жұма, 22 қараша, 2024 23:52

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ауыл шаруашылығы– аудан экономикасының өзегі

Ауыл шаруашылығы– аудан экономикасының өзегі
ашық дереккөз
Қазақтың атадан қалған кәсібінің бірі – мал шаруашылығы. Адамның ішер асынан бастап киетін киімі, тұтынатын бұйымына дейін қамтамасыз ететін малшаруашылығының қадірін қашырған бір кездегі нарықтық экономика еді.

Әйтпесе тамақ және жеңіл өнеркәсіп саласын бір ғана мал шаруашылығы арқылы дөңгелетіп-ақ ауыл мен қала қазақтарын жұмыспен қамтып тастауға болар еді.

   Дегенмен бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес мал шаруашылығын дамытуға айрықша назар аударылуда. Малды асылдандыру, қолдан ұрықтандыру, шаруашылықтарды сауынды немесе етті сиыр ұстауға ынталандыру, тауарлы сүт фермасын құру секілді салаға серпін беру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Бұл тұрғыда мал шаруашылығы бағытындағы фермерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау түрлері көп-ақ. Ал қолдау-көмектің нәтижесін сезіну, істі ұқсату жергілікті атқарушы органдар мен шаруашылықтардың өздеріне байланысты.

Байзақ ауданы бойынша 2 902 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі тіркелсе, 452-сі мал шаруашылығымен жүйелі айналысуда. Аудандағы 57,805 мүйізді ірі қараның 17,341-і аналық, 449,046 уақ малдың 134,714-і саулық, 23,524 қылқұйрықтының 16,443-і бие, 1 296 түйенің 388-і інген екен. Байзақ ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Шохрух Гафуровтың айтуынша, өткен жылы төрт түліктің ішінде мүйізді ірі қарадан 11 016 бұзау, 91 610 қозы, 9 472 лақ, 3 463 құлын және 164 бота алынған. Биыл да мал төлдету науқаны сәтті аяқталып келеді. Биыл 11 895 бұзау, 92 016 қозы, 9 585 лақ, 3 580 құлын және 200 бота төлі алынады деп жоспарланыпты. Әзірге 8 798 бұзау, 90,176 қозы-лақ, 1 034 құлын, 201 бота жарық дүние есігін ашты. 

– Аудан бойынша 285 қыстау бар. Оның ішінде Мойынқұм өңірінде орналасқаны – 179. Құмда 22 150 мүйізді ірі қара, 169 200 қой-ешкі, 6 300 жылқы, 350 түйе бағылуда. Мал қыстату шұраттарына Көделі, Еден, Есқара, Сасай, Теріскенді, Балақдала, Қосшұрат, Көкшұрат, Жолбарысты, Дөңгелек, Қосқұдық, Төре, Арғын қамалған, Аяқ көл, Түлей мал жайылымдары жатады.
Былтыр ауданда мал азығын дайындау жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп, 29 139 гектар шөп шабылды. Осылайша 210 150 тонна пішен, 45 000 тонна сабан, 17 000 тонна пішендеме және 16 000 тонна сүрлем дайындалған болатын. Аудан шаруашылықтарының төрт түлігі құнарлы азықпен қамтамасыз етілді.

Жетіспейтін бөлігі аудандағы құнарлы жем сататын дүкендерден сатып алынды. Ауданда жем сатумен 8 кәсіпкер айналысады. Мал азығын өздері дайындамаған шаруашылықтар пішеннің бір түгін 800-900 теңгеден, жоңышқаны 1 100-1 300 теңгеге, кебектің келісін 90 теңгеге, арпаның келісін 90 теңгеден, бидайдың келісін 110 теңгеден сатып алды. Нәтижесінде қыстан аудандағы шаруашылықтардың төрт түлігі күйлі шықты. Шалғайда орналасқан қожалықтар өздеріне қажетті құнарлы мал азығын тиісті жерге өз көліктерімен жеткізіп отырды. Мал қыстату барысында ауа райының қолайсыз жағдайында қожалық төрағалары иелігіндегі техникалармен малын үнемі бақылап, жайылымға баратын жолды тазалап тұрды. 

Бұдан бөлек әр қожалық иесі мен малшылар мобильді телефонмен жабдықталған. Олар Қазақстан мен Қырғыз Республикасы арасында еркін байланысқа шыға береді. Қыс мезгілінде қауіпті мал ауруларының алдын алу бойынша екпелер егіліп, тиісті жұмыстар атқарылды. Дезинфекция және дезинсекция, қауіпті зооантропонозды ауруларға қарсы емдеу-профилактикалық шаралары уақытылы жүргізілуде. Қыстауларда әр қожалықтың өзіне тиісті шахталы құдықтары бар. Құдықтарға помпалы маторлар орнатылған. Сонымен қатар шаруа қожалықтар күн батареяларымен қамтылған, – дейді Шохрух Мамиржонұлы.

Бас маман ауданда мал төлдету науқаны, оның ішінде саулықтарды төлдету технологиясына басым көңіл бөлінгенін айтады.– Шаруашылық үшін ең маңыздысы – өзінің ішкі мүмкіндіктерін дұрыс есептеп, бағалау, соның нәтижесінде қолайлы уақытты таңдай білу. Себебі қыс мал шаруашылығы саласында жылы қораны, жеткілікті жемшөпті, адам мен техниканың қыстың қақаған суығына төтеп бере алатындай жағдайда болуын талап етеді. Ал көктемгі уақыттың өзінше артықшылығы мен кемшілігі бар. 
Не болса да аналық басты, алынған төлді күтіп-бағуға шопанда мүмкіндік мол болуы тиіс. Орта есеппен алсақ, қой төлін 150-152 күн көтереді. Жергілікті жағдайға сәйкес қой қоздату мезгілі алдын ала ескеріліп, күйек алу науқаны соған сәйкес ұйымдастырылады. Шаруашылықтардың көбінде саулық көктемде, қар кетіп, көк шыға қоздатылады. Қойды бұл мезгілде қоздату артық шығынды қажет етпейді. Көктемгі жайылымда дала отты болса, төлдеген малдың қоңы тез көтеріледі әрі құнарлы сүтімен қозыларын толық жарытады, – дейді Ш.Гафуров.


Аудандағы мал ұстаумен айналысатын іргелі шаруашылықтың бірі – «Диқан» шаруа қожалығы. Шаруашылық төрағасы Арман Ахметовтің сөзіне сүйенсек, шаруашылық иелігінде 100 сиыр, 2 000 уақ мал бар. Ботамойнақ ауылдық округіне қарасты шаруашылықтың фазендасы Сарыкемер ауылына жақын, бірақ үш отар қой мен бір табын сиыр Мойынқұмның Түлей жайылымында екен. Мал аталған жайылымда қыстатылып, көктемде ішкі құмдағы Зейнеп мал жайылымына көшіріліп, сонда қара күзге дейін жайлайды. 

– Біздің шаруашылық 1997 жылы құрылды. Сол кезден бастап әкем Жолдыбай Ахметов мал-жанға бас көз болып, шаруашылық ісін өзі жүргізді. Мал ұстау мен шаруашылық ісін жүргізудің қыр-сырын маған үйретіп, соңғы бір-екі жылдан бері құжат бойынша төрағалық міндет менің атыма ауысты.Шаруашылықтың қарамағында 70 гектар егістік, 40 гектар шабындық бар. Техниканың ішінде екеуі ауыр жүк көлігі болса, екеуі трактор және бір комбайн бар. Шопандардың көшіп-қонуы мен оларға жемшөп тасу, мал азығы үшін арпа-бидай мен жоңышқаны орып, жинау осы техникалардың күшімен атқарылады. Ауыл маңындағы фазендада отбасылы бір шопан бар. Ол мал бордақылау ісіне және құмнан жеткізілген жаман-жәутік малға жауапты. Еңбекақысы мал санына қарай төленетіндіктен шопан жаз мезгілінде 150 мың теңге, қыста 200 мың теңге айлықақы алады. Шопанмен келісімшарт жасалған және зейнетақы жарнасы айма-ай аударылып тұрады.


Байзақ ауданында әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында ауылшаруашылық саласын несиелендіру жұмыстары жүйелі атқарылуда. Көктемгі дала жұмыстары үшін «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы «Кең дала» бағдарламасы бойынша тиісті шаруа қожалықтарға қолдау көрсетіліпті. Ауылшаруашылығы саласын субсидиялау бағдарламасы бойынша да шаруашылықтар тарапынан құжаттар өткізу жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатыр екен. Осы тектес мемлекеттік қолдаулар ауылшаруашылығы саласына серпін беретіні анық.

 

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар