Абдолла ханның күміс кіркесі
Жақында ресейлік сайттарда қазақ тарихына қатысты құнды жәдігер жарияланды. Тақырыбы «Абдолла ханның күміс кіркесі» делінген екен. Осы орайда «кірке деген не?» дейтін сұрақ туары анық. Бұл атауды орысша – пайцза, моңғолша – гэрэгэ дейді екен. Ал қазақшасы – кірке.
Ежелгі көк түріктер дәуірін зерттеуші ғалым Қ.Сартқожаның пайымдауынша «кірке» ұғымы көне түркілерден бері келе жатқан ритуал («Таста қалған таңбалар». Алматы. 2017, - 179-б). Түркілер өз елшілеріне немесе ұлыс тірегі шадтар мен бектерге һәм, сондай-ақ орда ісін басқарушы уәзірлерге дәргей-деңгейлеріне қатысты «кірке» (кіреге) тағайындайтын болған.
Бұл тәсілді кейін Шыңғыс қаған құрған Моңғол империясы бұзбай-сызбай мемлекеттік басқару құрылымына енгізген. Айталық, орта ғасырда еуропалықтар тарапынан алғашқы болып Моңғол үстіртіне ат басын тіреп, екі-үш жыл (1248-1252) Қарақорымда тұрып, «История монголов именуемных нами татарами» атты кітап жазған Жиованни дел Плано Карпинидің (1182-1251) еңбегінде, сондай-ақ 1253 жылы Франция королі ІХ Людовиктің тапсырмасымен Моңғол империясының төртінші ханы Мөңкенің ордасында болып «Путешествие в восточные страны» атты кітап жазған Гильом де Рубруктың және 1271 жылы Құбылай ханға барып оның ордасында 17 жыл (1272-1289) қызмет атқарған атақты саяхатшы Марко Полоның жазбаларында «кірке» туралы және оның мемлекет ісін жүйелеудегі міндеті жайлы анық-қанық деректер бар.
Мысалы, Марко Полоның «Книга о разнообразии мира» атты кітабында: «Ұлы хан сенімді нояндарын елшілікке жібергенде, оған сұңқар құстың мүсіні сияқты кірке ұстатады. Бұл белгі елшінің мәртебесі ханмен бірдей дегенді білдіреді» десе, Рубруктың белгілеуінде, «Мангу (Мөнке) жарлық жазып, көлемі алақандай, ұзындығы жарты шынтақ алтын кіркені Маолға ұстатты», деген жолдар кездеседі. Сол сияқты Юань империясы кезінде түменбасы, жүзбасы секілді әскерилердің құқықтық шегін айқындайтын кірке берілетіні жайлы мәлімет бар. Бұл кіркелер нояндардың білім-біліктілігі және ұлысқа сіңірген еңбегіне байланысты: алтын, күміс, қола, мыс, ағаш т.б. заттардан жасалатын болған.
Қысқасы, ерте заманда кірке мемлекеттік қызметті жүйелеудің бірден-бір негізі болғаны анық. Шыңғыс хан негіздеген Ұлы жасада (заңда) кіркелі адамға кедергі келтірген тұлға өлімге бұйырылған. Сол сияқты, соғыс кезінде хабар, жедел хабар жеткізуші атарман-шабармандар кіркемен жүрген. Мысалы, Шыңғыс қағанның Хорезмға жорығы кезінде (1219-1225 ж.ж) үлкен ордадан шыққан кіркелі шабарман бір апта немесе 10 күннің ішінде бес мың шақырым жол басып, Самарқанға жеткені жайлы дерек бар. Яғни кіркелі шабарманды көрген бекет немесе лау иесі оны дереу ат-көлікпен қамдап отырған.
Енді сөз басында айтқан Абдолла ханның (1340-1370) кіркесіне келейік. Тарихқа бұл кісі Өзбек ханның кенже ұлы, кей деректерде немересі деп айтылады. Мамаймен тізе қосып бірге жүрген. 1367-1370 жылдары Мамайдың қолдауымен Алтын Орда тағына отырған. Бірақ бұл адам туралы дерек тым аз. Десек те, түркі-моңғол тарихының білгірі ресейлік тарихшы Роман Почекаевтың «Цари ордынские. Биографии ханов и правителей Золотой Орды» атты еңбегінде біршама мәлімет бар көрінеді. Онда Мамай мен Абдолланың біріккен күшіне сұлтан Мурид (Мұрат) орыс Дмитрий Ивановичпен тізе қосып, төтеп берумен қатар, биліктен ығыстырғаны жайлы айтылады.
Жоғарыда «Абдолла ханның күміс кіркесі» жайлы ақпар жариялаған сайтта бұл жәдігер 1845 жылы Украинаның Никополь қаласы маңынан табылғаны жайлы жазыпты. Бұл бұйым қазір Эрмитаж төрінде тұр екен. Артқы және алдыңғы беттерінде көне ұйғыр-моңғол жазуымен түркі-моңғол тілінде жазылған жазу бар. Оны 1940 жылы атақты лингвист-ғалым Н.Поппе аударған екен. Яғни кіркенің алдыңғы бетінде: «Мәңгі тәңірдің алқауындағы қара халықтың назарына» деп жазылса (түпнұсқада: Мөнке Тенгері-иін күчүн-дүр, Иеке суу зали-іи іргегүн-дұр), артқы бетінде: «Абдолланың жарлығына кім қарсы келсе, оған өлім» (түпнұсқада: Абдулла-ин жарлигі кен үлү, Бішірекү, күмүн алдақұ, үкүкү) деп жазылған көрінеді.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала
Қазақстан экономикасының өсу қарқыны қандай?
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Педагог категориясының өсуі жалақыға қаншалықты әсер етеді?
- авторjambylinfo.kz
- 24 қараша, 2024