Қазақстан мен Германия теміржол өнеркәсібінде серіктестікті күшейтеді
- авторБақытжан Бекболат
- 29 қазан, 2025
- 281
Қазақстан делегациясы, Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбековтың жетекшілігімен, Германияның ең ірі теміржол компанияларының бірі — Deutsche Bahn AG өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Неміс тарапынан кездесуге компанияның жылжымалы құрам және қосалқы бөлшектерді сатып алу жөніндегі аға вице-президенті Торстен Лац қатысты.
Келіссөздер барысында тараптар қазақстандық кәсіпорындардың Deutsche Bahn жеткізу тізбегіне қосылуы үшін қажетті сертификаттау және аккредиттеу үдерістерін талқылады. Әңгіме барысында сынақ кезеңдері, материал сапасын растау, сапа менеджменті жүйелерінің халықаралық стандарттарға сәйкестігі және Deutsche Bahn сарапшыларының қатысуымен өтетін пилоттық сынақтар мәселелері қозғалды.
Сонымен қатар, кепілдік қызмет көрсету тәжірибесін енгізу, логистикалық қолдау және технологиялық өзара іс-қимылды арттыру бағытында тәжірибе алмасу қарастырылды.
Олжас Сапарбеков Қазақстан үшін экспортқа бағытталған машина жасау саласын дамыту – өнеркәсіптік саясаттың басым бағыты екенін атап өтті. Ол отандық зауыттардың өндіріс желілерін жаңғыртуға, еуропалық стандарттарға сай технологияларды енгізуге және пилоттық жобаларды бірлесіп іске асыруға дайын екенін жеткізді.
Өз кезегінде Deutsche Bahn өкілдері сенімді және жоғары сапалы жеткізушілермен әріптестік орнатуға мүдделі екенін білдіріп, қазақстандық өнеркәсіптік алаңдарды бағалау және сынақтан өткізу кезеңінде кеңесшілік қолдау көрсетуге дайын екендерін айтты. Сонымен қатар, неміс тарапынан қауіпсіздік пен сапа талаптарын қатаң сақтау – нарыққа шығудың басты шарты ретінде атап өтілді.





