....

....

бейсенбі, 22 ақпан, 2024 9:46

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыныз

Байланыс

Қазақстан халқының саны 20 миллионға жақындады

Қазақстан халқының саны 20 миллионға жақындады
ашық дереккөзі
Қазақстан халқының саны 20 миллионға жақындады
Жалпы алғанда, ел халқының өсу қарқыны 1,28%-1,49% деңгейінде тұр. ТУУ АЗАЙЫП, ӨЛІМ КӨРСЕТКІШІ ӨСТІ Кеңес одағы ыдырағаннан кейін Қазақстанның демографиялық бейнесі айтарлықтай өзгерді. Қазақстан Республикасының 1999 жылғы халық санағы КСРО-ның 1989 жылғы Бүкілодақтық халық санағынан тура 10 жылдан кейін ақпан айында өтті. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы халық санағы 1999 жылдың 25 ақпаны мен 4 наурызы аралығында өтті. 2000 жылдың соңына қарай елдегі алғашқы халық санағының негізгі нәтижелері жарияланды. Халық санағының қорытындысы бойынша, Қазақстан халқының саны 1991 жылғы 16,5 миллион адамнан 2000 жылы 14,8 миллион адамға дейін қысқарды. Туу көрсеткіші мың адамға шаққанда 14,9-ға дейін төмендеді, ал өлім көрсеткіші мың адамға шаққанда 10,6-ға дейін өсті. АУЫЛ ХАЛҚЫНЫҢ ҮЛЕСІ АРТҚАН ЖЫЛ Қазақстандағы 2009 жылғы халық санағы – Қазақстан Республикасының егемендік алғаннан кейінгі екінші халық санағы еді. 2009 жылдың 24-25 ақпаны аралығында өтті. Қазақстан Республикасының халқы 2009 жылғы халық санағының қорытындысы бойынша 1999 жылғы халық санағымен салыстырғанда 1022,9 мың адамға (6,8%) көбейіп, 16 004,8 мың адамды құрады. Санақтың күтпеген нәтижелерінің бірі қала халқының үлесінің 56,3%-дан 52,0%-ға күрт төмендеуі және сәйкесінше ауыл тұрғындарының үлесінің артуы болды. Тағы бір айта кетерлік жайт, тәуелсіздіктің басынан бері Қазақстанға 1 миллион 107 мың этникалық қазақ оралды. Жаңадан келген қандастардың демографиялық үлесі арқасында осы жылдар ішінде теріс көші-қон сальдосының деңгейін 28%-ға төмендетуге мүмкіндік туды. ТАРИХИ БЕЛЕС: 19 МЛН Қазақстандағы 2021 жылғы халық санағы – Қазақстан Республикасының егемендік алғаннан кейінгі үшінші халық санағы. Санақтың жиынтық нәтижелері 2022 жылдың 1 қыркүйегінде Ұлттық статистика басқармасының веб-сайтында жарияланды. 2021 жылы Қазақстан халқы 246 мың адамға немесе 1,3%-ға өсіп, 1 қаңтарда 19 126 мың адамды құрады. Алматы облысының тұрғыны Жәния Азаматқызы еліміздің 19 миллионыншы тұрғыны атанды.
"Тәуелсіздіктің 30 жылдығында Қазақстан халқы тарихи белестен өтті: Алматы облысындағы Жәния Азаматқызы 19 миллионыншы азамат атанды", – деп жазды Тоқаев Twitter парақшасына.
2021 жылы Қазақстанның 17 өңірінің 11-інде халық санының өсуі байқалды. Бұлар – миллионнан астам тұрғыны бар қалалар, Қазақстанның батыс және оңтүстік аймақтары. Қалған алты облыста, атап айтқанда Қазақстанның солтүстігінде, орталығында және шығысында халық саны азайған. ЕҢ ЖОҒАРЫ ӨСІМ Дегенмен 2022 жылы халық саны қарқынды өскен. Халық санының 3,3%-бен өсуі алғаш рет тіркелді. Мұны сарапшылар соңғы онжылдағы ең жоғары көрсеткіш деп бағалады.
"2022 жыл Қазақстан үшін өте маңызды, себебі ол ел мен оның тұрғындарының дамуындағы жаңа кезеңнің басталуын білдіреді. Соңғы бір-екі жылда халықтың ұдайы өндірісінің барлық салаларында оң бағытта түбегейлі өзгерістер болды. Бұған туу көрсеткішінің өсуі, өлім-жітімнің азаюы, туу мен өлгендердің арақатынасынан есептелетін халықтың табиғи өсімі жатады. Бала туу көрсеткішін айтатын болсақ, 2022 жылы соңғы онжылдықпен салыстырғанда жоғары. Өткен онжылдықпен салыстырғанда 1991 жылдан 2003 жылға дейін төмендеу байқалды. Әсіресе, 1997, 1998 жылдары", – дейді демограф Алтын Уалтаева.
Сарапшының пікірінше, халықтың өсімі баяу болғанымен байқалады. Яғни Қазақстанда өсу бойынша теріс сальдо жоқ. ӘЙЕЛДЕР ЕРЛЕРДЕН 5%-ҒА КӨП Белгілі болғандай, 2023 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстан халқының саны 19,9 млн адамға жеткен, бұл бір жыл бұрынғы көрспеткіштен 1,41%-ға артық. Биыл жыл басына қарай елімізде 19,8 миллион адам болса, жылдық өсім 1,35 пайызды құрады. Жалпы алғанда, ел халқының өсу қарқыны 1,28%-1,49% деңгейінде. 2023 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Алматы (2,2 млн адам), Түркістан (2,1 млн адам) және Алматы облысы (1,5 млн адам) халық саны бойынша алдыңғы орынға шықты. Ең аз халық саны Ұлытау, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстарында тіркелді: барлығы сәйкесінше 221,5 мың, 531,7 мың және 608,9 мың адам. Сонымен қатар, бірқатар облыстарда – Солтүстік Қазақстан, Абай, Жетісу, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында халық санының төмендеуі байқалды. Гендерлік көрсеткіш бойынша жыл басында ерлер саны бір жылда 1,4%-ға өсіп, 9,6 млн адамға, әйелдер саны 1,3%-ға өсіп, 10,1 млн адамға жетті. Әйелдердің жалпы саны ерлер санынан 4,9%-ға асып түсті. Ел халқының 35,5%-ын 18 жасқа дейінгі балалар құрады: шамамен 7 млн. Елде 29 жасқа дейінгі 2,7 миллион ересек жас бар. 60 пен 69 жас аралығындағы халық саны 1,6 млн адамды, 70 пен 79 жас аралығындағылар – 681,6 мың адамды, 80 жастан асқандар – 317,3 мың адамды құрады. Еңбек министрлігінің мәліметінше, этникалық көші-қон, сондай-ақ этникалық қазақтар мен ішкі мигранттардың Қазақстанның жұмыс күші тапшы аймақтарына өз еркімен қоныстануы осы өңірлерді жұмыс күшімен қамтамасыз етуге және елдегі қоныстандырудың біркелкі тығыздығына оң әсер еткен.
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыныз

Ұқсас жаңалықтар