АҚШ-та аптап ыстықтан 76 адам қайтыс болды
АҚШ-тың солтүстік-батысында өткен аптадан басталған аптап ыстықтан ондаған адам қайтыс болып, тұрғындардың жедел жәрдем қызметіне жүгінуі көбейді.
Ресми дерекке қарағанда күннің қатты ысуынан Орегон штатында 63 адам қайтыс болса, Вашингтонда 13 тұрғын көз жұмған. Қос штаттың кей қалаларында соңғы күндері ауа температурасы 46 градусқа дейін жеткен. Билік мұндай ыстық 1940 жылдан бері болмағанын айтады. Ауа райын болжаушылар аномальды ауа райы апта соңына дейін жалғасуы мүмкін деп отыр.
Стив Митчелл, жедел жәрдем қызметкері:
- Соңғы күндері аптап ыстықтан денсаулығы нашарлап, ауруханаларға жеткізілген тұрғындар саны күрт артты. Вашингтон штатының барлық ауданында осындай ахуал қалыптасып отыр. Бұл аймақта өте сирек кездесетін жағдай.
Ал осы елдің Калифорния мен Орегон штатында аптап ыстықтан орман өрті жиіледі. Апта басынан бірнеше ірі өрт ошағы тіркеліп, лаулаған жалын 120 шаршы шақырым жерге таралып үлгерген. Тілсіз жаумен 1300 өрт сөндіруші күресіп жатыр. Кей елді мекендерде тұрғындарды эвакуациялау туралы шешім қабылданды.
Аптап ыстықтан Канаданың батысында да орман өртке оранды. Жалын Литтон қалашығына жетіп, тұрғындар шұғыл эвакуацияланды. Британ Колумбиясында орналасқан шаһарда соңғы үш күн бойы сынап бағанасы 49 градустан түспей тұр. Жалпы осы провинцияда аномальды ауа райынан өткен аптадан бері 400-ден аса адам қайтыс болған. Билік мұндай ауа райы өткен ғасырдың 30-жылдарынан бері болмағанын айтады.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала