сәрсенбі, 9 қазан, 2024 14:44

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Бүгін Қазақстанда Еңбек күні атап өтілді

Бүгін Қазақстанда Еңбек күні атап өтілді
Сурет: Ақорда
Қыркүйектің соңғы жексенбісінде елімізде Еңбек күні атап өтіледі

Жамбыл облысында Еңбек күні ауқымды іс-шаралармен атап өтілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Еңбек күнімен құттықтады. Мемлекет басшысы мерекені мемлекетіміздің тұрақты дамуына жасампаз ісімен үлес қосып келе жатқан нағыз еңбекқор жандарды ұлықтауға арналған маңызды мереке екенін атап өткен.  Өйткені, еңбеккерлер туған елдің жарқын болашағы үшін күн сайын тынбай еңбек етіп, отаншылдықтың озық үлгісін көрсетіп жүр.

  • "Адал азаматқа" тән еңбекқорлық, іскерлік, жауапкершілік, білімпаздық және жақсыдан үйрену, жаманнан жирену сынды асыл қасиеттің бәрі шынайы еңбек адамының бойынан табылады. Сондықтан өз ісінің майталмандары қашанда қоғамның назарында болуға тиіс. Ал, жастарымыз соларға қарап бой түзеуі керек. Халқымыз "Еңбек – адамның көркі, адам – заманның көркі" деп бекер айтпаған. Шын мәнінде, адал еңбек – бүкіл жетістіктің бастауы, табысқа жетудің кілті. Мемлекет осы басты қағидат барлық жерде салтанат құруы үшін бәрін жасайды", - деді Тоқаев.

Ол әділетті Қазақстанды еңбекқор, адал азаматтар ғана құра алатынына сенетінін атап өтті.

Ал, отандастардың пікірінше, Еңбек күні әулеттің өнегелі дәстүрін жалғастырып, кәсіби тұрғыдан өсуге ұмтылған үлгі боларлық адал азаматтың мерекесі.

  • Нарықтық экономика деген маңдайыңнан сипайтын әкең емес. Қимылдамасаң, қапы қаласың. Ішерге асың, киерге киімің болмай да қалады. Сондықтан, «Бейнет түбі – зейнет» екенін бағамдай біліп, жас шағыңда бейнет қылсаң, кейін зейнетін көресің. Зейнеттің ең үлкені, халықтың ықыласы. Ел алдындағы абыройың. Түрлі марапат көріп, есімің биік мінберлерден аталады. Құрмет-қошемет, абырой-атақтың өзі іздеп келеді. Елбасы Н.Назарбаевтың өзі де еңбек жолын жұмысшы болып бастағанын мақтаныш етеді. Ол өзінің «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» идеясын көз жетпейтін көкжиектен ойлап таппағанын айтып, «Бұл – практикалық, прагматикалық идея. Ол маған тіпті етене жақын, өйткені, мен қазақстандықтар жақсы білетіндей, өзімнің кәсіби жолымды «ақсаусақтар» секілді кабинетте де, паркетте де емес, жұмысшы-металлург ретінде бастадым. Ал бұл, атап айтсам, нағыз кәсіп! Мұндай еңбек мектебін қанша жыл өтсе де ұмыту мүмкін емес» деген еді. Мемлекет басшысының бұл сөзі еңбек адамдарын қанаттандыра түсері анық,-дейді А. Нәжімов.

 Еңбек күні Қазақстанды дамыту жолында ерен еңбек еткен, оны жаңа жетістіктерге жетелеген мамандарға құрмет көрсетіледі.

  • Біз еңбек мәдениетін дамытып, өскелең ұрпақты еңбекті құрметтеуге тәрбиелей отырып, еңбек адамы әрқашан ерекше құрметке ие болатын қоғам құрамыз. Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Бұл еңбекқорлық пен кәсіпқойлық құндылықтарын нығайтуға септігін тигізбек, - деп жазды Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінен.

2013 жылдың 22 қарашасында Мемлекет басшысының Жарлығымен қыркүйек айының соңғы жексенбісінде атап өтілетін Еңбек күні бекітілген. «Еңбек күні» мерекесіне орай Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің ұймдастыруымен  Жамбыл облысының оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы 2-қабатындағы мәжіліс залында іс – шара болды.

Жамбыл облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, басқармалары, кәсіподақ ұйымдары, Кәсіпорыннан келетін қызметкерлер, аудандар, марапатталушылар қатысты.

«Еңбек күні» мерекесіне орай облыс әкімінің құрмет грамотасымен, облыс әкімінің алғыс хатымен, Қазақстан Республикасы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің алғыс хатымен марапатталды.

Облыста жыл басынан еңбек адамын насихаттауға бағытталған 34 бейнеролик әзірленіп, әлеуметтік желілерде жарияланды. Мемлекет басшысы «Еңбек – бәрін жеңбек. Әрбір еңбек бағалы! Біз еңбекқор ұлт болуымыз керек!» деп жазған болатын.

Жамбыл облысы бойынша 2024 жылдың 8 айында облыс ұйымдары мен кәсіпорындарында жоспардан тыс 96 тексерулер мен 21 профилактикалық бақылау жүргізіліп, 318 бұзушылықтар анықталды.  Ағымдағы жылы бейресми жұмыспен қамтылған 2031 жұмыс берушідегі 4526 жұмыскердің еңбек қатынастары заңдастырылып, көлеңкелі экономикадан шығарылды.

Ақпараттық-түсіндіру және еңбек тәуекелдерінің алдын алу бағыты бойынша облыстық 159 еңбек ұжымдарында 1931 жұмыскердің қатысуымен еңбек қауіпсіздігі, еңбекті қорғау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар, мемлекеттік еңбек инспекторларымен жыл басынан жеке қабылдау жұмыстары барысында облыстық  200-ден аса тұрғынға еңбек заңнамаларымен қатысты консультативтік кеңестер берілді.

Одан бөлек, 139 іс-шара ұйымдастырылып бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы 194 ақпараттық мақалалар жарық көрді. Бүгінгі күні еңбек нарығындағы өзгерістер басты назарда, облыстағы мекемелерде еңбек қатынастарын реттеу мен еңбек заңнамасының сақталуы еңбек инспекциясының бақылауында.

Еңбек күні Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2013 жылғы қарашада жұмысшы мамандықтарына құрмет көрсету дәстүрлерін жаңғырту және ерте жастан еңбектің маңыздылығын түсіну мақсатында бекітілді.

Бұл күнді мерекелеудің негізгі мақсаты өнімді еңбекті ынталандыру, жастар арасында жұмысшы мамандықтарды насихаттау және Президенттің Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру жөніндегі идеясы шеңберінде жұмысшы әулеттерінің көпжылдық дәстүрлерін нығайту болып табылады.

Қазақстанда осы күннен бастап «Еңбек ардагері» медалі, ең жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі - «Қазақстанның Еңбек Ері» (Герой труда Казахстана) сияқты марапаттар тағайындалды. Мұндай шешім қазақстандық қоғамдағы еңбек адамының беделін арттыру мақсатында қабылданды.

«Еңбек ардагері» медалімен экономиканың әртүрлі салаларының қызметкерлері және жалпы жұмыс өтілі 40 жылдан астам, оның ішінде кемінде 10 жыл бір салада жұмыс істеген, сондай-ақ еңбек қызметінде ең жоғары нәтижелерге қол жеткізген зейнеткерлік жасқа жеткен адамдар наградталады.

«Қазақстанның Еңбек Ері» жоғары дәрежесі Қазақстан Республикасының экономикалық және әлеуметтік-гуманитарлық дамуындағы аса үздік жетістіктері үшін беріледі. «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болған адамдарға айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз және «Отан» ордені тапсырылады.

 

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар