бейсенбі, 24 қазан, 2024 4:23

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Бүгін Дінмұхамед Қонаевтың туған күні

Бүгін Дінмұхамед Қонаевтың туған күні
ашық дереккөзі
Бүгін Дінмұхамед Қонаевтың туған күні
Бүгін – қазақ тарихындағы ең ірі тұлғалардың бірі, мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың (1912-1993) туған күні, деп хабарлайды Жамбылинфо.
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының триггері Дінмұхамед Қонаевтың Қазақстан басшылығынан алынуы болғаны тарихқа аян. Қазір жастардың ереуіліне тамызық тастаған арнайы ұйымдастырушылар болғаны туралы деректер шыға бастады. Олардың ереуіл ұйымдастырудағы мақсаты Д. Қонаевтың абыройын емес, өздерінің саяси мүддесін қорғау болғаны да айтылып жүр. Бірақ қазақ ұлтының халық ретінде сақталуы үшін көшеге шыққан мыңдаған жасты алаңға шығарған себептердің бірі - шынымен де Дінмұхамед Қонаевқа деген құрмет болатын. Қаңтар оқиғасының арғы-бергі төңірегіндегі өзгерістерді, сол өзгерістерді елдің қалай қабылдағанын таразылай отырып, Дінмұхамед Қонаевтың Қазақстан басшысы ретіндегі абыройы теңдессіз екенін пайымдауға болады. Ел ішінде «Қонаев заманында қазақ даласында үлкен-кіші 40 қала бой көтерген» дейтін дерек айтылып жүр. Халықтың осы 40 жылда еңбекке араласқан бірнеше буынның еңбегін бір ғана саяси тұлғаның есімімен байланыстырып қабылдауының өзі Д. Қонаевтың мемлекет қайраткері ретіндегі салмағынан хабар береді. Тұлғаны жақсы танып, жақын араласқан адамдардың бәрі естеліктерінде оның қызметтегі лауазымын бас пайдасына, материалдық жағдайын қамсыздандыруға пайдаланбағанын ерекше атайды. Қызметтен босағаннан кейін шын мәнінде қарапайым зейнеткердің күнкөріс деңгейімен бірдей тұрмыс кешуі - сол естеліктердің шын екеніне айғақ. Д. Қонаев төңірегіндегі пікірталастар кезінде ол Қазақстанды басқарған кезеңде қазақ мектептерінің саны жүйелі түрде азая түскені туралы уәждер алға шығып жүр. Бірақ оның КСРО басшылығына ондай бастамамен шығып, өз қалауымен сондай әрекетке барғанын дәлелдейтін факті әзірге табылмағанын да айту керек. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев 1912 жылы 12 қаңтарда қазіргі Алматы қаласында өмірге келген. 1930 жылы Алматыдағы №14 орта мектепті бітірген Дінмұхамед Қонаевты Қазақстан Өлкелік комсомол комитеті 1931-1936 жылдары Мәскеудегі Түсті металл институтына оқуға жібереді. 1936 жылы осы институттан тау-кен инженері мамандығын алып шыққан Д. Қонаев 1937-1939 жылдары Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат руднигіне жұмысқа орналасып, онда бұрғылау станогінің машинисі, цех бастығы, рудниктің бас инженері және оның директоры болды. 1939 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстың қиын күндерінде тылдағы жұмысты ұйымдастыруда іскерлігімен көзге түсіп, «Алтайполиметалл» комбинаты бас инженерінің орынбасары, Риддер руднигінің және КСРО қорғасын-мырыш өнеркәсібінің ең ірі кәсіпорындарының бірі Лениногор кен басқармасының директоры қызметтерін атқарды. «Уикипедия» ашық энциклопедиясының сәліметіне сүйенсек, Д. Қонаев ел басқарған 1960-1986 жылдары қазақ жерінде 68 жұмысшылар кенті, 43 қала пайда болған. Оның ішінде Рудный, Екібастұз, Ақтау, Никольский, Степногорск, Теміртау, Жаңатас, Кентау Арқалық қалалары бар. Қайраткердің осы еңбегін тиісті деңгейде ескеру мақсатымен Алматы облысының қазіргі орталығы Дінмұхамед Қонаевтың есімімен атау туралы шешім қабылданған.
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар