Қазақстанның Түркістанға қатысты бастамасын ЮНЕСКО оң бағалады
- авторБақытжан Бекболат
- 17 шілде, 2025
- 664
6–16 шілде аралығында Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде өткен Дүниежүзілік мұра комитетінің 47-сессиясына Қазақстан үкіметаралық органның мүшесі ретінде белсенді қатысты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Сессияда 1972 жылғы мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы Конвенцияның орындалуы, жаңа нысандарды тізімге енгізу және бұрыннан тіркелген мұра нысандарының жай-күйі талқыланды. Комитеттің бұл жолғы отырысы Болгарияның төрағалығымен өтті.
ЮНЕСКО Бас директоры Одре Азуле өз сөзінде мұраны сақтау – бейбітшілік пен келешек ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілік екенін атап өтті.
«Бейбіт өмір сүру үшін біз мәдени және табиғи мұрамызды қорғауымыз, келер ұрпаққа аманаттап тапсырыуымз және оның мәнін ұдайы ұғынып тұруымыз қажет. 1978 жылдан бері Дүниежүзілік мұра тізімі 1200-ден астам нысанмен толықты. Олар 4,8 миллион шаршы шақырымнан асатын аумақты қамтиды. Бүгінгі таңда бұл Конвенцияға 196 мемлекет қосылды – бұл оның әмбебаптығын және барынша кеңінен мойындалғанын көрсетеді», – деді ол.

Қазақстан делегациясы құрамында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлфұхар Жолдасов, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұргамбаев, Мәдениет министрінің кеңесшісі Олжас Шериязданов, ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның өкілдері мен салалық сарапшылар болды.

Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов еліміздің ЮНЕСКО-мен серіктестігі нығая түскенін, сондай-ақ Қазақстанның мәдени және табиғи мұраны қорғау ісіндегі жауапкершілігін атап өтті.
«ЮНЕСКО-ның осындай ықпалы зор органына мүше болу – Қазақстан үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Екінші сессия қатарынан еліміз адамзат үшін ерекше маңызды мәдени және табиғи мұраны қорғауға белсене атсалысуда», – деді Асқар Абдрахманов.
Сессия қорытындысында 26 жаңа нысан тізімге енгізіліп, 248 ескерткіштің жағдайы қаралды. Олардың ішінде Қазақстанның 4 нысаны бар: Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Батыс Тянь-Шань, Тұран шөлдері және Жібек жолының Чанъань–Тянь-Шань дәлізі.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қатысты есеп шеңберінде Комитет Қазақстанда қабылданған «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңды құптап, онда мәдени мұраны қорғау және тұрақты туризм қағидаларының ескерілгенін жоғары бағалады. Заңға сәйкес, кесене аумағында 7 метрден биік құрылыс салуға тыйым салынған.
Қазақстан делегациясы сессияда бірқатар мәселелер бойынша белсенділік танытып, қабылданған 15 шешімнің тең авторы болды. Іс-шараға 150 мемлекеттен 1500-ге жуық делегат қатысты.
Айта кетейік, Қазақстан бұған дейін де (2013–2017 жж.) Дүниежүзілік мұра комитетінің мүшесі болған. Комитеттің қазіргі құрамында Қазақстанмен бірге 21 мемлекет бар.





