жұма, 19 желтоқсан, 2025 17:27

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қазақстанда көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы ұсынылды

Қазақстанда көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы ұсынылды
Фото: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасының (бұдан әрі – Тұжырымдама) жобасын әзірледі, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Құжаттың негізгі мақсаты – мигранттарды сапалы іріктеуге, көші-қон ағындарының тепе-теңдігіне және адами капиталды дамытуға негізделген қауіпсіз және басқарылатын көші-қон жүйесін құру. Қазіргі уақытта Тұжырымдама Үкіметте  қаралып жатыр.

Тұжырымдама мынадай негізгі бағыттарды қамтиды:

1. Migration.enbek.kz платформасы негізінде көші-қон мониторингінің бірыңғай цифрлық жүйесін құру арқылы көші-қон ағындарын тіркеу жүйесін жетілдіру. Платформада барлық уәкілетті органдардың деректері  интеграцияланатын болады: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі және басқа да ведомстволар.

Бұл көші-қон процестерінің толық және сенімді бейнесін жасауға мүмкіндік береді, соның ішінде мигранттардың келуі, болуы, білім алуы, жұмысқа орналасуы және әлеуметтік жағдайы туралы деректер. Жиналған деректердің негізінде көші-қон үрдістерін болжау, аналитикалық есептерді әзірлеу және уақтылы басқару шешімдерін қабылдау  қамтамасыз етіледі.

Бұдан басқа, enbek.kz жүйесін Ұлттық білім беру базасымен және басқа да ақпараттық ресурстармен интеграциялау жоспарлануда, бұл түлектердің, қоныс аударушылардың  және мемлекеттік бағдарламаларға қатысушылардың жұмысқа орналасуы туралы мониторингті қамтамасыз етеді.

Бұл бағытты іске асыру көші-қон процестерінің ашықтығын, көші-қон тәуекелдеріне уақтылы ден қоюды, мемлекеттік реттеудің тиімділігін арттыруды және басқармалар арасындағы функциялардың қайталануын жоюды қамтамасыз етеді;

2. Еңбек көші-қонын ынталандыру және реттеу  өңірлік диспропорцияны азайтуға, кәсіпкерлік белсенділікті дамытуға, жұмыспен қамтуды арттыруға, оның ішінде қандастар мен мигранттар арасында, әлеуметтік тұрақтылық пен адами капиталды нығайту үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Жұмыс күшінің шыққан және еңбек ресурстарын қабылдайтын өңірлер арасында өңіраралық меморандумдар жасасу, шетелдік жұмыс күшін тартудың реттелуін жетілдіру, сондай-ақ мобилді  кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі шараларды іске асыру жоспарлануда.

Ішкі қоныс аударушылар мен қандастарды қолдауға ерекше назар аударылады. Тұжырымдамада елдің солтүстік, шығыс және орталық облыстарында қоныс аударуға және қоныстануға арналған жыл сайынғы өңірлік квоталарды бекіту көзделген. Бұл өңірлерде ауыл халқының табысын арттыруға, оның ішінде жеке қосалқы шаруашылықтарға жеңілдікпен кредит беру, кооперацияны дамыту және шағын бизнесті ынталандыру арқылы бағытталған жобалар дамитын болады.

Осы бағытты іске асыру еңбек ресурстарын оңтайлы қайта бөлуге, жұмыспен қамту деңгейін арттыруға және өңірлердің демографиялық әлеуетін нығайтуға ықпал ететін болады;

3. Шетелде жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарының құқықтарын қорғауға, білікті мамандарды тартуға, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және этникалық қазақтарды қолдауға бағытталған сыртқы көші-қонды басқару тетіктерін жетілдіру.

Осы бағыттың шеңберінде Қазақстан азаматтарының еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау бойынша Еуропа мен Азияның бірқатар елдерімен екіжақты келісімдер жасасу, жұмысқа орналасу мақсатында шетелге шығатын азаматтардың мониторингінің цифрлық платформасын құру, сондай-ақ сыртқы еңбек көші-қонын бақылау және ақпараттық сүйемелдеу тетіктерін дамыту көзделеді.

Білікті шетелдік мамандар мен шетелдік студенттерді тартуға  ерекше көңіл бөлінеді. Салалық университеттер құру, Орталық Азия елдерінде кәсіптік бағдарлау кампанияларын өткізу жоспарлануда.

Бұдан басқа, Тұжырымдамада тарихи отанына оралған қандастарды қолдау шаралары қарастырылған. Оларды интеграциялау үшін бірыңғай стандарт әзірленеді, қоныстандыру бойынша өңірлік бағдарламалар іске асырылады, сондай-ақ «Ата жолы» картасы жетілдірілетін  болады.

Тұжырымдама әлеуметтік ұйымшылдықты нығайтуға, көші-қон тәуекелдерін азайтуға және мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыруға бағытталған көші-қонды реттеуге тұтас және теңгерімді тәсілді қалыптастырады.

Құжатты қабылдау Қазақстан үшін қандай да бір жағымсыз қоғамдық-саяси салдарға әкеп соқпайды.

Тұжырымдаманы іске асыру мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы қаражатын талап етпейді. Бұл ретте Еңбек министрлігі 73 іс-шара мен 14 нысаналы индикаторды қамтитын іс-қимыл жоспарын дайындады.

Бөлісу:
Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар