Қалдық жинап, қаражатқа жарыды
Нұр-Сұлтанда қайта өңдеуге жарамды қалдықтарды жинаудан «Тазалық ойыны» атты квест жарысы өтті. Командалардың тазалық сайысы Есіл өзенінің жағалауында ұйымдастырылды. Экологиялық шара ӨКМ Операторы, BI Group компаниясы және «Clean city NC» ЖШС бастамасымен өтті.
«Тазалық ойыны» – командалық ойын. Қатысушы командалар қалдықтарды сұрыптау және қоршаған ортаны қорғауға өз үлестерін қосады. Қоқыс жинауға 90-ға жуық адам атсалысты. Қатысушылар командаларға бөлініп, эко-тапсырмаларды орындауға кірісті. Жарыс шарты бойынша әрбір жиналған қалдық түрі үшін командаларға 0,4-тен 2 балға дейін берілді. Жеңіске жету мүмкіндігі тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинап, тапсырмасын орындағандарға көбірек берілді.
Эко-жарыстың қорытындысы бойынша жеңімпаздарға Marwin дүкендер желісінен тауар сатып алуға номиналы 10 мың теңге болатын сертификаттар табысталды. Сондай-ақ ең жас эко-белсенділер сертификаттарға ие болды. «Тазалық ойыны» барысында қатысушылар барлығы 300 килодан астам макулатура, пластик, шыны және басқа да қалдық түрлерін жинады. Осы жиналған қалдықтар одан әрі қайта өңдеуге жіберіледі.
Айта кетейік, 30 қыркүйекте Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Петропавл, Теміртау және Семей қалаларында «Менің эко-өмір мектебім» байқауының қорытындысы шығарылды. Өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытында үздік білім беру мекемелеріне сертификаттар мен естелік сыйлықтары табысталды. Сондай-ақ «ЭкоАсар – игі істер марафоны» акциясы бастау алады. Игі шара 2021-2022 оқу жылына жоспарланып отыр.
Жаздыгүні «ЭкоАсар» кезінде 7 500 кило қайталама шикізат жиналып, қайта өңдеуге жіберілді. Одан түскен 363 263 теңге қараусыз қалған жануарларға азық сатып алуға бағытталды.
Жыл бойы оқушылар 99 253 кило макулатура, пластик, шыны және алюминий қаптамасын өңдеуге тапсырды.
Жалпы, қайталама шикізатты тапсырудан түскен сома 2 млн 870 мың теңгені құрады. Бұл қаражат мектеп аумақтарын абаттандыру мен қайырымдылық бағытына жұмсалды
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала