сәрсенбі, 27 қараша, 2024 3:20

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

21 тамыздан бастап Отбасы банкінде депозитті сату қолжетімсіз болады

21 тамыздан бастап Отбасы банкінде депозитті сату қолжетімсіз болады
ашық дереккөзі
21 тамыздан бастап Отбасы банкінде депозитті сату қолжетімсіз болады
2023 жылдың 21 тамызынан бастап Отбасы банкінде («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) депозитті ақылы түрде табыстау (депозитті сату) қолжетімсіз болады. Онлайн табыстау – бұл депозиттердің онлайн дүкені іспеттес. Онда клиенттердің бірі салымдарын сата алса, екіншілері жинақтау жолын жылдамдатып, заемды тезірек алу үшін Отбасы банкінен шот сатып ала алады. Өткен жылдың алғашқы жартысында бұл мүмкіндікті 1647 адам пайдаланған. Биылғы жылдың дәл осы кезеңінде депозиттерді сатып алып, заем рәсімдеген бірегей клиенттердің саны екі есе азайып, 973 адамды құраған. Ал бірінші жартыжылдықта Отбасы банк 28 800 кредит берген. Бұл банк клиенттері жинақтау мәдениетін ұстана отырып, болашақта тұрғын үй сатып алу үшін өздері депозит ашып, сонда қаражат жинауды жөн санайтынын көрсетеді. Тек биылғы жылдың басынан бері 273 465 қазақстандық жаңа жинақ шотын ашты. Отбасы банкінде депозитке ақша жинап жүрген қазақстандықтар еліміздегі ең төменгі мөлшерлемемен – 2%-дан 14,4%-ға дейін (ЖТСМ 2%-дан бастап) кредит ала алады. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі осындай қолжетімді мөлшерлеме бойынша несие алуға мүмкіндік береді. Оның негізгі қағидасы – жинақ пен кредит беру балансы. Яғни, клиенттердің бірі қаражат жинақтап жатқан уақытта, өзгелері заем алады. Бұл жүйенің тұрақты болуын қамтамасыз етіп, ең құнтты салымшыларға төмен мөлшерлемемен кредит алуға мүмкіндік береді. Яғни, Отбасы банк клиенттерінің кем дегенде үш жыл бойы және мақсатты түрде жинаған жинақтары төменгі мөлшерлемемен кредит алуға кепілдік береді. Сондай-ақ қазақстандықтар депозиттеріне ай сайын жарна аудару арқылы жинақтау кезеңінде өздерінің кредитті қаншалықты еңсере алатынына байсалды түрде баға беріп, қаржылық мүмкіндіктерін таразылай алады. Мысалы, клиенттер бірнеше жыл бойы отбасылық бюджетке ауыр салмақ түсірмей, ай сайын қанша қаржы қайтара алатынын нақты анықтайды. Сондықтан Отбасы банк клиенттерінің дені қазірдің өзінде кредит алуға саналы түрде келеді әрі ұзақмерзімді қарызды қайтару оларға еңсере алмайтын ауыртпалығын түсірмейді. Бұған 90 күннен артық кешіктірілген кредиттер (NPL) үлесінің көрсеткіші дәлел. Қазіргі уақытта Отбасы банкінің NPL көрсеткіші – 0,08% тең. Бұл екінші деңгейлі банктердің арасындағы кешіктірілген қарыздардың ең төменгі деңгейі. Сондай-ақ, жинақтау мәдениетін арттыру аясында биылдан бастап Отбасы банк аралық заемдар бойынша сараланған несие мөлшерлемелерін қолдана бастады. Бұрын аралық заемды баспана құнының 50 пайызын жинақтамай, оны шотқа бірден аударып алуға болатын. Енді мұндай кредитті бағалау көрсеткіші (БК) 2,5 мәніне жеткен жағдайда ғана алуға болады. Отбасы банкінде депозиттерді туысқандарға табыстау қызметі сақталып қалады. Оны тек банк бөлімшелерінде ғана емес, «Otbasy bank» мобильді қосымшасында онлайн режимінде де жасауға болады. Қызмет 5-10 минут уақытты алады. Аталмыш қызметті туысқандардың келесі санаттары пайдалана алады: әйелі-күйеуі, ата-анасы, балалары, асырап алушылар, асырап алынғандар, бір ата-анадан немесе әртүрлі ата-анадан туған аға-інілері мен апа-сіңлілері, атасы, әжесі, немерелері, ата-анасының бір ата-анадан немесе әртүрлі ата-анадан туған аға-інілері мен апа-сіңлілері, немере ағалары және ата-әжелері, немере ағалар, апалар мен нағашылар, немере ағалар және жиендер. Бұл ретте, «Otbasy bank» мобильді қосымшасында онлайн режимінде депозитті тек тікелей туыстарға – жұбайы, ата-анасы, балалары, асырап алушылары (асырап алынғандар), туған аға-інілері мен апа-сіңлілері арасында ғана табыстауға болады. Бір жақсысы, банк бөлімшелерінде туыстық қатынасы жоқ, бірақ ортақ туыстары бар адамдар арасында депозиттерді табыстауға болады. Мысалы, салымшы бір мәміле аясында жарының ағасына өз депозитін табыстай алады. Ол үшін неке (ерлі-зайыптылық туралы куәлік) және туыстық қатынасты растайтын құжаттар (туу туралы куәліктер, тегі мен әкесінің атының толық сәйкес келуі кезінде тегінің өзгергенін растайтын құжат – операция жеке басын куәландыратын құжат негізінде жасалады) қажет. Бұл қызмет аралық буын арқылы табыстау деп аталады. «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» АҚ — еліміздегі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асыратын бірден-бір банк. Ұйым Еуропалық құрылыс жинақ кассалары федерациясына (ЕҚЖКФ) және Халықаралық тұрғын үйді қаржыландыру одағына кіреді. Банкінің жалғыз акционері – «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ. Дереккөз: Отбасы банк
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар