Тараз сервис және технология колледжінде ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына орай «Жамбыл Жабаев – жүз жасаған бәйтерек» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Шараның негізгі мақсаты – жыр алыбының өмірі мен шығармашылығын жас ұрпаққа кеңінен таныстырып, ұлттық әдеби мұраға деген қызығушылықты арттыру.
Кеш аясында «Жамбылдың жыр керуені» атты көшпелі кітап көрмесі ұсынылды. Көрмеде ақынның өмір жолы, шығармашылық мұрасы мен тарихи тұлғасы кеңінен таныстырылып, елдік пен ерлікке үндейтін өлеңдері оқылды.
Сонымен қатар, шара барысында Жамбыл Жабаевтың қазақ әдебиетіндегі орны мен оның рухани мұрасының маңызы жан-жақты насихатталды. Қатысушылар ақын шығармаларынан үзінділер тыңдап, оның поэзиясындағы ұлттық рух пен адамгершілік құндылықтарға ерекше назар аударды.
Кітап көрмесінде ақынның ел бірлігі, батырлық, отансүйгіштік пен адамгершілік тақырыптарын арқау еткен шығармалар жинақтары, сондай-ақ оның өмірі мен өнер жолын қамтитын еңбектер қойылды. Бұл көрме қатысушыларға мазмұнды ақпарат беріп, рухани таным көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік жасады.






