Қазақстан Президенті Иордания Королін «Алтын Қыран» орденімен марапаттады
- авторСадуақас Айсұлу
- 19 ақпан, 2025
- 199

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Иордания Королі II Абдалла бен әл-Хусейнге Қазақстанның ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденін табыстады, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Марапаттау рәсімінде Президент қазақ-иордан қарым-қатынасының берік әрі достық тұрғыда дамып келе жатқанын атап өтті. Ол Король II Абдалланың екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалап, Иорданияны Қазақстанның сенімді серіктесі әрі бауырлас мемлекеті екенін ерекше атап өтті.
– Ұлы Мәртебелі Королдің айнымас ниетінің арқасында біз экономика мен инвестициялық ықпалдастықтан бастап мәдени және білім салаларына дейін өзара мүддемізге сай келетін ынтымақтастығымызды нығайттық. Аса көрнекті мемлекет қайраткері, бейбітшіліктің қорғаны әрі даналықтың үлгісі ретінде Сіздің ісіңіз әлемдегі көп адамға жігер береді. Қазақстан халқы Сізді ерекше құрметтейді. Иорданияның тек серіктес қана емес, нағыз достас ел екенін мақтан тұтамыз. Ұлы Мәртебелі Королдің байыпты басшылығымен Иордания өңірдегі тұрақтылықты, дінаралық диалогты және гуманитарлық қызметті ілгерілетуде шешуші рөл атқарып отыр. Бұл құндылықтар Қазақстанның бейбітшілікті, толеранттылық пен дипломатияны жақтайтын ұстанымына сай келеді. Сіздің зор күш-жігеріңіз бен ұдайы қолдауыңыздың арқасында біз өзара ынтымақтастығымыздың келешегіне зор үмітпен қараймыз, – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Король II Абдалла Қазақстан тарапынан көрсетілген жоғары құрмет үшін алғысын білдіріп, қазақ-иордан достығының одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.