Округтегі Бөлтірік Әлменұлы атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан онда білім алатын шәкірттер жаңа оқу жылын Д.Қонаев атындағы орта мектепте қарсы алмақ. Мектеп қабырғасындағы 116 оқушы арнайы бөлінген автобус арқылы осы білім ұясына тасымалданатын болады.
Жаңа оқу жылында аталған екі орта мектептен 19 оқушы 1 сыныпқа қабылданды.
Білім күніне арналған салтанатты жиында сөз алған Д.Қонаев атындағы орта мектептің директоры Ғылым Әлімханов және Бөлтірік Әлменұлы атындағы орта мектептің директоры Гүлфайруза Орманова мекемедегі атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттерге тоқталды.
Оқушылар үшін естен кетпес сәтке толы жиында ардагер ұстаз Пана Рахманбердіұлы мен Маратбек Мұхтаров айтулы күнге орай ақ тілегін білдірсе, Нұрбол Әбдімәжитұлы: — Мектеп табалдырығын алғаш аттап отырған кішкентай бүлдіршіндеріміздің болашаққа қаққан қанаттары талмай, еңсесі биік еліміздің білімді азаматтары болуына тілектеспін, — деп мұғалімдер мен оқушыларға жаңа оқу жылында сәттілік тіледі.
Мұнан соң аудан әкімі мектеп қабырғасын енді аттаған оқушыларға әліппе оқулығын табыстады.
Білім күніндегі алғашқы қоңырау соғу рәсімін 11 сынып оқушылары Әлижан Қосалы мен Гүлайна Есен және 1 сынып оқушылары Жандәулет Бидәулет пен Гаухар Кеңесбай жүргізді.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз