Аймағамбетов: Жекеменшік мектептердің мұғалімдері айлап жалақы ала алмай жүр
- авторБақытжан Бекболат
- 24 сәуір, 2025
- 294

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, еліміздегі жекеменшік білім беру ұйымдарының мұғалімдері ұзақ уақыт бойы еңбекақысын ала алмай келеді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
"Күткендей, жағдай ушыға түсті. Жекеменшік мектептердің мұғалімдері бірнеше айдан бері жалақы алмай жүр. Тіпті кейбір оқу орындарына 2024 жылдың желтоқсаны үшін де еңбекақы төленбеген. Жекеменшік мектептерге әркім әртүрлі қарайды. Иә, ондай мектептерде де сапа жағынан мәселе бар. Бірақ ұмытпауымыз керек: олар білім беру жүйесінің бір бөлігіне айналды. Бұл – балама, бұл – бәсекелестік, бұл – бүгінгі күні білім алып жатқан жүздеген мың бала. Сондықтан бұл мәселе шешімін табады деп үміттенемін", – деп жазды Аймағамбетов.
Жыл басында депутат жекеменшік мектептердің қаржыландырылуына байланысты мәселені көтерген болатын. Ол тек мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін мектептердің банкрот болудың алдында тұрғанын айтқан. Көптеген оқу орны 2023 және 2024 жылдары қаржыландырудан қағылған. Ол кезде тапшылық шамамен 80 млрд теңгені құраған.