Қазақстанда бөтен ЭЦҚ-ны пайдаланғаны үшін жауапкершілік күшейтілді
- авторjambylinfo.kz
- 17 наурыз, 2025
- 159

Қазақстанда бөтен адамның электрондық цифрлық қолтаңбасын (ЭЦҚ) пайдаланғаны үшін жауапкершілік қарастырылған жаңа әкімшілік құқықбұзушылық түрі енгізілді.
Бұған дейін әкімшілік жауапкершілік тек ЭЦҚ кілтін үшінші тұлғаларға заңсыз бергені немесе оны қорғау шараларын қабылдамағаны үшін қарастырылған болатын. Енді түзетулер күшіне енгеннен кейін ЭЦҚ-ны берген де, оны пайдаланған адам да жауапқа тартылады.
Сонымен қатар, 13 наурыздан бастап дербес деректер мен ЭЦҚ-ны қорғау саласындағы құқықбұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту мерзімі ұзартылды. Бұрын бұл мерзім құқықбұзушылық жасалған күннен бастап екі айды құраса, енді бір жылға дейін ұзартылды.
Бұдан бөлек, жеке деректерді заңсыз жинау, өңдеу және оларды қорғау шараларын сақтамағаны үшін салынатын айыппұл көлемі үш есеге артты. Бұрын айыппұл мөлшері құқықбұзушылықтың сипатына және кәсіпкерлік субъектісінің санатына байланысты 10-1000 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) аралығында болса, енді ол 30-2000 АЕК-ті құрайды. Бұл 2025 жылғы есеп бойынша 117 мыңнан 7,8 миллион теңгеге дейінгі соманы құрайды.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз