Қазақстанда француз университетінің филиалы ашылады
- авторСадуақас Айсұлу
- 30 маусым, 2025
- 245

Қазақстанда француз инженерлік университетінің филиалы ашылады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Қазақстанда шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Францияның жетекші инженерлік мектебі — Grenoble INP – Phelma, UGA университетімен келісімге келді. 2026 жылы бұл университеттің филиалы Satbayev University базасында ашылады.
Қол қою рәсіміне министр Саясат Нұрбек пен Францияның Қазақстандағы елшісі Сильван Гиоге қатысты. Келісімге екі оқу орнының вице-президенттері — Гюльген Алпан (Grenoble INP – Phelma, UGA) және Самғат Ермекбаев (Satbayev University) қол қойды.
Grenoble INP – Phelma, UGA — ядролық технологиялар, электроника және материалтану салаларында мамандар даярлайтын Еуропаның алдыңғы қатарлы техникалық университеттерінің бірі. Оның инженерлік бағдарламалары халықаралық рейтингтерде жоғары бағаланған.
Жаңа филиалда 3+1 форматында қос дипломды білім беру бағдарламалары іске қосылады. Олар ядролық инженерия, жаңартылатын энергия және озық технологиялар салаларын қамтиды. Студенттер Франциядағы атом электр станцияларында тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болады.