«AMANAT» партиясы облыстық филиалы жас ақын-жазушылардың шығармашылығын қолдау мәселесін талқыға салды
- авторjambylinfo.kz
- 9 маусым, 2024
- 201
Кеше «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі аймақтық кеңестің кезекті отырысы өтіп, жас ақын-жазушылардың шығармашылығын қолдау мәселесі кеңінен талқыланды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша алдымен облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Дархан Акишев баяндама жасады. Айтуынша, өңірімізде жас қаламгерлері қолдау бағытында ілкімді істер атқарылуда.
– Биыл 20 сәуір күні облыстың 85 жылдығына орай сол кездегі облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен жас ақындар арасында ұйымдастырылған «Жыр жауһары» атты поэтикалық дуэльдің шешуші кезеңі өтті. Қазылар алқасының шешімімен 30-ға жуық ақынның ішінен іріктеліп өткен 16 жас ақын бірінші кезеңде өзара бақ сынап, 8 ақын финалдық кезеңге жолдама алды. Нәтижесінде Данияр Әлімқұл I орынға лайық деп танылып, 500 мың теңгеге ие болды.Жүлделі II орын және 300 мың теңгенің сертификаты Арайлы Жақсылыққа бұйырса, Жұматай Көксубай мен Ғайникен Райымбекова жүлде қоры 200 мың теңге болатын үшінші орынды иеленді. Қалған 12 жас ақын 20 мың теңгелік сертификатпен марапатталды.Сондай-ақ, 2023 жылдың 11 желтоқсаны күні «Жастар жырлайды» атты республикалық жас ақындар айтысы өтті.
Республикамыздың түкпір-түкпірінен келген 12 жас ақын жыр додасында бақ сынады. Аламан айтыста жерлесіміз Мұхтар Қонарбай бас жүлдені қанжығасына байласа, қарағандылық ақын Сырым Нығызбай I орынды еншіледі. Жамбылдық Дидар Апбасов пен қызылордалық ақын Бексұлтан Орынбасар ІІ орынды өзара бөліссе, шымкенттік Аян Ниязбек пен әулиеаталық Медеу Мырзатай жүлделі ІІІ орынды өзара бөлісті.Сонымен қатар Төлеби Тәңірберген, Ернұр Бейсен, Аят Бәтей, Нұртай Әліпбай, Ернұр Салауатұлы және Шапағат Сәбитқызы секілді талантты жас айтыскерлер арнайы ынталандыру сыйлықтарына ие болды, – деген Д.Акишев былтыр облыстық бюджеттен 50 миллион теңге бөлініп, жергілікті 24 қаламгердің кітабы жарық көргенін жеткізді.
Облыс әкімінің қолдауының арқасында қолға алынған игі бастама аясында 4 жас ақынның, атап айтқанда Нұржан Қадірәлінің «Сен жоқ жерде Тәңір жоқ», Табиғат Абаилдаевтың «Бекзат», Жұлдыз Асқарқызының «Сүйші» және Данияр Әлімқұлдың «Екеумізді сағындық» атты кітаптары оқырманға жол тартты.Өз кезегінде облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай да сөз алып, басқарма тарапынан жас ақын-жазушыларды қолдау мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатқанын баяндады.Мұнан кейін кеңес мүшелері тақырып аясында өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, орамды ойларын ортаға салды.
Мәселен Тараз қалалық мәслихатының депутаты әрі «Мүгедек жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әйгерім Дәулетбаева қаламы қарымды жастардың кітаптары жиі жарық көріп жатқанымен, облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасында Брайль қарпімен басылған және дыбысталған жаңа шығармалар жоқтың қасы екенін айтты. Көтерілген мәселеге байланысты жауап берген Ерлан Жүнісбай облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының ұжымы жас ақын-жазушылармен бірлесе жиі әдеби іс-шаралар өткізіп жатқанын тілге тиек етті.
– Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы жақында облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Хамит Есаман және аталған басылымның аға тілшісі Қамар Қарасаевамен кездесу ұйымдастырып, жаңа туындыларының тұсаукесерін өткізді. Әрі жаңа кітапты Брайль қарпінде басып шығарды. Алдағы уақытта кітапхана жаңа туындылармен толыға береді. Қазір біз кітаптарды Брайль қарпінде басып шығаратын арнайы аппарат сатып алумен айналысып жатырмыз, – деді Ерлан Нұрманұлы.
Мұнан кейін облыстық «Aq jol» газеті бас редакторының орынбасары міндетін атқарушы, белгілі ақын Нұржан Қадырәлі сөз алып, көкейкесті мәселелерді батыл көтерді.
– Ел тарихиындағы тағдыршешті мәселелердің қай-қайсысын болмасын ақын-жазушыларсыз елестету мүмкін емес. Соғыс тұсындағы Жамбыл ақынның «Ленинградтық өренім», желтоқсаншы, Халық қаһарманы Қайраттың «Жиырма бірде жасым бар..» атты өлеңдері сөзіме мысал.Тараз – қазақ әдебиетінің астанасы. Себебі Рудакидей жырлаған ақыны бар бірде-бір өңір жоқ. Жиырма төрт қаламгердің туындысы жарық көргеніне еңсеміз көтеріліп қалды.Алайда бұл жұмыстар тоқтап қалмай, алдағы уақытта да жалғаса берсе деген тілегіміз бар.Осы тұста облысымыздың жас ақын-жазушыларының атынан бірқатар ұсынысымды айтқым келіп отыр.
Қазір бізде рухани тәжірибе алмасудың жібі үзіліп кетті.Байқасам өзге өңірлер шетелдермен де тәжірибе алмасып жүр.Бізге де осы нәрсе керек.Осылайша әдебиет дамиды.Сондай-ақ Маралтай Райымбекұлы, Президент кубогына ие болған Ерлан Жүніс секілді танымал ақын-жазушылардың қатысуымен шеберлік сағаттарын өткізсек, ештеңеден ұтылмаймыз. Қазір аудандардан өте дарынды жас ақындар шығады да, ары кетсе облыстық мүшәйралардың жүлдегері атанады. Оларға ары қарай не істеуге болады? Бұрынғыдай «Шабыт» фестивалі де өтпейді. Маралтай, Ерлан ағаларымыз кездесу үшін қаражат сұрамайтыны анық. Мәселен Ерлан Жүністің біраз жырлары «Жеңіс» саябағында жазылған, жас қаламгерлермен кездесуді сол саябақта өткізіп жіберуге болады.Ең өкініштісі, Шерхан Мұртаза, Несіпбек Дәутайұлы секілді сөз зергерлері шыққан өңірде проза саласы кенжелеп қалды. Ардақ Үсейінова секілді санаулы прозашы жазудай-ақ жазып жатыр. Бірақ қолдау аз. Осы тұста жас прозашыларды, ақындарды ынталандыру мақсатында облыс көлемінде әдеби сыйлықтар тағайындалса дейміз. Біздің облыстың шығармашыл жастары қолдан келсе жергілікті билікке алақан жаймай, өздері бірлесіп жаңашыл жобаларды жүзеге асырып тұрады. Мәселен Арайлы Жақсылықтың бастамасымен қолға алынып, үлкен қолдауға ие болған «Aвангард» поэтикалық кешін айтуға болады, – деді Н.Қадірәлі.
Облыстық «Aq jol» газетінің тілшісі, жас ақын Арайлы Жақсылық та жас қаламгерлердің шығармашылығын қолдау бойынша идеяларымен бөлісті.
– Ең алдымен шығармашылықпен тиіп-қашып емес, тыңғылықты айналысып жүрген жастарды анықтап алу керек деп ойлаймын. Одан соң олардың көшбасшысымен танысу қажет. Олар өз шығармаларын қалай насихаттауда, шығармаларын оқырманға қандай жолдармен ұсынуда? Жалпы облыста қайнап жатқан әдеби процесс бар ма, оның бел ортасында кімдер жүр? Олардың шығармалары үдеден шыға ала ма? Осы сұрақтарға жауап беруіміз керек.Өңірімізге кімнің не жазып жүргенін біліп отыратын, дайын шығарманы насихаттайтын, кез келген қаламгердің жеке брендімен айналысатын, әр шығармаға маркетингтік тәсіл қоя білетін, шығармаларды шетелдік аудармашыларға ұсынып отыратын ортақ ұйым қажет. Осының нәтижесінде қаламгерлердің табысы арта бастайды. Сонымен қатар менеджерлік қабілеттері артып, өз шығармашылықтарын монетизациялауды меңгереді. Сондай-ақ «міне мынау нағыз әдеби туынды» деп атауға лайық шығармалар өмірге келеді, cапа артады.
Республикадағы, тіпті әлемдегі әдеби процестерден хабардар болып отырамыз және түрлі әдеби сыйлықтарға, ауқымды әдеби бәйгелерге облыстың атынан мықты үміткерлер жібере аламыз. Ең бастысы таланты бар қаламгерлеріміздің аңсары сыртқа аумайды. Әдебиетпен тыңғылықты айналысу үшін Алматы, Астана асып кетпейді. Бізде де шығармашылықпен айналысу үшін мүмкіндіктің мол екеніне көзі жетеді. Еліміздегі әдеби кеңістікте облыстың имиджі арта түседі.Бұл идея біріңіз үшін мүмкін емес, біріңіз үшін түсініксіз, тағы біріңіз үшін тіпті утопия болып көрінуі мүмкін. Алайда мүмкін емес нәрсе жоқ.
Осыдан бес жыл бұрын «Авангардқа» ешкім келмейтін шығар деген қорқыныш болған. Алайда араға екі жыл салып бесінші кешті өткізгенде залда ине шаншыр орын болған жоқ. Бізден кейін республиканың әр өңірінде «TARMAQTAR», «Шам», «ТӘЖ» сынды түрлі әдеби қозғалыстар пайда болып, жақсы маркетингтік әдіспен үлкен аудиториялар жинай бастады.Барлығы кішкентай ғана ұмтылыстан басталған, – деген Арайлы Жақсылық облыста жыл сайын әдебиет фестивалін өткізуді дәстүрге айналдырсақ, республикадағы қазақтың қабырғалы қаламгерлері осы іс-шарада бас қосса деген ұсынысын жеткізді.Сондай-ақ жас ақын мемлекет қаражатын жұмсамай-ақ, өңірдегі меценаттар мен инвесторларды тарту арқылы да қаламгерлерді қолдауға болатынын жеткізді. Арайлы Жақсылық кезінде қалалық «Jambyl-Taraz» газеті ұйымдастырған «Кітап оқып, миллионер бол» байқауына Мұқаш Ескендіров қолдау көрсеткенін мысалға келтірді.
– Кәсіпкерлер, қалталы азаматтар демеуші болған кітаптарға, тіпті авторлар өз қаражатына шығарған кітаптарға, оқырманнан көп кері байланыс алынған кітаптарға жыл сайынғы үлкен көлемдегі стипендия тағайындалса деп ойлаймын. Осы кітаптар облыстағы әдебиет сыншыларына табысталып, олардың кәсіби тұрғыда талқысына түсуі керек. Сол кітаптар туралы жергілікті басылымдарда түрлі сыни, сараптамалық, талдау мақалалар жарық көріп отырса қандай ғанибет! Кітаптардың көркемдік қуаты, әдеби нормаларға сәйкестігі, қоғамдық өмірді суреттеу сынды нормалармен екшеліп, ішіндегі үздік бір кітап келесі жылғы ауқымды республикалық сыйлықтарға ұсынылса, нұр үстіне нұр болар еді.
Мәселен, 2024 жылы жарық көрген кітаптар 2025 жылғы стипендияға үміткер бола алады. Стипендияның 1,5 миллионы авторға, 500 мыңы баспаға беріледі делік. Баспалардың барлығы аталған стипендияның иегері болу үшін автормен бірігіп кітапты жарнамалай бастайды. Жарнамадан кітаптың саудасы жүреді. Саудадан тағы ақша түседі. Бұл ешкім ұтылмайтын нұсқа деп ойлаймын. Тек осы схеманы іске асырып көру керек, – деді А.Жақсылық.
Облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай жас қаламгерлердің ұсыныстарын қолдайтынын айтты. «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов та облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту, облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму, облыс әкімдігі білім басқармалары осы бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыруға күш жұмсауға мүдделі екенін жеткізді.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз