«Зорлық-зомбылықсыз 16 күн». Таразда облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 28 қараша, 2024
- 623
«Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» Республикалық акциясы аясында Жамбыл облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығында «Отбасылық тәрбие: психология мен әлеуметтанудағы қазіргі тенденциялар» тақырыбында мектеп психологтары мен әлеуметтік педагогтеріне арналған облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жиында білім басқармасы басшысының орынбасары Әзімбай Әлішер Әзімбайұлы конференция тақырыбына сәйкес, мектеп қабырғасында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, психологтар мен мен әлеуметік педагогтердің біліктілігін жетілдіру әрдайым күн тәртібінен түспейтінін айтты.
- Бүгінгі таңда, Жамбыл облысы әкімінің қаулысымен «Облыстық психологиялық қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Мекеменің негізгі мақсаты: Жамбыл облысындағы білім алушылардың, тәрбиеленушілердің, педагогтардың, ата-аналардың психологиялық әл-ауқатын сақтауға және нығайтуға бағытталған психологиялық қызметтің бірыңғай жүйесін құру. Орталықтың мамандары педагог-психологтардың біліктілігін арттыру және әдістемелік көмек көрсету мақсатында жылдық жоспарына сәйкес 2 ай ішінде 10 онлайн іс-шара өткізіп әр онлайн семинарға 400-ге жуық педагог-психологтар және психолог әдіскерлер қатысуда. Сонымен қатар, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершіліктерін арттыру мақсатында «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігімен бірлескен «Баланың бас ұстазы - ата-ана» тақырыбында тренинг жұмыстарын ұйымдастырып, 100-ге жуық ата-анаға қажетті мағлұматтарымен бөлісті. Семинар-тренингтерде «Буллинг пен кибербуллингтің алдын алу», «Бала агрессиясы», «Жыныстық тиіспеушіліктің алдын алу» мәселелері талқыланды. Яғни, ата–аналармен бірлесе отырып, баланың жанымен жүрегіне жылулық ұялатуға, танымдық күшін қалыптастыруға білімін тереңдетуге жағдай жасау керек. Өзінің бойындағы күш жігерін, сенімін нығайту, өмірге қызығушылығын, жеке тұлға ретінде қалыптастыру да біздің басты мақсатымыз болуы шарт,- деді Әлішер Әзімбай.
Сонымен қатар, орталық ағымдағы жылдың қазан айынан бастап 500-ге жуық педагог-психолог, ата-аналар үшін консультациялық жұмыстар жүргізіп, 72 мектептің психологиялық қызметінің жұмысына жеке әдістемелік көмек көрсеткен. Бұдан бөлек, басқа да жобалар облыс көлемінде іске асып жатыр.
- «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» шеңберінде облыс бойынша жалпы білім беретін 447 мектепте білім беру ұйымдарында ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершіліктерін артыруға бағытталған 9247 сабақтар өткізілді. Үстіміздегі жылдың қазан-қараша айларында облыс көлемінде «Кел, дос болайық!» акциясы «Шынайы достық - бақыт бастауы», «Буллингті бірге тоқтатайық!» айдарымен өткізіліп, барлық елді мекендеріне сенім телефондары көрсетілген билбродтар орнатылды. Акция шеңберінде облыстағы білім бөлімдері мен білім мекемелерінде 3600 іс-шара өткізілді,- деді басқарма басшысының орынбасары.
Бұдан соң, «TALDAU» социологиялық және маркетингтік зерттеулер орталығының төрағасы Бақыт Әлмұратов әлеуметтік талдаулар нәтижесін айтты. Сауалнамада 800-ге жуық ата-анаға «мектепте жүргізілген тәрбие жұмысына көңіліңіз тола ма ?» деген сұрақ қойылған. Нәтиже әркелкі.
- Ата-аналардың 77,7 пайызы «көңіліміз толады» десе, 14,6 пайызы «көңіліміз толмайды деген. Бұл кісілер мектеппен тығыз байланыс орнатпаған деген сөз. Ал, балаларының тәрбиесі жөнінде сұрасақ, «азаннан кешке дейін жұмыстамыз. Қолымыз тимейді» деген жауап аламыз. Тағы бір қызық жағдай, «балалар мұғалімдердің кемшіліктерін сізге айтады ма ?» деген сауалдың жауабында біздің мектепте жүрген оқушылардың 70,4 пайызы кемшіліктерін айтатын болып шықты. Сол кемшілікті тыңдап отырған ата-ананың өзіне сын,- деді Бақыт Әлмұратов.
Конференцияда облыстық ата-аналар қауымдастығының төрағасы Ринат Нұрақбаев отбасы тәрбиесі - жалпыға ортақ мәселе екендігін атап көрсете отырып, осы мәселеге байланысты түйінді ойларымен бөлісті. Сондай-ақ «Қазақстандық татар және башқұрт конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігі Жамбыл облысы бойынша филиалының төрайымы Фарида Нақыш Республикалық Аналар кеңесінің «Салауатты сана» жобасы аясында «бес кеселмен» күрес жүргізуде жасалып жатқан жұмыстар жөнінде айтты.
Айта кетейік, облыстық конференция ертең де жалғасады.