«Қайрат» чемпиондықтан құр қалды
Өткен демалыс күндері футболдан ұлттық құрамалардың матчтарына байланысты екі аптаға үзіліс алған Қазақстан Премьер-лигасының ойындары қайта жалғасты. Еліміздің жеті қаласында өткен ойындардың алтауында жеңімпаз команда анықталса, бір кездесуде тең есеп тіркелді.
24-турдың шымылдығын «Ақжайық» пен «Тұран» командалары ашты. Турнир кестесінде «Тұранға» қарағанда жоғары орында келе жатқан Оралдың командасы қатарынан бесінші турда жеңіске жете алмай келеді. Оралдағы Петр Атоян атындағы стадионда өткен ойын 1:1 есебімен тең аяқталды. Матчтың 30-минутында алаң қожайындары сапынан Михаил Гащенков есеп ашса, 73-минутта «Тұранның» ресейлік жартылай қорғаушысы Павел Деобальд чемпионаттағы алғашқы голын соғып, командасына бір ұпай сыйлады. Бұл ойыннан кейін Оралдың «Ақжайығы» 31 ұпаймен турнир кестесіндегі алтыншы, «Тұран» 25 ұпаймен 12-ші орнын сақтап қалды.
Қарағандының «Шахтері» Ақтаудың «Каспийін» қабылдап, 1:0 есебімен басым түсті. Матчтағы жалғыз әрі жеңіс голын 73-минутта Идрис Умаев салды. Бұл голдың соғылуы да қызық болды. Ресейлік шабуылшы Марко Милошевич қорғаған қақпаға қос бірдей соққы бағыттағанымен, екі ретінде де қақпашы допты қайтара білді. Тек үшінші рет тепкенде ғана Милошевич бұл соққының алдында дәрменсіз қалды. Осылайша екі тең ойыннан кейін жеңіске жеткен Магомед Адиев шәкірттері 30 ұпаймен сегізінші орынға көтерілді. Ал Ақтау клубы 28 ұпаймен 10-орынға түсіп қалды.
Чемпионатта ала-құла өнер көрсетіп жүрген «Ордабасы» мен «Атырау» Шымкентте кездесіп, матч 2:1 есебімен «Ордабасының» жеңісімен аяқталды. Бірінші таймда бірде-бір гол көре алмаған жанкүйерлер екінші таймда командалардың үш голына куә болды. Екінші тайм басында «мұнайшылар» сапынан бразилиялық Аллеф гол соғып, командасын алға шығарды. Бұл – Аллефтың Қазақстан чемпионатындағы алғашқы голы. Ол «Атырау» сапында небәрі үшінші кездесуін өткізді. Арада тоғыз минут өткенде Эльхан Астанов таразы басын теңестірсе, 74-минутта Абдуллай Диакате командасына жеңіс сыйлады. Осы жеңісінің нәтижесінде «Ордабасы» әлі де Еурокубок жолдамасынан үмітті екенін аңғартты. Үш ұпайды қоржынға салған шымкенттік ұжым турнир кестесінде 35 ұпаймен бесінші орында тұр. «Атырау» 27 ұпаймен 11-орынға сырғыды.
Турдың бірінші күніне жоспарланған ойындардың соңғысы Ақтөбеде өтті. Былтырғы Қазақстан чемпиондарын қабылдаған «Ақтөбе» қарсыластарына 1:2 есебімен жол берді. Кездесудің есебін 31-минутта Артур Шушеначев ашса, 41-минутта «Ақтөбе» футболшысының қателігінен кейін Гүлжігіт Алықұлов таблодағы көрсеткішті 2:0-ге жеткізді. Екінші таймның 73-минутында «Қайрат» қорғаушысы Нұралы Әліп байқаусызда өз қақпасына гол соғып алып, алаң иелеріне аздап көмектесіп жіберді. Матч соңына дейін алаң иелері таразы басын теңестіруге тырысқанымен, «Қайрат» ойыншылары оған мүмкіндік бермеді. Бұл жеңісінен кейін Құрбан Бердыев шәкірттерінің чемпионатты үшінші орынмен аяқтайтыны белгілі болды. «Қайрат» кейінгі ойындарда жеңіске жетсе де, жеңілсе де үшінші орыннан көтеріле алмайды. «Ақтөбе» 30 ұпаймен жетінші орында тұр.
Екінші жарыс күнінде чемпиондық тәжге талас жүргізіп келе жатқан елорданың «Астанасы» мен Қостанайдың «Тобылы» кезекті тур ойындарын өткізді. «Астана» өз алаңында чемпионатпен қоштасқан Қызылорданың «Қайсарын» қабылдап, 2:0 есебімен жеңіске жетті. 74-минутта Тигран Барсегян мергендік танытса, матчтың аяқталуына бір минут қалғанда Марин Томасов екінші голды соғып, ойынның нүктесін қойды. Томасовтың бұл ойында дубль авторы атануға тамаша мүмкіндігі болған еді. Алайда бірінші таймда «Тараз» қақпасына белгіленген пенальтиді сәтті орындай алмады. Кезекті үш ұпайын қоржынға салған «Астана» турнир кестесінде 56 ұпаймен бірінші орнын сақтап қалды. Чемпионаттың аяқталуына әлі екі тур қалса да, «Қайсардың» келесі маусымда Бірінші лигада ойнайтыны белгілі болды. 24 матчтың небәрі үшеуінде ғана жеңіске жетіп, жеті рет тең ойнаған Қызылорданың командасы 16 ұпаймен 14-орында қалып қойды.
Петропавлдағы «Қарасай» стадионындағы «Қызылжар» мен «Тобыл» арасындағы матч қостанайлықтардың сенімді жеңісімен аяқталды. Бұл ойында екі командаға да үш ұпай ауадай қажет еді. Өйткені «Қызылжар» Еурокубок жолдамасы үшін, «Тобыл» чемпиондық үшін таласып жатыр. Дегенмен Петропавл командасы деңгей жағынан болсын, чемпионаттағы алға қойған мақсат жағынан болсын әлдеқайда жоғары тұрған «Тобылға» еш қарсылық көрсете алмады. Игорь Сергеев пен Жереми Манзорроның голдары «Тобылға» жеңіс сыйлады.
Талдықорғанда өткен «Жетісу» мен «Тараз» арасындағы матч қонақтардың пайдасына аяқталды. Кездесудің 67-минутында «Тараз» шабуылшысы Ненад Адамович баспен гол соғып, командасын алға шығарды. Матчтың аяқталуына төрт минут қалғанда «Жетісу» сапынан Дияс Қалыбаев есепті теңестіріп кетті. Тең ойынға келіспеген «Тараз» ойыншылары төреші қосқан қосымша уақытта гол соғып, қарсыластарынан жеңісті жұлып алды. Гол авторы – Тимур Досмағамбетов. Осылайша қатарынан үш ойында жеңілген «Жетісу» да Премьер-лигамен қоштасты. «Тараз» 29 ұпаймен тоғызыншы орында.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала