана да салынды.

«Һибатулла Тарази» медресе-колледжінің жатақханасының өзге студенттер үйінен ерекшелігі – тек студенттер ғана емес, ауылы алыс ұстаздарға да пана болатындығында. Анығырақ айтсақ, мұнда өз үйі алыста орналасқан, бала оқыту үшін келген ұстаздарға арналған қос пәтер бар. Сонымен қатар, жатақханада 3 ұстаздар бөлмесі де қамтылған. Сірә, бұл жас өрендер дәрістен тыс уақытта да ұстаздардың бақылауында болсын, тәлім тек сабақпен шектелмесін деген ниеттен болса керек-ті. Негізі 100-ден аса орынды қамтуға мүмкіндігі бар жатақханада қазір студенттерге арналған 72 орын дайын. 2 қабатты ғимаратта 12 жатын бөлме, 4 сынып бар. Бұл сыныптарда балалар сабаққа дайындалып, қосымша дәріспен шұғылдана алады. Ізденушілердің игілігі үшін кітапхана мен асхана да қажетінше жабдықталған. Гигиеналық бөлмелермен қатар, монша, меймандар үшін үлкен күту залы да бар. Медресе-колледждің директоры Қанат Жұмағұлдың айтуынша, жатақхана құрылысы 2 жыл бойы жүргізіліпті.

– Жатақхана ғимараты кәсіпкерлердің демеушілігімен салынды. Ілім іздеген жастарға жайлы жағдай жасау үшін қолдау көрсеткен демеушілерге шексіз алғысымызды айтамыз. Әсілінде білім алуға ұмтылу – адам баласының игі мақсаттарының бірі. Қасиетті Құранның өзі пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с) келгенде «Оқы!» дегеннен басталады. Өнегелі өмір өрнегін көрсететін сол қасиетті кітапта оқу, ілім іздеп, білім алу туралы көп айтылған. Себебі, адам білім арқылы өзін жаратқан Раббысын танып, қалай салиқалы ғұмыр кешіп, түбінде қайда баратынын таниды. Және өзіміз үйренген білімімізді басқаларға үйрету де ғибрат. Бұл дүниеде алған біліміміз, оны неге жұмсағанымыз үшін де сұраламыз. Жас жеткіншектердің білім алуына қолайлы мүмкіндіктерді қамтуға қолдау көрсеткен демеушілердің бұл ісі де қайырымды, сауапты, – дейді Қанат Жұмағұл.

Жастардың тұлға болып қалыптасуы үшін білім алумен қатар саламатты өмір салтын сақтап, жан мен бірге тәнді де шынықтырып, ширығып өскені абзал. Бұл жағы да ұмыт қалмай, жатақхананың ауласынан спорт зал да салынып жатыр екен. Ол қыстық жаттығуға арналса, аулада жаздық спорттық алаңша да жасалуда.

  Қамар Қарасаева
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар