жексенбі, 24 қараша, 2024 23:23

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жел электр стансасының Жаңатасқа берері мол

Жел электр стансасының Жаңатасқа берері мол
ашық дереккөзі
Жел электр стансасының Жаңатасқа берері мол
Жаңатас қаласы маңындағы жел электр стансасының құрылысы – Қазақстан мен Қытай мемлекеттері арасындағы ынтымақтастық аясындағы алғашқы маңызды энергетикалық жобалардың бірі. Қуаттылығы 100 мегаватт станса облысқа үлкен әлеуметтік және экономикалық пайда әкеледі деп күтілуде. Онда жыл сайын 350 миллион киловатт/сағат электр энергиясын өндіріп, миллиондаған қазақстандықтардың электр қуатына деген сұранысын қанағаттандырмақ. Бұл – өңірдегі «жасыл экономикадағы» бірегей ауқымды жоба.
Жел электр стансасы жобасының басты құрылтайшыларының бірі – «China Power International Holding Limited» (CPIH) бас компаниясы болып табылады. Оның сенімді серіктесі – «Visor Kazakhstan». Биыл құрылысы толығымен аяқталып, пайдалануға беру жоспарланған жобаның құны 130 миллион долларды құрайды. Жоба аясында қуаты 2,5 мегаватт болатын 40 жел энергетикалық блок пен электр жабдықтарын, сондай-ақ бір станса торабы мен көпфункционалды орталық салу жоспарлануда.
Жоба оңтүстік Қазақстандағы электр энергиясы тапшылығын жойып, инфрақұрылым мен өнеркәсіптік және тау-кен өндіруші кәсіпорындардың инвестициялары мен тиімділігін арттырады. Сондай-ақ облыс экономикасы жобаны салу және пайдалану кезеңі ішінде айтарлықтай жақсаратын болады. Жоба құрылысы кезінде 300-ден астам адам жұмыс атқарды.
«Жаңатас жел электр стансасы» ЖШС-ның басшылығы жергілікті билікпен кооперативтік әлеуметтік жауапкершілікті енгізу жоспарын іске асыру бойынша белсенді түрде келіссөздер жүргізуде. Жобаланған құрылысты салу мен коммерциялық пайдаланудан кейін компания өңірдің инфрақұрылымына, денсаулық сақтау, білім беру салаларына, халықтың әл-ауқатын арттыруға, қоршаған ортаны қорғауға көмек қолын созып келеді.
Өткен жылы шетелдік компания аудандық орталық ауруханаға жедел жәрдем көлігін тарту етті. Мұндай демеушілік биыл да жалғасын табуда. «Жаңатас жел электр стансасы» ЖШС-ның бас директоры Гуо Кин бастаған ұжым, аудандағы көмекке мұқтаж төрт отбасының пәтерлерін күрделі жөндеуден өткізіп, көпбалалы бір отбасы үйінің шатырын жауып берді. Жалпы биыл компанияның демеушілігімен 10 миллион теңгеге бес мүмкіндігі шектеулі азаматтың пәтерін қысқа дайындап, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар коронавирус індетінің алдын алу, науқастарға көмектесу мақсатында да аудан тұрғындарына қайырымдылық іс-шаралары ұйымдастырылып, олардың алғысын алды.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығы мерекесі қарсаңында Жаңатас қаласының орталығындағы мешіт алдындағы «Ынтымақ» аллеясын ұлғайтып, көркейтуді қолға алды. Бұл тірлікке 19 миллион теңге қарастырылған. Көпшілік серуендейтін орынға 5000 шаршы метр жасанды жасыл шөп, 600 шаршы метр жүргіншілер жолы, 27 жарықшам, 25 орындық, 25 қоқыс жәшігі орнатылып, 60 түп тал-дарақ егілу жоспарлануда.
Осылайша өңірге көмек қолын үздіксіз созып келе жатқан отандық «Қазфосфат» ЖШС «Қаратау» тау-кен өңдеу кешеніне ауданға келіп, ауқымды жобаларды жүзеге асыру жолында қарқынды еңбек етіп жатқан шетелдік компаниялар да қосылды. Сәтін салса шалғай өңірдің экономикасының қарыштап дамуымен халықтың әлеуметтік жағдайы да жақсара түседі. Аудан орталығының базары қайнап, ажары артса, ауылдағы ағайынның да айы оңынан туады. Журналистік сапармен Сарысуға жол түскен сайын «Жаңатастың жарқын күндері алда» деуші едік. Сол күн келді…
Амангелді Әбіл
Сарысу ауданы.
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар