БАӘ инвесторлары Алматы облысында қант зауытын салуға ниетті
- авторБақытжан Бекболат
- 28 сәуір, 2025
- 172

Алматы облысында әлемдік қант өнеркәсібінің ірі өкілдерінің бірі — Біріккен Араб Әмірліктерінің Al Khaleej Sugar компаниясының зауыты салынуы мүмкін. Бұл туралы облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев пен компанияның басқарушы директоры шейх Жамаль Әл Гурайр арасындағы кездесуде айтылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
"Алматы облысының ауыл шаруашылығындағы әлеуеті жоғары. Алға жылжу үшін бізге заманауи технологиялар мен сенімді серіктестер қажет. Бүгінгі кездесу өңір экономикасы үшін маңызды қадам", – деді Марат Сұлтанғазиев.
Кездесу барысында зауыттың орнын таңдау, қант қызылшасын егетін алқаптар және су мәселелері талқыланды. Логистикалық жағынан тиімді болғандықтан, Қонаев қаласына жақын жер телімі ең қолайлы деп танылды. Алайда су мәселесі әзірге толық шешілген жоқ: егістік жерлерді суару үшін балама су көздерін қарастыру қажет.
"Біз үшін ең маңыздысы – егістік алқаптардың сенімді түрде сумен қамтамасыз етілуі. Бұл үлкен дайындықты қажет ететін жоба. Сондықтан біз гидрология саласындағы үздік мамандарды тартамыз", – деп атап өтті шейх Жамаль Әл Гурайр.
Инвесторлар кәсіпорынды толықтай өз энергиясымен қамту үшін жел электр станцияларын салу мүмкіндігін де қарастыруда.
"Біз жаңартылатын энергия көздерін пайдалана отырып, толық автономды зауыт салғымыз келеді. Бұл қоршаған ортаға әсерді барынша азайтуға мүмкіндік береді", – деді Әл Гурайр.
Al Khaleej Sugar – әлемдегі ең ірі автономды қант зауыты, жаһандық тазартылған қант нарығының шамамен 3%-ын бақылайды. Шейх Әл Гурайр қант өндірісінен бастап құрылыс пен жылжымайтын мүлікке дейінгі түрлі салаларда табысты жобаларды іске асырған.
Тараптар өңірдегі су ресурстарын жан-жақты зерттеу үшін кәсіби консультанттарды тартуға келісті. Бұл су мәселесін оңтайлы шешіп, инвестициялық жобаны табысты іске асыруға жол ашады.