жексенбі, 22 желтоқсан, 2024 21:53

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Алғыс арқалаған алтын қолды дәрігер

Алғыс арқалаған алтын қолды дәрігер
egemen.kz
«Әулиеата өңірінде қандай белгілі дәрігерлер бар?» дегенде ойға бірінші болып академик, кардиохирург Сейтхан Жошыбаев түседі. Ол біріншіден, өз мамандығын өте сүйетін тәжірибелі, білімді де білікті ғалым-кардиохирург. Екіншіден, оның мемлекетшілдігі, өз Отанына деген сүйіспеншілігі, ұлтжандылығы, ізденімпаздығы кімді болмасын сүйсіндіреді, тіпті тәнті етеді десек, артық айтқанымыз емес.

2007 жылдың соңына қарай Тараз өңірінің медицина саласында есте қаларлықтай тарихи жаңалық болды. Облыс орталығында аймақтық кардиохирургия орталығы ашылды. Оны ұйымдастырған жерлесіміз, ТМД елдеріне есімі етене таныс белгілі кардиохирург-профессор – Сейтхан Жошыбаев.

Шынын айтсақ, елге әуелі Сейтхан Жошыбаевтың атақ-даңқы жетті. Жошыбаев деген кім? Ол – кардиохирург, яғни жүрекке операция жасайтын хирург маман. Бұл жұдырықтай, тынымсыз лүпілдеген мүшеге қандауырдың көмегімен ем- дом жасайтын өте жауапты кәсіп. Жүрек сияқты ең жанды жерді қандауырмен емдеу дегеніңіз – ең епті, ең тәжірибелі, ең білікті деген хирургтердің ғана қолынан келеді.

Ойланып көрсек, кеудеміздегі көлемі жағынан бар болғаны 250- 300 граммдық жұдырықтай нәзік жүрегіміз жай кезде минутына орташа 70 рет соғады екен. Ендеше, ол сағатына – 4200, тәулігіне – 100800, айына – 3 миллион 24 мың, жылына 36 миллион 288 мың рет соғады емес пе? Сонда елу, жетпіс, сексен жасқа келген кісінің жүрегі туғанынан бері қанша рет соғады?! Өзі арқылы қанша қан айдайды? Керемет таңғажайып, таңғаларлық дүние!

Демек, адамзат қиялында жүрекке «әжім» түспейтіндей көрінгенімен, өзіміздің де «жүрек қартаймайды» (көңіл деп те түсініңіз) дегенге құмбыл екенімізді жан дүниемізбен сезінгенімізбен, тонналап жүк түсетінін мойындау керек. Міне, сол қуанса да, қорықса да дүрсілдеп, лүпіл қағып ала жөнелетін «маңдайының» соры бес елі жүрекке түскен зілмауыр салмақтың емін іздегендер басқа жақты қайдам, біздің жақта әуелі «жайлауында малы, жастығында басы қосылған» жанымыздағы көрші қырғыз елінің астанасы – Бішкекке тартатын. Бішкекте олардың кімі бар деп ойлайсыз? Онда қай нағашысы немесе бауыры күтіп отыр? Бірақ, қырғыз барып, бас амандығына сауға, жүрегіне ем-дом алып келген ағайындардың сөзіне құлақ салсақ, «ол жақта өзіміздің қандасымыз Сейтхан бар екен».

Сейтхан Жошыбаев Т.Рысқұлов ауданының Ақыртөбе маңындағы Бірле с ауылында туған. Кеңе с өкіметі заманында қырғыз еліндегі медициналық оқу орнының емдеу факультетін бітірген. Білімге құштар жігіт үш-төрт жыл көрші Талас облысындағы ауруханада оташы болып еңбек еткеннен соң Бішкекке қайт а оралып, белгілі хирург, академик И.Ахунбаев жетекшілік ететін хирургиялық орталыққа аспирантураға түсіп, білім алды, көп ұзамай ғылым кандидаты атанды.

Сейтхан уақытпен санаспай, клиникада мол тәжірибе жинады, білімін тереңдетіп, хирургиялық мамандығын жетілдірді. Дәрігерлік білім, хирургиялық шеберлік тек оқу мен еңбекпен келетінін түсінген ол шаршамай-шалдықпай, ешбір қиындыққа қарамай сонау Мәскеу, Киев, Каунас қалаларындағы кардиохирургиялық орталықтарда болып, атақтарынан ат үркетіндей академиктер В.Бураковский, Г.Цукерман, Ю.Петросян сияқты әлемдік деңгейдегі белгілі кардиохирургтардан көп нәрсені үйреніп, жұдырықтай жүрекке операция жасаудың қыр-сырын табандылықпен меңгерді. Ол мамандықты меңгере жүріп, ғылыми ізденіспен де айналысты. Орта Азия мемлекеттерінің дәрігерлері арасында алғашқылардың бірі болып кардиохирургиядан докторлық диссертация қорғап, профессор, Қырғыз Республикасына еңбегі сіңген дәрігер атанды. Бірақ, Сейтхан қайда жүрсе де қазақ елінің көгергенін, ел-жұртының амандығын тілеумен болды. Ақыры, «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деп өткен жүзжылдықтың 90-шы жылдары Бішкекті Алматыға алмастырып, елге келді.

Алматыдағы А.Сызғанов атындағы Ұлттық Хирургия орталығында еңбек етті, білімді кардиохирургтің даңқы жылдап емес, айлап өсе берді, ел аузынан Секеңнің нағыз білікті, қолы жеңіл кардиохирург екені жиі естіле бастады. Бірақ, өкінішке қарай, жасаған жақсылығы бір басынан аспайтын кейбір іші тар жандар оның аяғына тұсау болып, көзалартушылар пайда болды. Ахуалдың қиындап бара жатқанын сезген Сейтхан аға Алматыда 8 жыл еңбек етіп, Бішкекке қайта оралған.

Қырғыздар да кең халық: «Оу, байке, қызымызды бергенде, қызметімізді бермейміз бе?» деп, Сейтханға тағы да төрін ұсынады. Көп уақыт өтпей Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-зерттеу институты ашылып, оның алғашқы директоры болып профессор Сейтхан Жошыбаев тағайындалды. Мұнда да ол сый-абыройдан кенде болмады, жүрегінде ақауы бар сандаған сырқат жан білгір маман Сейтханды алыс- жақыннан «ат терлетіп» іздеп келе бастады.

Сейтхан олардың сенімін ақтауға ешқашан білімін, күш-қуатын, уақытын, денсаулығын аяған емес. Жүрек пен қолқа тамырларына жасалатын 4-5 сағаттық күрделі отадан кейін, тыным таппай есік алдында күтіп тұратын сандаған сырқатқа кеңес беріп, отадан кейінгі аурулардың жағдайын біліп, оларға қажетті ем-дом тағайындап, науқас наркоздан айыққанша қасынан бір кетпейтін. Кейде күрделі науқасқа көмегі қажет болған жағдайда үйіне қайтпай, клиникада қонып қалатын кездері аз болмайтын. Сенбі, жексенбі күндерді де жұмысында өткізетін. Оның бұл «кәсіптік әдетіне» жұбайы, дәрігер-инфекционист Салқын Сансықызы мен балалары да әбден үйреніп, көнген.

Жүрекке сызат түсірмей емдейтін осы алтын қолды оташы-дәрігер кейіннен туған еліне қайта оралды. Әлбетте, қайын жұрты – қырғыздар сыйдырмағандықтан емес, елге деген сағыныш пен махаббаттан тұратын сезімнің алпыс екі тамырында шамадан тыс соғуынан…

Алматыдағы Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің балалар хирургиясы кафедрасының меңгерушісі, академик Камал Ормантаев: «Ең қиын операция ми мен жүрекке жасалады. Бір жолы Сейтханның жүрекке жасаған операциясына қатысып, оны мидан да күрделі ме деп қалдым. Сөйтіп, Секеңнің шеберлігіне тәнті болдым. Мен талай елдерді аралап, белді медицина орталықтарында болдым. АҚШ-тың кардиохирургиялық орталықтары керемет дамыған. Біздің еліміз де сол алдыңғы қатарлы мемлекеттер қатарынан көрінуге талпынып жатыр. Тараз қаласы да сондай белді кардиохирургиялық орталыққа айналарына сенімім мол. Оған Сейтхан Жошыбаевтың білімі де, қабілеті де жетеді. Тек оның «аяғынан шалатындар» кедергі жасамаса болғаны…», – депті.

Алатаудың баурайындағы Бішкекте Cекеңмен көп жылдар қоян-қолтық қызметтес, сырлас болған айыр қалпақты дәрігер-профессорлар да қырғыз еліндегі жүрекке жасалған күрделі операциялардың 50 пайыздан астамы Сейтханның қолынан өткенін жеткізді. Әзіл-қалжыңға жақын қырғыз ағайындар ретін келтіріп: «Секең Бішкекке Қазақстаннан қайта келгенде қырғыздар құшағын жая қарсы алып, қала ортасынан төрт бөлмелі пәтерін ұсынып, кардиохирургиялық институт ашып берді, еңбегін ескеріп, «Даңқ» орденімен марапаттады. Қырғыз Ұлттық академиясына мүше етті, елінің еңбек сіңірген дәрігері атағын берді, ал енді, құрметті қазақ бауырлар, сендер осы аптал азаматқа қандай сый-сияпат жасасаңыздар да қолдарыңнан қақпаймыз. Енді жездемізді өздеріңізге тапсырдық, туғандар», – деп жергілікті билікке наз айтқан еді.

Туған елі, Әулиеата өңірі Сейтхан ағаны құшақ жая қарсы алды. Оның ойының, алға қойған мақсаттарының орындалуына барлық жағдай жасады. Сөйтіп, аз уақытта маман-дәрігерлер топтастырылып, республикада теңдесі жоқ заманауи орталық ашылып, кардиологиялық ем-шаралар, күрделі кардиохирургиялық оталар жүргізіле бастады. Бүгіндері бұл клиниканың атағы дүйім жұртқа белігілі болып отыр. Тіпті, шетелдік мамандар клиниканың мүмкіншілігін жоғары бағалайды, болашағынан үлкен үміт күтеді.

2022 жылы Түркістан қаласында да өз филиалын ашып, оңтүстік өңірдің науқаст арына қажетті кардиохирургиялық көмек беру шеңберін кеңейте түсті. Клиникалық орталық тек еліміздің кардиохирургиялық орталықтарымен шектелмей, басқа шетелдік белгілі клиникалармен байланыс орнатып, дәрігерлерін сол клиникаларға тәжірибе алмасуға жіберіп, жаңа технологиялық оталардың соңғы тәсілдерін енгізуге жағдай жасап отырғаны қуантады. Сейтхан Жошыбайұлының аты мен беделі әлемнің кардиохирургтарының арасында бұл күндері жиі аталады. Ол әркез халықаралық конференцияларға қатысып, тағылымды баяндама жасап, тәжірибе алмасудан жалыққан емес.

Арнайы дәрігерлер тобын құрып бірнеше рет облыстың шалғай ауылдарына барып, жергілікті тұрғындарды медициналық тексеруден өткізіп, денсаулығы сыр бергендерді клиникаға алып келіп емдік шаралар жүргізгенін көпшілік біледі. Сондай іс-шараны көрші Түркістан облысында да 2023 жылы өткізіп, көпшіліктің ризашылығына бөленді. Иә, айта берсек, бұл клиника ұжымының ауыз толтырып айтар ізгілікті іс-шаралары мол. Заман талабына сай халық денсаулығын жақсартуға қосып жатқан үлестері жетерлік.

– Балалық шағым қарапайым отбасында, ауылда өтті. Кербез, ақбасты Алатау бөктеріндегі қазақи ауыл тіршілігін жастайымыздан көріп, еңбекті сезіп, құрметтеп жетілдік. Қара жұмысқа ерте жегілдік. Қозы қайырып, қой кезегін бақтық, шөп шауып, егін жинастық, көң ойып, кірпіш құйдық... Олардың барлығы бізді еңбекке шыңдады, ширатты, тіршілікке үйретті. Ол кезде жастардың білімге деген ынтасы, талпынысы, құмарлығы ерекше еді. Орта мектепті бітірісімен еш ойланбастан ауылымызға таяу қырғыз ағайындардың астанасы – Фрунзе (қазіргі Бішкек) шаһарына барып, медицина институтына құжатымды тапсырдым. Құдай қолдап, емтихандарды жақсы тапсырдым. Сөйтіп, сәті түсіп студент атандым. Ол жылдар адам өміріндегі ең қызықты, қимас, қайталанбас, бақытты күндер ғой. Сабақтардың ауырлығына қарамай, білімімізді көтеріп, рухани жетілуге, мәдениетіміздің деңгейін көтеруге көп көңіл бөлдік. Тәубе, мен өмірдегі бақытты жанның бірімін! – деп өмір жолына шолу жасай отырып Сейтхан аға ойда жүрген толғаныстарын да жайып салды. Ол қазіргі денсаулық сақтау ісіндегі шешімін таппай келе жатқан біраз мәселені көтерді.

– Мысалы, мына біздің клиникамыз кардиохирургиялық және трансплантология медициналық орталығы деп аталса да, еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі «жекеменшік клиникаларда ағза алмастыру оталарын орындауға тыйым саламыз» деп алғашқыда әжептеуір бастаған ісімізді тоқтатып, негізсіз «қанатымызды қиып тастады». Әйтпесе, 2021 жылы 11 науқасқа бүйрек алмастыру отасын жасап, жүректі алмастыру ісіне дайын отырғанбыз. Бір топ дәрігерлеріміз арнайы шетелдік айтулы клиникаларда трансплантологиядан тәжірибе жинап, қажетті медициналық жабдықтар мен аппараттарды дайындап, сертификаттар алып, тап-тұйнақтай дайын отырған болатынбыз. Сол еңбегіміздің ақталмағаны өкінішті. Ағза алмастыруды қажет ететін бірнеше жүздеген науқас кезегін күтіп отыр. Донорлар мәселесі елімізде толық шешілмегендіктен, бұл салада проблема жеткілікті. Уақыт бір жерде тұрмайтыны белгілі. Сол қымбат уақытты бос жібермей, халқымыздың денсаулығын жақсартуға, өмірлерін ұзартуға өз үлесімізді барынша қоссақ деген ой ғой бізде. Бірақ, мына дүрбелеңге толы өмірде аяқтан шалатын, тегіс жерде сүріндіретіндер дүние аз емес қой. Оған не амал бар? – деп аяқтады өз сөзін Сейтхан Жошыбайұлы әріптесім.

Профессор Сейтхан Жошыбаевтың денсаулық сақтау саласындағы қажырлы еңбегі еленіп, бірнеше орден («Парасат», «Барыс») мен медальдармен наградталған, «Жамбыл облысының Құрметті азаматы» және «Қарағанды қаласының Құрметті азаматы», «Тұрар Рысқұлов ауданының Құрметті азаматы», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» деген атақтар берілген, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі болып сайланған. Көрші Қырғызстан елінің ең жоғары наградасы – «Достық» орденімен марапатталған. Олардың бәрінен қымбаты – халық сүйіспеншілігі, ел-жұрттың шексіз ризашылығы, көптің берген батасы. Ол басқарып отырған ұжым бірнеше рет халықаралық, республикалық дипломдарға ие болып, «Ең үздік клиника» атағын, «Сапа» белгісін алған. 2022 жылы еліміздегі санаулы клиникалар қатарында заманауи үздік клиника ретінде халықаралық сертификатқа ие болды.

Міне, академик Сейтхан Жошыбаевтың ада л еңбегімен ұйымдастырылған Таразқаласындағы «Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне бұл күндері 17 жыл толып, 18 жылға аяқ басты. Өткен жылдарға зер салсақ, оны ұйымдастыру қанша күш- қайратты, еңбекті талап етті.

Туындаған қиындықтарды жеңе білу, алға қойған мақсатқа қол жеткізу, жеңіл жұмыс болған жоқ, әрине. Білімді мамандарды бір медицина орталығына топтастыру, олардың шеберлігін арттыру, біліктілігін жетілдіру де аз жұмыс емес. Соның барлығын жеңе білген Сейтхан Жошыбайұлы ағамыздың қол астындағы, өзі жетекшілік етіп отырған орталық бұл күндері республика көлемінде танымал, айтулы медициналық мекеменің бірі. Бұл орталық тек тәжірибелік жұмыстармен шектеліп қалмай, оған қосымша ғылыми еңбектерімен, кадр дайындау ісімен ерекшеленіп жүр. Халықаралық дәрежеде жыл сайын ғылыми-практикалық конференциялар өткізіп, әріптестерімен тәжірибе бөлісіп, «Кардиохирургия» журналына жетекшілік етіп, оны үзбей шығарып келеді.

Асыл азаматпен жұмыс бабымен жиі жолығып, кеңес алып, ой бөлісіп жүргендіктен бе, кейде қасымызда қандай дара тұлғаның жүргенін сезе бермейтініміз өкінішті. «Жақсылар жақсымын деп айт а а лмайды, жамандар жақсымын деп айқайлайды. Жүрген соң бауырында күнде көріп, Таулардың биіктігі байқалмайды» деген жыр сөздері осы Сейтхан ағаға арналғандай болады да тұрады. Ол өзін көп насихаттамайтын, кеудесін соғып мақтанудан алыс жүретін, орынсыз мақтауды тым жаратпайтын, мәртебесі биік, қарапайым жан.

Биыл өңіріміздің белгілі азаматы, еліміздің кардиохирургия саласының негізін қалағандардың бірі, профессор – Сейтхан Жошыбаев 85 жасқа толып отыр. Теодор Рузвельт «Бізге көп нәрсе беріледі және бізден көп нәрсе күтіледі. Бізде басқа адамдар алдында және өз алдымызда міндеттер бар және осы міндеттердің ешқайсысын елемеуге құқығымыз жоқ», – деген екен. Болашақты болжай, зерделей білетін Сейтхан аға клиника ұжымына жаңа жоспарлар белгілеп, сол мақсатқа жетуге барлық жағдай жасауда. Алда тұрған мақсат-бағдарлар аз емес. Клиника жанынан жас мамандар даярлайтын халықаралық медициналық академия ашу, ағза а лмастыру (трансплантология) оталарын енгізу, кардиохирургиядағы диагностикалық және емдік жаңа технологиялар мен тәсілдерді меңгеру, клиника мүмкіншілігін барынша кеңейту, сенімді ізбасарлар дайындау және т.б. Оған ертелі-кеш қол жеткізетініне, келешекте Тараз өңірінің медицинасы талапқа сай деңгейге көтерілетініне Секең ағамыз сенімді.

 

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар