жұма, 11 шілде, 2025 22:48

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ақсақал сөзі – елдің өзегі: Жамбылдағы ҚХА ақсақалдар кеңесінің тұрақтылық пен тәрбие жолындағы тағылымды қызметі

Ақсақал сөзі – елдің өзегі: Жамбылдағы ҚХА ақсақалдар кеңесінің тұрақтылық пен тәрбие жолындағы тағылымды қызметі
ашық дереккөз
Қоғамда бейбіт өмір мен тұрақтылықты сақтау – мемлекет дамуының басты шарттарының бірі. Ұлттық бірегейлік пен қоғамдық келісімді нығайту – бұл жай ғана ұран емес, ел болашағы үшін стратегиялық маңызды бағыт.

Осы ұлы миссияны күнделікті өмірде жүзеге асырып жүрген құрылымдардың алдыңғы қатарында – Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ақсақалдар кеңестері. Жамбыл облысында бұл кеңес ел ішінде бірлік пен береке дәнін сеуіп, ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосып келеді.

Ақсақал – рухани тірек, ұлттық тәрбиеші

Қазақ қоғамында ақсақал – жай ғана жасы үлкен адам емес. Ол – халықтың рухани ұстазы, елдік сөздің иесі, әділ төреліктің жаршысы. Бүгінде Жамбыл облыстық ҚХА жанындағы ақсақалдар кеңесі 221 мүшені біріктіріп отыр. Оның ішінде облыстық кеңесте – 31, аудандық деңгейде – 64, ал ауылдық округтерде – 126 ақсақал жұмыс істеуде. Кеңестің құрамындағы әрбір азамат – өз ортасының абызы, салмақты сөзімен де, салиқалы ісімен де елге бағыт беріп келеді.

Бірлік пен бейбітшілік – кеңестің басты бағыты

Облыстық кеңестің төрағасы Асқарбек Сейілхановтың айтуынша, бүгінгі таңда ақсақалдардың қоғамдағы рөлі бұрынғыдан да арта түскен.

– Ақсақал – даудың шешені, елдің ақылманы. Біз қазіргі уақытта әсіресе жастармен тығыз жұмыс істеуге баса мән беріп отырмыз. Олармен кездесіп, өмірлік тәжірибемізбен бөлісеміз, қажет жерде бағыт-бағдар көрсетеміз. Біздің басты миссиямыз – ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу, елдік мүддені бәрінен жоғары қоюға үйрету, – дейді ол.

Кеңес 2024 жылдың өзінде облыс, аудан және ауыл деңгейінде 586 іс-шара өткізіп, 28 мыңнан астам адамды қамтыған. Бұл тек статистика емес, өңірлік тұрақтылыққа бағытталған терең әрі жүйелі жұмыстың нәтижесі.

«Достық керуені» – бейбітшілікке бастар жол

Ауқымды жобалардың бірі – «Достық керуені». Бұл бастама аясында Меркі, Шу, Қордай, Байзақ, Сарысу, Жуалы, Т.Рысқұлов, Талас аудандары мен Тараз қаласында көшпелі жиындар ұйымдастырылып, этносаралық қатынастарды нығайту, тілдік кемсітушіліктің алдын алу, жалған ақпаратпен күрес, тұрмыстық дау-дамай мен діни радикализмнің алдын алу бағытында кешенді түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Жиындарға ақсақалдармен бірге медиация орталықтары, аналар кеңесі, жастар ұйымдары, этномәдени бірлестіктердің өкілдері де атсалысып келеді. Бұл – қоғамдағы әр түрлі топтардың өзара түсіністігін арттыратын нақты іс-шаралар үлгісі.

«Адал азамат» – еңбегімен елге үлгі болғандар

Ақсақалдар кеңесінің бастамасымен жүзеге асқан «Адал азамат» жобасы – ел ішіндегі еңбекқор, өнегелі жандарды дәріптеп, жастарға үлгі ретінде ұсынуға бағытталған бірегей платформа. 2024 жылы бұл жоба аясында 10 ауданда түрлі салада тер төгіп жүрген адал азаматтар марапатталып, олардың өмір жолы бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде кеңінен насихатталды.

Сондай-ақ, жоба аясында қазақ тілін үйретуге арналған үйірмелер мен интерактивті алаңдар ашылып, мемлекеттік тіл мәртебесін арттыруға бағытталған нақты жұмыстар қолға алынған. Этнос жастары үшін қазақ тілінде сөйлеу клубтары ұйымдастырылып, олардың тілге деген құрметі мен қызығушылығы арта түскен.

Жастармен жұмыс – күн тәртібіндегі басты мәселе

Кеңестің тағы бір маңызды бағыты – жас ұрпақпен рухани және тәрбиелік бағытта жұмыс жүргізу. «Даналық мектебі» клубының аясында «Аталы сөз», «Әке – бала өмірінің шамшырағы», «Ардагерлеріміз – ардақтыларымыз» сынды кездесулер мен «дөңгелек үстел» отырыстары өткізілуде. Бұл жиындарда өмірлік тәжірибе мен ұлттық тәлім-тәрбие, ата-баба аманатын сақтау сынды тақырыптар қозғалады.

«Біртұтас тәрбие» жобасы аясында облыс әкімдігінің білім басқармасымен бірлескен жұмыстар жүргізіліп, ата-аналармен кездесу ұйымдастырылып, бала тәрбиесіндегі отбасының маңыздылығы түсіндірілуде.

«КӘСІПday»: Жастарды кәсіпке баулу

2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында кеңес мүшелері «КӘСІПday» жобасын қолға алған. Жоба мақсаты – этнос жастарын адал еңбекке баулып, кәсіптік бағдар беру арқылы ел экономикасына үлес қосатын жаңа буын дайындау. Жоба шеңберінде түрлі өндіріс орындарына экскурсиялар, шеберлік сағаттары мен тренингтер ұйымдастырылуда.

Алдын алу – тұрақтылықтың тірегі

Ақсақалдар кеңесінің тағы бір аса маңызды қызметі – қоғамдық резонанс тудыруы мүмкін мәселелер бойынша алдын алу жұмыстары. Мәселен, Қордай ауданына қарасты Қаракемер, Сортөбе, Масаншы ауылдарында өткен жиындарда қазақ тілінде оқытылатын сыныптар ашу, әскери қызметке бару, қоғамдық толқу тудырған жайттардың себеп-салдарын түсіндіру бойынша нақты ұсыныстар берілді. Кеңес бұл ұсыныстардың орындалуын да қадағалап отыр.

Жамбыл, Байзақ, Жуалы, Т.Рысқұлов, Қордай аудандарында ауыл тұрғындарының әлеуметтік мәселелері де назардан тыс қалмайды. Ақсақалдар жиын барысында тұрғындардың талап-тілегін тыңдап, оларды тиісті мемлекеттік органдарға жеткізіп, арадағы алтын көпір қызметін атқаруда.

Ұрпақтар сабақтастығы – қоғамның рухани иммунитеті

Кеңес төрағасы Асқарбек Сейілхановтың сөзімен айтқанда:

– Елдің тыныштығы мен бірлігі – ең үлкен байлығымыз. Ақсақалдар кеңесінің әр мүшесі осы жауапкершілікті терең сезінеді. Әрбір айтылған ақыл, әр берілген бата – ұрпаққа бағытталған шамшырақ. Ұрпақтар сабақтастығы – біздің қоғамның рухани иммунитеті. Біз осы сабақтастықты сақтап, болашаққа даналықтың жолын көрсетуден танбаймыз.

Қорытынды

Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда, рухани тұрақтылық пен ұлтаралық келісімнің маңызы бұрынғыдан да артып отыр. Осындай сындарлы кезеңде ақсақалдар кеңесі – сабырдың, даналықтың, парасаттың тірегі ретінде қоғамның береке-бірлігіне қызмет етіп келеді. Олар – үнсіз күрестің сарбаздары, ұлттық болмыстың сақшылары. Жамбыл облысындағы ҚХА жанындағы ақсақалдар кеңесінің тәжірибесі – еліміздің басқа өңірлеріне де үлгі боларлық тағылым мектебі.

Арайлы Жақсылық
Автор

Арайлы Жақсылық

Арайлы Жақсылық

Ұқсас жаңалықтар