Айтыс - қазақ халқының төл өнері. Айтыс десе көз алдымызға қолындағы домбырасымен бір-бірімен өлең арқылы жауаптасып, қағысып отырған екі кейіпкер елестейді. Ал соңғы уақытта «Тіk Тok» желісі арқылы күнде тікелей эфирден айтыс ұйымдастырып, халыққа жырдан шашу шашып отырған ақындардың қарасы көбейді. Бұл ақындардың цифрлы әлемге сиқырлы өнермен ендей кіріп бара жатқанын көрсетсе керек, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Жамбыл облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілерорталығының бөлім меңгерушісі Фариза Кенжебаева қазақ айтысы ұлтымыздың рухани қазығы екенін айтады
«Айтыс – біздің рухани алтын қазығымыз. Біздің сол қазықтан айналып алысқа кете алмайтынымыз содан. Қазақ айтыс өнерін зерттеушілер, әдебиетші ғалымдар бірнеше түрге бөліп қарастырады. Мысалы, айтыс өз ішінен бәдік айтыс, жар-жар, жануарлар мен адамның айтысы, өлі мен тірінің айтысы, жұмбақ айтыс, салт айтысы – қыз бен жігіттің айтысы, ақындар айтысы болып бірнеше түрге бөлінеді. Қазіргі таңда бұл өнер де заман ағымына қарай дамып келеді. Кеше сөз ұстаған ақындар халықты аузына қаратып өлең айтып, ел мен елді берекеге шақырса, бүгінгі ақындар да түрлі әлеуметтік желі арқылы өз туындысын халықпен бөлісіп, ел ішіндегі кейбір мәселелер төңірегінде ойларын ашық айтып, қоғаммен бірге қайнап келеді.
Сондай-ақ, ол қазақ айтысы заманға сай түрленіп, жаңа сипат алып келе жатқанын атап өтті.
«Қазіргі таңда әлем цифрланып барады. Міне, бұл кезең ақындардың да жаһандық үдерістен қалып кетпеуіне итермелеп отыр. Тіпті ақындар оған да бейімделді. Мысалы, карантин кезінде онлайн айтыс ұйымдастырылды. Бұл ақындардың жаңа бір кезеңге аяқ басқанының көрінісі еді. Енді міне, «Тіk Тok» желісі арқылы күнде тікелей эфирден айтыс ұйымдастырып, халыққа жырдан шашу шашып отырған ақындардың қарасы көбейді. Бұл ақындардың цифрлы әлемге сиқырлы өнермен ендей кіріп бара жатқанын көрсетсе керек.
Кешегі жырау Жамбыл Жабаевтың:
«Жүйрік – жүйрік болар ма,
Шаршы төске сермемей?
Қыран – қыран болар ма,
Тас қияға өрлемей?
Жорға – жорға болар ма,
Төрт аяғы тайпалмай?
Батыр – батыр болар ма,
Қалың жауды қайтармай?
Ақын – ақын болар ма,
Арқа қызып, ән салмай?
Жиылған көп халайық,
Сөзіне ұйып тамсанбай?
Ақындар көз салыңдар,
Хиуаны шалыңдар.
Қиқу салып талайдан,
Келе жатқан сарын бар», – деп жырлайтыны бар емес пе?!
Міне, сол сарын бүгінгі таңда да үзілген жоқ»,-дейді ол.
Фариза Кенжебаева айтыскер ақындар ешқашан қоғамнан тыс қалмағанын, олардың сөзі әлеуметтік желілер арқылы ел құлағына жеткені дұрыс деп санайды.
«Айтыс ақындарының шежіресін тарқатқанда кезеңдерге бөліп қарастыратын болсақ, сонау Сыпыра жыраудан тартып, Жамбыл, Кененге дейінгі кезеңді бөлек, Кеңес үкіметінің кезін тағы да бөлек, ал тәуелсіздікке дейінгі өлара тұстағы ақындармен тәуелсіздік кезеңіндегі және тәуелсіздіктен кейінгі ақындар деп жік-жікке бөліп қарастыруға болады. Бір қызығы, осы кезеңдердің қай-қайсысын алып қарасаңыз да ақындар қоғамнан тыс қалған емес. Керісінше қоғамда болып жатқан процестер ақындардың ойы арқылы екшеліп, өлеңі арқылы халыққа жетіп отырғандай сезіледі. Сондықтан да бүгінгі таңда олардың рөлі әлі де болса күшеймесе, әлсіремей тұрғаны сондықтан. Бұдан біз ақындардың да цифрлық дәуірінде елден екшелмей, өздерін еркін ұстап, қашанда заманның жоқшысы, халық руханят қазынасының шырақшысы болып тұра беретініне сенімді бола бермекпіз.Сондықтан да облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының да алда атқарылатын жұмыстарының басым бағыты ақындардың абыройы мен бет-беделін көтеріп, олардың қоғамдағы орнын айқындап, цифрлы дәуірде де айтыстың дамуын алға ілгерілетуге барынша күш салып, тынымсыз еңбек ете бермек», - Жамбыл облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының бөлім меңгерушісі Фариза Кенжебаева.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
«1 млн. 107 600 теңге»: Жамбылдық ұстаздар ақшалай сыйақыға ие болды
- авторjambylinfo.kz
- 20 желтоқсан, 2024