Жаңалықтар
Қазақстандықтар Мекке мен Мединаға тікелей әуе рейсімен қатынайды – Министр Тауфик әл-Рәбиа
- авторjambylinfo.kz
- 27 қыркүйек, 2022
- 173
Қазақстандықтар Мекке мен Мединаға тікелей әуе рейсімен қатынайды – Министр Тауфик әл-Рәбиа
Сауд Арабиясы бүкіл әлемнің құлшылық етушілерін қолдауға арналған «Nusuk» атты интеграцияланған мемлекеттік цифрлық платформаны іске қосты, деп хабарлайды ҚазАқпарат .
Қажылық және Умра министрі Тауфик әл-Рәбианың сөзіне қарағанда, аталған жобаның Қазақстанды да қамтуы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы елге жасаған сапары қаншалықты жемісті болғанын көрсетеді.
«Қазақстан мен Сауд Арабиясының арасындағы қарым-қатынас өте қарқынды дамып келеді. Бізді жоғары мәртебелі Президент мырзаның екі ай бұрын Сауд Арабиясына жасаған сапары қуантты. Бұл сапар өте жемісті болып, көптеген келісімге қол қойылды. Келешекте бұл келісімдер екі ел қарым-қатынасына серпін береді деп ойлаймыз. Қазақстан мен Сауд Арабиясының арасындағы қарым-қатынастың тығыз екенін айта отырып, мен Қажылық және Умра министрі болып тағайындалғаннан кейінгі екінші сапарымды сіздерге жасап отырғанымды атап өткім келеді. Яғни, бұл менің осы лауазымдағы екінші сапарым болып тұр.
Сондай-ақ екі елдің тығыз байланысының бір мысалы ретінде Қазақстан азаматтарының Сауд Арабиясына сайт арқылы немесе Сауда Арабиясының Елшілігіне бару арқылы электронды виза алып, қажылық жасай алатынын келтіруге болады», - дейді министр.
Сонымен қатар доктор Тауфик әл-Рәбиа екі елдің арасында тікелей әуе рейстерін ашу арқылы Nusuk жобасын қолданушы қазақстандықтардың сапарын одан әрі жеңілдете түсу жоспарда бар екенін жеткізді.
«Бұл істе біз Қазақстан Үкіметімен бірге бүкіл шараларды қарастырып жатырмыз. Fly Nas компаниясымен келіссөз жүріп жатыр. 2023 жылы осы бағытта жаңалық болады. Бірақ бұл біз әуе тасымалында тек Fly Nas компаниясымен ғана әріптестік орнатамыз деген сөз емес. Есігіміз бәріне ашық – Сауд Арабиясының компанияларына да, Қазақстан компанияларына да ашықпыз. Келешекте Қазақстан мен Сауд Арабиясының қалалары арасында әуе тасымалын дамытуды жоспарлап отырмыз. Бүгін мен Қазақстанның Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрімен кездесу өткіздім. Сол кезде осы мәселені талқыладық. Сондай-ақ біз екі елдің әуе компанияларының әріптестігін дамыту, екі елдің арасында тікелей әуе қатынасын орнату мәселелерін сөз еттік. Министр мырза бұл идеяны қолдап, келешекте міндетті түрде аталған мәселені зерделеп, тікелей әуе қатынасын енгізетінін мәлім етті», - деді Сауд Арабиясының өкілі.
Қажылық және Умра министрінің айтуына қарағанда, пандемия алдында Қазақстан азаматтарына Сауд Арабиясының электронды визасын беру жолға қойыла бастаған. Енді аталған жобаны Nusuk мемлекеттік платформасының аясында өрістетудің мүмкіндігі туып отыр.
«Электронды визаны бірнеше минуттың ішінде алуға болады. Кейінгі уақытта Қазақстаннан келетін туристердің саны артып отыр. Жыл басынан бері Сауд Арабиясына сіздердің елден келген құлшылық етушілердің саны 36 мыңға жетті. Жоғары мәртебелі король Салман бен Әбделазиз Әл Саудтың Үкіметі корольдігіміздің екі қасиетті қаласы Мекке мен Мединаға, басқа да қалаларымызға бүкіл әлемнен келушілерді тартуға үлкен мән береді. Сондықтан біз бүкіл мұсылмандарды, сондай-ақ Қазақстанның барша азаматтарын өз елімізде көргіміз келеді.
Nusuk мемлекеттік платформасын Умра сапарын қалай орындауға болатынын сипаттайтын орын деуге болады. Сондай-ақ жаңағы айтып отырған электронды визаны қалай алуға болатыны, қосымша қандай жерлерге саяхат жасауға болатыны туралы толыққанды ақпарат табуға болады. Бұл – барша әлем жұртына арналған платформа. Бірақ оның іске қосылатыны туралы мәлімет осы жерде тұңғыш рет жарияланып отыр.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
2025 жылдан бастап педагогтардың еңбегі жаңаша бағаланады
- авторjambylinfo.kz
- 30 қазан, 2024