жексенбі, 27 шілде, 2025 0:17

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қазақстандық полицейлер Германиядан келген саяхатшыларға қолдау көрсетті

Қазақстандық полицейлер Германиядан келген саяхатшыларға қолдау көрсетті
Фото: Polisia.kz
Германиялық велошабандоздар қазақстандық полицейлерге алғыс білдірді

Германиядан келген велошабандоздар Павлодар облысында көрсетілген көмек пен қонақжайлық үшін қазақстандық полицейлерге алғыстарын білдірді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz polisia.kz cілтеме жасап.

Әлеуметтік желілерде Германиядан келген велошабандоздар павлодарлық полицейлерге алғыс білдірген видеосы тарады. Белгілі болғандай, Шарбақты — Астана автожолын патрульдеу кезінде автопатруль құрамындағы Абай Тыныбаев пен Мақсат Қожанбаев рұқсат етілмеген трассамен келе жатқан екі велосипедшіні тоқтатқан. Әңгіме барысында шетелдіктердің 1 мамырда Германиядан Қытайға аттанғанын, Гиннес рекордтар кітабына ену үшін сапар шегіп жүргенін білген полицейлер, олардың армандарына жетуге көмектесуге шешім қабылдаған.

– Бізге тағы 80 шақырымдай жол жүру керек болатын. Жолдың жартысында бізді полиция қызметкерлері тоқтатты. Велосипедпен бұл жолмен жүруге болмайтынын түсіндірді. Біз бұл туралы білмегенімізді айттық. Полицейлер өте мейірімді болды, айыппұл салудың орнына түскі асқа шақырды. Ас үстінде әңгімелесіп, арманымыз бен жоспарларымызды айтып бердік, ал олар полициядағы қызметі жайлы баяндады. Кейінірек бізге жолға қажетті азық-түлік сатып алып беріп, Екібастұз қаласына дейін шығарып салып, әріптестеріне табыстады. Мұндай әрекет полицейлердің мейірімділігін және адамгершілігін көрсетеді, — дейді шетелдіктер.

Полицейлердің қонақжайлылығы мұнымен аяқталған жоқ. Талбикке Томмидің айтуынша, олар кешкі уақытта Екібастұз қаласына жеткенде қайда тоқтайтынын білмеген. Сол кезде полиция аға лейтенанты Дархан Таурбаев көмекке келіп, үйіне шақырып, қонақ еткен. Келесі күні таңғы астан кейін Дархан оларды “Богатырь” кен орнының көрініс алаңына апарды. Ондағы экскаваторлар мен көмір өндіруге арналған ірі техника шетелдік саяхатшыларға ерекше әсер қалдырды. Шетелдік қонақтар полиция қызметкерлеріне шын жүректен алғыстарын білдіріп, сапарын жалғастырды. Қоштасар сәтте тәртіп сақшылары оларға сәтті жол, жол ережесін қатаң сақтау және қиын жағдайда полицейлерге жүгіну қажеттігін еске салды.

– Бұл жағдай полиция қызметкерлерінің мейірімділігі мен адамгершілігі шетелдік туристердің еліміз туралы оң пікір қалыптастыруына сеп болатынын тағы бір мәрте дәлелдейді, – деп атап өтті ведомство өкілдері.

Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар