сенбі, 29 наурыз, 2025 14:01

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қазақстан интернет жылдамдығы бойынша әлемдік рейтингте 8 сатыға жоғарылады

Қазақстан интернет жылдамдығы бойынша әлемдік рейтингте  8 сатыға жоғарылады
Ашық дереккөз
Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді

Ookla халықаралық аналитикалық компаниясы 2025 жылдың қаңтарына арналған Speedtest Global Index рейтингін жариялады. Бұл тізімде Қазақстан өз позициясын айтарлықтай жақсартып, интернет жылдамдығы бойынша жоғары нәтиже көрсетті, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Мобильді интернет бойынша еліміз 8 сатыға көтеріліп, 49-орынға тұрақтады. Орташа жүктеу жылдамдығы 81,58 Мбит/с, жіберу жылдамдығы 18,42 Мбит/с, ал кідіріс 18 мс деңгейінде тіркелді. Фиксирленген кеңжолақты интернет санатында Қазақстан 5 орынға жоғарылап, 83-орынды иеленді. Бұл сегментте жүктеу жылдамдығы 77,93 Мбит/с, жіберу жылдамдығы 80,83 Мбит/с, ал кідіріс 5 мс болды.

Интернет жылдамдығының артуы – мемлекеттік бағдарламалар мен байланыс операторларының телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жұмысының нәтижесі. Өткен жылы фиксирленген байланыс желілері жаңғыртылып, 4G желісінің қамту аймағы кеңейтілді, сондай-ақ ірі қалаларда 5G технологиясын енгізу басталды. Бұл шаралар Қазақстанның интернет сапасын халықаралық деңгейде жақсартуға ықпал етті.

Бұдан бөлек, "Қолжетімді интернет" ұлттық жобасы аясында 2025-2027 жылдары ауқымды бастамалар жүзеге асырылады. Жоспар бойынша 3010 ауылға оптикалық-талшықты байланыс желісі тартылады, 1120 ауылда интернетті әр үйге дейін жеткізу үшін "соңғы миля" жобасы субсидияланады. Сондай-ақ, 5G желісі Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында кеңейтіліп, 250-ден астам шалғай елді мекен спутниктік интернетпен қамтылады.

Жылдам әрі сапалы интернет – IT-индустрияның дамуына, онлайн білім беруге, электрондық коммерцияны ілгерілетуге және экономиканың басқа да маңызды салаларына оң әсер етеді. Министрлік интернет сапасын жақсарту жұмыстарын жалғастыратынын мәлімдеді.

Айта кетейік, Ookla – интернет жылдамдығы мен сапасын талдауға маманданған халықаралық жетекші компания. Ол Speedtest қызметімен танымал, бұл сервис пайдаланушыларға интернеттің жүктеу және жіберу жылдамдығын, сондай-ақ кідіріс деңгейін тексеруге мүмкіндік береді. Speedtest Global Index ай сайын әлем елдеріндегі интернет сапасын бағалап, объективті рейтинг жасақтайды.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар