Қазақстанда «алтын виза» енгізіледі: шарттары қандай
- авторБақытжан Бекболат
- 1 мамыр, 2025
- 408

Бұл жаңашылдық Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттырып, ұзақ мерзімді іскерлік серіктестікті дамытуға бағытталған, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Министрліктің хабарлауынша, енді қазақстандық компаниялардың жарғылық капиталына немесе жергілікті бағалы қағаздарға кемінде 300 мың АҚШ доллары көлемінде инвестиция салған шетел азаматтары инвестор визасын электронды түрде рәсімдеуге өтінім бере алады. Бұл «алтын виза» иелеріне Қазақстанда 10 жылға дейін тұруға мүмкіндік беретін ықтиярхат алу құқығын береді.
Сыртқы істер министрлігі атап өткендей, мұндай визалық бағдарламалар бүгінде халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылып келеді – мысалы, Еуропа елдерінде, АҚШ-та, Біріккен Араб Әмірліктері мен Сингапурда. Олар шетелдік капиталды, заманауи технологияларды және іскерлік белсенділікті тартудың тиімді тетігі ретінде өзін танытты. Енді Қазақстан да осы бағытқа қосылып, инвестициялық резиденттікке негізделген өз үлгісін ұсынып отыр.
– «Алтын виза» беру шетелдік инвесторлар үшін қолайлы әрі болжамды орта қалыптастырып, заңды кепілдіктермен қамтамасыз етеді және еліміздегі инвестициялық ахуалға деген сенімді нығайтады. Бұл жаңалық – Қазақстанның ашықтық, капиталды қорғау және халықаралық экономикалық байланыстарды орнықты дамыту жолындағы стратегиялық бағытын көрсетеді, – делінген министрлік мәлімдемесінде.
Құжат ресми жарияланған күннен кейін 10 күн ішінде күшіне енеді.
Айта кетейік, бұған дейін елімізде Neo Nomad визасын қанша шетелдік азаматтың алғаны туралы ақпарат жарияланған болатын.