Жуалыда көктемгі дала жұмыстары қалай жүріп жатыр
- авторБақытжан Бекболат
- Бүгін, 21:17
- 32
Асан қайғы тамсанған бұл өңірде ауыл шаруашылығы жерлерінің жалпы аумағы – 216 306 гектарды құрайды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Оның ішінде 95 435 гектары егістік, 8 460 гектары суармалы жер. Сондай-ақ 2 046 гектар шабындық, 109 439 гектар жайылым, 265 гектар көпжылдық екпелер және 2 128 гектар өзге жерлер бар.
Бұл туралы аудан әкімдігіне қарасты ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаев мәлімдеді. Оның айтуынша, 2026 жылғы көктемгі дала жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіліп, саланы дамытуға бағытталған нақты шаралар қолға алынған.
– 2026 жылдың өнімі үшін ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру көлемі – 55 635 гектарды құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 583 гектарға артық. Егіс құрылымында негізгі үлесті арпа алады, оның көлемі – 28 290 гектар. Ал 18 100 гектарға мақсары егілсе, дәндік жүгері көлемі 710 гектарға жетті. Сонымен қатар күнбағыс 400 гектарға, сүрлемдік жүгері 710 гектарға орналастырылды.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында картоп 2 600 гектарға, көкөніс 710 гектарға, бақша дақылдары 15 гектарға егілді. Биыл алғаш рет 100 гектар алқапқа қант қызылшасы себілмек. Ал көпжылдық шөптер 4 500 гектарға егіліп, мал азығы қорын нығайту көзделіп отыр, – деді Ержан Байұзақұлы.
Сонымен қатар 2025 жылдың күзінде 11 223 гектарға күздік бидай себілген. Қазіргі таңда ол дақылдар жақсы қыстап шығып, көктемгі күтім жұмыстары жүргізілуде. Бастысы, көктемгі дала жұмыстарының барысы тұрақты бақылауда. Жер жырту жұмыстары жоспарланған 23 708 гектар бойынша толық орындалған. Дайындалған жер көлемі – 54 270 гектарға жетіп, 96,5 пайызды құраған. Жаздық масақты дақылдар толық себіліп, 28 090 гектар игерілген. Майлы дақылдар бойынша жоспардың 85 пайызы орындалса, көпжылдық шөптерді егу 95,8 пайызға жеткен.
Көктемгі науқанды сапалы өткізу үшін жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше мән берілген. Биыл бұл мақсатқа 2 279 тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінген. Оның жеткізушісі ретінде «Ақ Қайың» серіктестігі бекітілген. Наурыз айына қарастырылған 650 тоннаның 595,5 тоннасы жеткізіліп, оның 360 тоннасы 266 шаруашылыққа таратылған. Қалған бөлігі сәуір айында игерілуде.
– Минералды тыңайтқыштарды қолдану көлемі де артып отыр. 2026 жылға жоспарланған көрсеткіш 16 792,5 тоннаны құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Мамандардың айтуынша, тыңайтқыштарды тиімді пайдалану өнімділікті арттырып, топырақ құнарлылығын сақтауға мүмкіндік береді, – деді Е.Серкебаев.
Сондай-ақ су үнемдеу технологияларын енгізу бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы мұндай технологиялар 2 430 гектар алқапқа қолданылса, биыл бұл көрсеткішті 3 700 гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда бірқатар ауылдық округтерде тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелері орнатылуда.
Атап айтқанда, Көкбастау мен Қызыларық ауылдық округтеріндегі шаруашылықтар заманауи суару тәсілдерін енгізген. Ал жыл соңына дейін Қарасаз, Көкбастау және Ақтөбе ауылдық округтерінде қосымша су үнемдеу қондырғыларын орнату көзделіп отыр.
– Инженерлік инфрақұрылымды дамыту мақсатында суару жүйелерін жаңғырту жұмыстары да қолға алынған. Бірқатар ірі каналдарды жөндеу жобалары әзірленіп, оң қорытынды алған. Олардың қатарында «Көксай №10», «Көксай №2», «Теке қамал», «Көксай №11» және «ГосФонд» каналдары бар. Бұл жобалар іске асқан жағдайда жүздеген гектар суармалы жер айналымға қосылады. Қазіргі таңда тиісті келісімшарттар жасалу үстінде. Сонымен қатар «Көксай №4», «Ақсай №1» және «Ақсай №2» каналдары бойынша жобалық құжаттар әзірленіп жатыр, – деді ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы.






