бейсенбі, 17 сәуір, 2025 22:59

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Астанада I Республикалық «Жас ғалым» форумы өтті

Астанада I Республикалық «Жас ғалым» форумы өтті
Фото: GOV.KZ
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстанның әр өңірінен жиналған 300-ден астам жас зерттеушінің басын қосқан I Республикалық «Жас ғалым» форумы өтті. Форум аясында ғылымды дамыту, жас ғалымдарға қолдау көрсету және отандық ғылыми әлеуетті арттыру мәселелері кеңінен талқыланды, деп хабарлайды Жамбылинфо ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шара барысында жас зерттеушілер мемлекет тарапынан жасалып жатқан мүмкіндіктер туралы пікір алмасып, өзекті ғылыми мәселелерді шешудің жаңа жолдарын ұсынды. Ғалымдар жаһандық ғылыми желіге интеграциялану, ғылыми қауымдастықтарды нығайту, сондай-ақ жастар үшін ғылым саласындағы әлеуметтік лифтті дамыту мәселелеріне ерекше тоқталды.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек форумда сөз сөйлеп, жас ғалымдарды Ғылым қызметкерлері күнімен құттықтап, оларды жаңа идеялар мен жобаларға белсенді атсалысуға шақырды.

«Қазір бізге практикалық идеялар мен жобалар, мықты командалар қажет. Пәнаралық зерттеулердің де әлеуеті жоғары. Біз жас ғалымдарды қолдауға дайынбыз. Қуантатыны — 25,5 мың ғалымның 46 пайызы – 40 жасқа дейінгі зерттеушілер», – деді министр.

Форум қатысушылары «Жас ғалым» бағдарламасын — ғылым мен технологияны дамытудағы мемлекеттік қолдаудың жарқын үлгісі әрі зияткерлік әлеуетті арттыруға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті.

ҚазҰУ Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Жандос Тауанов форумда бағдарлама аясында жинаған тәжірибесімен бөлісіп, жас ғалымдарға ғылыми ортасын табу және жеке ғылыми бағыт қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.

«Жас ғалым тек жобамен шектеліп қалмауы керек. Ол ғылыми мектебін, бағытын қалыптастыруы тиіс», – деді ол.

«Жас ғалым» гранттық бағдарламасы Мемлекет басшысының 2021 жылғы Жолдауы негізінде жүзеге асуда. Бағдарлама постдокторантура институтын қолдау арқылы жас зерттеушілердің санын арттыруды және ғылыми кадрлар әлеуетін нығайтуды көздейді. Осы уақытқа дейін конкурс арқылы 688 жас ғалым грантқа ие болды.

Форумда Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың «Жасанды интеллект технологиялары» кафедрасының аға оқытушысы, PhD Нұрзада Амангелді өзінің жобасы туралы бөлісті. Ол ымдау тілін танудың зияткерлік жүйесін әзірлеп, жобасы «Жас ғалым» гранты мен Дүниежүзілік Банктің қолдауын иеленген.

Қазіргі таңда еліміздің 18 өңірінде 74 ғылыми мекемеде «Жас ғалым» бағдарламасының қатысушылары ғылыми жұмыстарын сәтті жүзеге асыруда. Өткен жылы 300-ге жуық постдокторант өз жобаларын аяқтап, жүздегені ғылыми ізденістерін жалғастыруда. Грант иегерлері көбіне Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Satbayev University сынды зерттеу университеттерінде шоғырланған.

Бағдарлама аясында жүздеген сапалы ғылыми еңбек жарияланып, бірқатар ғылыми жетістіктер нақты өндірісте қолданыла бастады.

Форум соңында жас зерттеушілер отандық ғылымның дамуына серпін беретін қадам ретінде «Жас ғалым» республикалық қауымдастығын құру туралы ұсыныс білдірді. Бұл бастама жастарды біріктіріп, ғылым саласында жаңа буынның кәсіби өсіміне мүмкіндік бермек.

Бөлісу:
Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар