сәрсенбі, 22 қаңтар, 2025 11:53

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Адам өміріне қауіпті»: көпқабатты тұрғын үйлердің алдына тас блоктар қою заңды ма?

«Адам өміріне қауіпті»: көпқабатты тұрғын үйлердің алдына тас блоктар қою заңды ма?
Коллаж - Jambylinfo.kz
Қазіргі таңда Тараздағы көпқабатты тұрғын үйлердің алдында тас бөгеттерді қою белең алған

Тұрғындар бұл тастарды аулаға көліктердің кіруін шектеу мақсатында қояды. Алайда бұл тас блоктар көлік қозғалысын бөгеп, жедел жәрдем, өрт сөндіру көліктерінің өтуіне кедергі келтіреді. Өкінішке қарай, қаламызда тас блоктардың кесірінен қайғылы оқиғалардың орын алғаны туралы фактілер де тіркелген. Jambylinfo.kz. тілшісі шағын аудандарды аралап, тұрғындармен тілдесіп, өрт сөндіру мамандарының пікірін тыңдап қайтты. 

Иә, жоғарыда атап өткеніміздей, тас блоктар көліктердің кіруін шектеп, балалар қаіпсіздігін қамтамасмыз етсе, керісінше, жол бойында жатқан бұл тастар жедел жәрдем, өрт сөндіру және полиция көліктерінің қажетті жерге дер кезінде жетуіне үлкен кедергі келтіреді.

Мұндай кедергілер төтенше жағдайлар қызметінің уақытылы әрекет етуіне қиындық туғызып, адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.

Сонымен қатар, бұл  бөгеттер жаяу жүргіншілердің қозғалысына да әсер етеді. Олар жолда жүрудің қауіпсіздігін төмендетіп, балалар, қарттар және мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қауіпті жағдай туғызады. Мұндай жағдайда адамдар жолдың жүріс бөлігімен жүруге мәжбүр болады, бұл апатты жағдайлардың көбеюіне алып келуі ықтимал.

 Осы орайда, Тараз қаласы әкімдігінің "Тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары тұрғындардың өз бетінше аулаға тас бөгеттерін қоя алатынын алға тартты. Олардың айтуынша, тұрғындар ол жердің заңды иесі болғандықтан, тастарды қоя алады.

Ал Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасының бастығының орынбасары азаматтық қорғау подполковнигі Ертай Райымбеков көпқабатты тұрғын үйлердің ауласындағы тас блоктар төтенше жағдайлар кезінде көп кедергісін келтіретінін, тіпті оның салдары қайғылы жайттарға әкелетінін айтады.

"Төтенше жағдай кезінде әр минуттың маңызы зор. Өрт немесе басқа да апатты оқиғалар кезінде жедел қызметтердің жылдам жетуі өте маңызды. Алайда заңсыз орнатылған тас бөгеттер бұл процесті қиындатып, адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. «Өрт қауіпсіздігіне қойылатын жалпы талаптар» техникалық регламентіне сәйкес он метрден жиырма сегіз метрге дейінгі биіктіктегі тұрғын үйлердің бір жағы ашық болуы керек. Ал жиырма сегізден жетпіс метрге дейінгі биіктіктегі ғимараттар үшін екі жақтан да ашық жол болуы тиіс. Бұл талаптар төтенше жағдай қызметтерінің ғимаратқа тез әрі қауіпсіз жетуін қамтамасыз ету үшін бекітілген," – дейді Ертай Құрманбекұлы

Осы мәселеге қатысты қала тұрғындарының пікірін сұрап, ойларын тыңдадық. Біз тас бөгеттерді «Талас» мөлтек ауданынан кездестірдік. Тұрғындар бұл бөгеттердің көліктердің өтуіне кедергі жасайтындығын, бір жағынан қауіпсіздік шарасы ретінде қарастыратындығын жеткізді. Енді бірі бұл бөгеттер балалардың аулада ойнауына мүмкіндік беріп, көлік қозғалысын шектейтіндігін тілге тиек етті.

"Біздің аулада тас блоктар тұр. Мен үшін оның тұрғаны дұрыс. Немерелерімді мен аулаға ойнауға алып шығатын болғандықтан, олардың қауіпсіздігі үшін алаңдаймын," – дейді тұрғын.

Ал енді бірі төтенше жағдай кезінде өз қауіпсіздіктері үшін алаңдайтындықтарын айтады.

"Менің ойымша, мұндай жағдайларда өрт сөндіру көліктері немесе жедел жәрдем көліктері аулаға кіре алмай қалуы мүмкін. Бұл өмір мен өлім мәселесіне айналуы мүмкін жағдай. Егер ауладағы тас блоктар алып тасталса, көліктердің өтетін жолы ашылып, жедел қызметтер қажетті жерге уақытында жетер еді," – деп пікірін білдірді.

Рас, екі тараптың да уәжы орынды. Қайғылы оқиғалардың  алдын алу үшін атқарушы билік балама шешімдер ұсынуы керек деген ой келеді. Мысалы, арнайы шлагбаумдар орнату немесе аулаларға көлік тұрақтарын заңды түрде жабдықтау арқылы тұрғындардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға болады. Бұл қадамдар заңды әрі қауіпсіз шешім болмақ. Біздікі тек ұсыныс. Ал мәселені оңтайлы  шешу – биліктің құзырында.

 

Бақытжан Бекболат 

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар