бейсенбі, 13 наурыз, 2025 20:08

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қазақстандық шорт-трек шеберлері әлем чемпионатына аттанды

Қазақстандық шорт-трек шеберлері әлем чемпионатына аттанды
Фото: Сали Сабиров
Бұл туралы Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді

Ертең Қытайдың Бейжің қаласында шорт-тректен әлем чемпионаты басталады, - Jambylinfo.kz 

Жыл сайын өтетін бұл додада спортшылар 500, 1000 және 1500 метр қашықтықтарда жекелей жарысқа түседі. Сонымен қатар, ерлер 5000 метрге, әйелдер 3000 метрге эстафеталық сайысқа қатысады. Аралас эстафетада да жүлделер сарапқа салынады.

1976 жылдан бері үздіксіз өткізіліп келе жатқан әлем чемпионаты алғаш рет АҚШ-тың Шампейн қаласында ұйымдастырылған. Ал Бейжің бұл жарысты үшінші рет қабылдауда – бұған дейін 1993 және 2005 жылдары чемпионат дәл осы қалада өткен.

Петр Гамидов жаттықтыратын Қазақстан ұлттық құрамасы биылғы маусымда сенсациялық нәтижелерге қол жеткізді. Ақпанда Харбинде өткен IX қысқы Азия ойындарында қазақстандық спортшылар 1 алтын, 2 күміс медаль еншілеп, тарихи жетістікке жетті. Бұл шорт-трекшілеріміздің Азия ойындарында 30 жыл күткен алтын жүлдесі еді. Жеңісті Әділ Ғалиахметов, Айбек Нәсен, Денис Никиша, Мерсаид Жақсыбаев, Абзал Әжіғалиев және Глеб Ивченко алып берді.

Сондай-ақ, 2000 метрге аралас эстафетада Әділ Ғалиахметов, Малика Ермек, Денис Никиша, Яна Хан финалда күміс жүлдеге қол жеткізді. 3000 метрлік әйелдер эстафетасында да Малика Ермек, Зейнеп Құмархан, Алина Әжіғалиева, Мадина Жанбосынова, Яна Хан, Ольга Тихонова жоғары нәтиже көрсетіп, күміс медальға ие болды.

Азия ойындарынан кейін Қазақстанның ерлер құрамасы Италияда өткен Әлем кубогінде 5000 метрлік эстафетада қола жүлдегер атанды. Бұл додада Әділ Ғалиахметов, Глеб Ивченко, Денис Никиша және Мерсаид Жақсыбаев өнер көрсетті. Бұл – Қазақстан құрамасының 2024-2025 жылғы маусымдағы екінші әлемдік жүлдесі. Бұған дейін желтоқсанда әйелдер құрамасы 3000 метрлік эстафетада қола медаль еншілеген болатын.

Былтыр Нидерландтың Роттердам қаласында өткен әлем чемпионатында Денис Никиша 500 метр қашықтықта күміс жүлдеге ие болып, ел тарихында шорт-тректен алғашқы әлемдік жүлдені жеңіп алды. Ол кезде қазақстандық спортшы 9 дүркін әлем чемпионы, Олимпиада жеңімпазы қытайлық Линь Сяоцзюньнен сәл ғана қалып қойған еді.

Бейжіңдегі әлем чемпионатында Қазақстан атынан сынға түсетін спортшылар:

Ерлер: Абзал Әжіғалиев, Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Мерсаид Жақсыбаев, Глеб Ивченко.

Әйелдер: Яна Хан, Зейнеп Құмархан, Ольга Тихонова, Малика Ермек, Алина Әжіғалиева.

Қазақстан құрамасы маусым бойы жоғары деңгейде өнер көрсетіп келеді. Енді олар әлем чемпионатында да табысты нәтиже көрсетуге дайын!

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар