Астана әуежайы 25 жылға БАӘ компаниясының басқаруына берілді
- авторСадуақас Айсұлу
- 12 тамыз, 2025
- 441
Құжаттың күші 2050 жылдың 16 шілдесіне дейін сақталады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz cmn.kz сілтеме жасап.
Еске сала кетейік, астана халықаралық әуежайын сенімгерлік басқаруға беру туралы шешім 2023 жылдың қарашасында қабылданған болатын. Алғашқы келісім бойынша «Terminals Astana Airport Management» ЖШС әуежайдың 100% акциясын сатып алу құқығынсыз уақытша басқаруға алған еді. Бұл келісімнің мерзімі бір жылды қамтыды. Осы уақыт ішінде тараптар инвестиция көлемі мен инфрақұрылымдық жұмыстар бойынша келісуі тиіс болатын.
Алайда, 2024 жылы 7 қарашаға дейін бұл мәселелер толық шешілмеген соң, келісім екі айға ұзартылды. Ал 2025 жылдың қаңтарында Қаржы министрлігі әуежай нысанын Астана әкімдігінің балансына өткізді.
Әкімдік БАӘ-нің Terminals Holding компаниясымен байланысты жаңа келіссөздерді қайта бастады. Бұл жолғы басқару мерзімі 2025 жылдың 22 шілдесіне дейін, яғни жарты жыл болып белгіленді.
Нәтижесінде, 2025 жылғы 16 шілдеде Астана әкімдігі бұрынғы оператордың орнына жаңадан құрылған «Terminals Astana Airport Limited» компаниясымен келісімшарт жасасты. Бұл компания 2024 жылғы 11 желтоқсанда тіркелген. Оның құрылтайшысы ретінде BAӘ-де тіркелген TERMINALS HOLDING — SOLE PROPRIETORSHIP L.L.C. көрсетілген.
Бұған дейін жобаның жалпы инвестициялық көлемі 1,1 миллиард АҚШ долларын құрайтыны хабарланған болатын.
Сондай-ақ, CMN.KZ редакциясының ресми сұрауына жауап ретінде Астана әкімдігі жаңа басқарушы компанияның әуежайдағы нақты міндеттері мен функцияларын түсіндірді.




