Алматыда New Vision Forum 2025 халықаралық форумы басталды
- авторСадуақас Айсұлу
- 10 қазан, 2025
- 375
Алматыда New Vision Forum 2025 жұмысы басталды. Форумға 20-дан астам елден кәсіпкерлер, инвесторлар, сарапшылар мен креативті индустрия өкілдері қатысуда, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды форум аясында Booking.com, Priceline.com және uBid.com-ның тең құрылтайшысы, танымал инвестор Джефф Хоффманмен кездесті. Кездесуде кәсіпкерлікті қолдау, инновациялық экожүйе қалыптастыру және қала экономикасына инвестиция тарту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, стартаптарды кеңейту және отандық компаниялардың халықаралық нарыққа шығуы сөз болды.
Форумда сөз сөйлеген әкім Алматының өңірлік бизнес, туризм және креативті индустрия орталығы ретіндегі рөлін атап өтті. Оның айтуынша, форум аясында 40 млн долларлық креативті индустрияларға арналған алғашқы қалалық венчурлық қор құру туралы келісімге қол қойылады. Қор кино, дизайн, цифрлық контент және ойын индустриясындағы жобаларды қаржыландырады. Бұл қала экономикасын дамытуға серпін беріп, Алматының қаржы және іскерлік орталық ретіндегі рөлін күшейтеді.
Форум 9-11 қазан аралығында өтеді. Оған 7 мыңнан астам қатысушы мен 100-ден аса компания өкілдері қатысуда. Іс-шара аясында пікірталастар, көрмелер, шеберлік сабақтары және келіссөздер өтуде.






