2025 жылдың сәуіріне дейін Арал теңізіне тағы 1,6 млрд текше метр су жіберіледі
- авторСадуақас Айсұлу
- 26 қараша, 2024
- 314
Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлімдеді, деп хабарлады Jambylinfo.kz
«Жыл басынан бері Солтүстік Аралға шамамен 2 млрд текше метр су жіберілді. Бүгінгі таңда теңіздегі судың жалпы көлемі 22 млрд текше метрге жетті. Су дипломатиясы мен Орталық Азиядағы әріптестерімізбен тығыз жұмыстан бөлек, теңізді толтыруда су үнемдеу технологияларын енгізу де маңызды рөл атқарады. Жаңа технологияларды енгізудің нәтижесінде биыл Қызылорда облысының шаруалары 200 млн текше метрге жуық су үнемдеді. Бұл су Солтүстік Аралға жіберілді. Мәселе өте маңызды, біз оны жан-жақты қарастырып, үнемі бақылауда ұстаймыз», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Айта кетейік, Түркіменстанда өткен көрші елдермен келіссөздер кезінде 1-сәуірге дейін Шардара су қоймасына 11 млрд текше метр су жіберу туралы шешім қабылданды. Бұл еліміздің оңтүстік аймақтарына 2025 жылғы суару маусымы үшін қажетті су көлемін жинауға мүмкіндік береді.