Қазақстанда “модельдік агенттік” атын жамылған қылмыстық топ ұсталды
- авторСадуақас Айсұлу
- 7 тамыз, 2025
- 524
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті мен облыс прокуратурасы бірлесіп, Қазақстан аумағында интернет арқылы заңмен тыйым салынған бейнематериалдарды дайындап, таратқан қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойды,
Аталған топ «модельдік агенттік» атауын жамылып, еліміздің 10-нан астам қаласында, оның ішінде Өскеменде де вебкам-студиялар ашып, ашық эфирлер жүргізген. Олар 18 бен 25 жас аралығындағы қыздарды жұмысқа шақырып, айына 2 миллион теңгеге дейін табыс табуға болады деп сендірген.
Арнайы жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде, ұйымдастырушылардың 1 миллиард теңгеден астам кіріс тапқаны анықталды. Тергеу барысында 120-дан аса компьютер, веб-камералар, жарықтандыру құрылғылары және басқа да техникалық жабдықтар тәркіленді.
Қазіргі таңда бұл іске қатысы бар 14 адам ұсталды. Олардың арасында қылмыстық бизнесті ұйымдастырған негізгі тұлғалар да бар.
Полиция азаматтарды интернеттегі «жеңіл табыс» ұсынатын жарнамаларға абай болуға шақырады. Егер жұмыс ресми түрде тіркелмесе немесе заңға қайшы белгілер байқалса, ондай қызмет түрінен бас тартуға кеңес беріледі.




