АҚШ-тың бұрынғы елшісі Шығыс Қазақстанның сұлулығына тәнті болды
- авторjambylinfo.kz
- 28 ақпан, 2025
- 354

Шығыс Қазақстан экотуризмді сүйетіндер үшін тартымды аймаққа айналуы мүмкін, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұл туралы АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі Дэниэл Розенблюм «Born Bold. Travel Boldcast» подкасты барысында мәлімдеді. Ол отбасымен жасаған сапары туралы айтып, өңірдің ерекше табиғатына таңданғанын жеткізді.
Дипломат Қазақстанда экотуризмнен бастап, кеңестік мұра мен «қараңғы туризмге» дейінгі бағыттардың әлеуеті зор екенін атап өтті. Әсіресе, Шығыс Қазақстан оған ерекше әсер қалдырған.
«Қазақстанның табиғаты керемет! Алматы облысы, Жетісу, Шығыс Қазақстан – бәрі ғажап. Біз өткен жазда отбасымызбен Өскемен мен Катонқарағайға саяхаттадық. Бұқтырма су қоймасының жағасында тұрдық. Бұл жер жаяу серуендеуге, қайықпен жүзуге және су спортымен айналысуға таптырмас мекен», – деді ол.
Сұхбат барысында дипломат Семей ядролық полигонына жасаған сапары туралы да бөлісті.
«Мен ол жерде болдым, бірақ кіру үшін арнайы рұқсат қажет. Бұл орын туристік бағыт ретінде толық дамымағанымен, оған деген қызығушылық жоғары. АҚШ-та менің полигонға барғаным туралы естігендер қатты таңғалды», – дейді ол.
Дэниэл Розенблюм кеңестік дәуірден қалған мәдени мұраларға туристердің ерекше қызығушылық танытатынын атап өтті. Оның айтуынша, Астана мен Алматыдағы тарихи экскурсиялар өткен ғасырдың атмосферасына бойлауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, «Born Bold. Travel Boldcast» – Қазақстандағы туризм туралы алғашқы ағылшын тіліндегі подкаст. Ол елдің дәстүрі, мәдениеті мен туристік әлеуетін шетелдік аудиторияға кеңінен таныстыруды көздейді.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз