16 миллион қазақстандықтың деректерінің таралу оқиғасына қатысты тергеу жүргізілуде
- авторАрайлы Жақсылық
- 30 шілде, 2025
- 561
Анықталғандай, қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің «Ақпаратқа заңсыз қол жеткізу», яғни 208 баптың 2 бөлігі бойынша тіркелген. Бұл бап ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілеріне қатысты. Аталған құқықбұзушылық үшін ең жоғарғы екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Бұған дейін, 16 маусымда, Кибершабуылдарды талдау және зерттеу орталығы 16 миллионнан астам адамның деректері ашық таралып кеткенін растады. Аталған деректердің ішінде азаматтардың толық аты-жөні, ЖСН, туған күндері, мекенжайлары мен телефон нөмірлері (мобильді, үй және жұмыс) бар.
Алғашқыда тергеу Қылмыстық кодекстің 147-бабы «Жеке өмірге қол сұғылмаушылықты және жеке деректерді қорғау туралы заңнаманы бұзу» бойынша басталған еді. Кейін іс Ішкі істер министрлігіне, одан соң Ұлттық қауіпсіздік комитетіне тапсырылды.
Таралған ақпараттар 2024 жылғы 1 мамырға дейінгі өзектілігі бар деректерді қамтиды. Цифрлық даму министрлігі ішкі қызметтік тексеріс басталғанын мәлімдеді. Әділет вице-министрінің айтуынша, егер деректер желіге тарап кетсе жеке куәлік пен ЖСН-ді қайта рәсімдеу де алаяқтықтан толықтай қорғай алмайды.
Бұған дейін Премьер-министр дереккөз медициналық мекемелер болуы мүмкін екенін айтқан. Алайда, ІІМ тарапы әзірге бұл нұсқаны ресми түрде растамады.
Тергеу амалдары жалғасуда.





