жексенбі, 24 қараша, 2024 7:21

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Кәсіпті нәсіп еткендер – елге құт

Кәсіпті нәсіп еткендер – елге құт
ашық дереккөз
Жамбыл ауданының Гродеково ауылындағы «Сандель» шаруа қожалығы отыз жылдан бері шабақ өсірумен айналысып келеді. Шаруашылық бүгінге дейін кездескен түрлі қиындықтарға қарамастан жұмысын тоқтатқан жоқ. Жыл санап қуатын арттыруда. Қожалық тәлімбақтарында 5 миллионға дейін шабақ өсіріледі.

Шаруашылық тоғандарында күтімге алынған балықтардан 60 миллион уылдырық жиналады екен. Бірақ, тәлімбақтың мүмкіндігі бес миллион ғана. Шаруашылықтың шабақты 10 миллионға дейін жеткізуге мүмкіндіктері бар. Ол үшін тоған салатын тағы да 30-40 гектар жер телімі қажет көрінеді.

Жалпы, қожалықтың пайдалануындағы 71 гектар жер телімінде ірілі-ұсақты 18 тоған орналасқан. Олар өңірімізге тез жерсінетін балықтың бес түрін өсіріп келеді. Қожалық 2021 жылдан бері өзге өңірлерден ақ амур, карп пен ақ толстолоб, фарель балықтарын уылдырықтан өсіруді де қолға алған.

Күзде еліміздегі барлық су айдындарында балықтандыру жұмыстары басталады. Бұл қожалық үшін маңызды кезең. Уылдырықтан өсірген шабағын қожалық республика бойынша таратады. Қазіргі таңда сұраныс Ақмола мен Қарағанды облысының өзен-көлдеріне жауапты мамандардан түсуде.

Қожалықтың бас ихтиологы Нұрлан Молдабековті жұмыс басында сөзге тартқан едік.

– Қазір бізбен келісімшартқа тұрған Есіл облысаралық бассейндік инспекциясының өкілдері келіп, Есіл өзенін балықтандыру мақсатында 533 мың тұқы шабағын алып кеткелі жатыр. Олар өткен жылы бізден миллионның үстінде шабақ алып кеткен болатын. Бұл байланыс 9-10 жылдан бері жалғасып келеді. Есілдіктер жылда республикалық тендерге қатысып, біздің шабақтарды ұтып алып кетуде, – дейді ол.

Дейтұрғанмен, қожалық қолда бар мүмкіндікті пайдалана отырып, шабақ өсіру процесін тоқтатпаған. Қарап отырсаң, шағын тоғандарда шынашақтай шабақтар өріп жүр. Олар келесі жылы айналымға шығарылады. Биыл өткеріліп жатқаны бір жылдықтары ғана. Қарақанаттанып, біршама өсіп, кез келген өзен-көлге тез бейімделіп кететіндей көлемдегі шабақтар.

Нұрлан Молдабековтің шабақ өсіруде тәжірибесі көп. Оның бұл кәсіппен айналысып келе жатқанына 40 жылға жуықтапты. 2008 жылға дейін Қарақалпақстанда шабақ өсірумен айналысса, соңғы 14 жылдан бері аталған қожалықта еңбек етуде. «Біздің қазіргі бағытымыз – шабақ өсіру. Өзімізде біраз балық түрін өсіріп, уылдырығынан көбейтудеміз», – дейді балықшы.

Шаруашылықта 18 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Балық өсіруші Расул Бекташоглы он бір жылдан бері осында жұмыс істеп келеді екен.

«Өзіме жұмысым ұнайды. Шабақтарды өсіру қызық. Уылдырықтан бастап бір жыл толғанша қарап, жемдеп, судың тазалығын бақылап отырамыз. Жалақымыз жаман емес, айлығымызды жыл он екі ай уақытылы аламыз. Қазір 12 грамнан асқан бір жылдық шабақтарды балық тасымалдайтын арнайы цистерналарға салып, еліміздің су қоймаларына жөнелтудеміз», – дейді ол.

Есіл облысаралық бассейіндік инспекциясы бастығының орынбасары Есім Сейітовті сөзге тарттық.

«Біз талай жылдан бері «Сандель» шаруа қожалығымен келісімшарт негізінде жұмыс істеп келеміз. Ақмола облысының Есіл өзенін балықтандыру мақсатында шаруашылықтан тұқы мен сазан шабақтарын алудамыз. Алдыңғы жылы бір миллион шабақ алсақ, былтыр 1 миллион 14 мың шабақты алып, өзенге жіберген едік. Биыл 533 мың балық алуға келдік. Жолдың алыстығына қарамастан өткен жылдары шабақтар арнайы цистернада шығынсыз жеткізілді. Өзенге жіберілген шабақтардың 70- 80 пайызы жерсініп кетті десем артық айтқандығым болмас. Жалпы, мұндағы тәлімбақтарда өсіріп жатқан шабақтың сапасы өте жоғары. Жол шалғай болса да, шабақтың өсімталдығына байланысты жылда шабақты осы қожалықтан алып келеміз, – деді ол.

Ал Шу - Талас облыс аралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Қанатбек Зауырбековтың айтуынша, облысымызда 142 жергілікті маңызы бар су айдындарының тоқсанға жуығында балық шаруашылығы жұмыс істейді екен. Өңірдегі өзен-көлдерде балықтандыру шарасы қыркүйек айынан желтоқсан айына дейін жүргізілмек. Инспекция тарапынан мемлекеттік тапсырысты «Сандель» шаруа қожалығы Ақмола, Қарағанды және Жамбыл облысын балықтандыру жұмыстары бойынша ұтып алған. Былтыр өңірдегі су айдындарына бір миллионға жуық шабақ жіберілсе, биыл облыста 400 мыңдай шабақты су айдындарына жіберу жоспарланыпты. Бұл бір ғана «Сандель» шаруа қожалығынан алынатын шабақтың саны. Өзге шабақ өсіруші тәлімбақтардан да өзіміздің өзен-көлдерге шабақты жүз мыңдап жіберу көзделген.

Биыл өңірдегі үлкен су айдындары Билікөл, Тасөткел, Ақкөл, Теріс-Ащыбұлақ су қоймалары мен кіші су айдындарын балықтандыру үшін тендерлер ойнатылуда. Ал кейбір су айдындарының қожайындары оны өз қаражаттары е себінен балықтандырмақ. Жалпы өзен-көлдерге 2 мыңнан 150 мыңға дейін шабақ жіберу жоспарланған. Атап айтсақ, Ақкөлге 70 мың, Билікөлге 400 мың шабақ жіберілмек. Жалпы, өңіріміздегі «Сандель» сияқты көптеген шаруа қожалықтар тәлімбақтармен қатар тауарлы балық өсіруге ынталы.

– Бүгінгі таңда тәлімбақтар мен арнайы су тоғандарында тауарлы балық өсіруге ниет білдіргендерге мемлекет тарапынан қолдау бар. Бұл балық шаруашылығын дамыту мақсатында республикада 2021- 2030 жылдарға арналған бағдарлама аясында мүмкін болып отыр. Оның игілігін «Алтын бұлақ», «Арнұр» тағы басқа ұсақ шаруашылықтар көруде. Олардан биыл жүздеген тонна балық ауланып, сауда орындарына шығарылды. Ендігі кезекте тауарлы ба лық шаруашылығына өтуге «Шоқай», «Мыңшұқыр» шаруа қожалықтарымен қатар Билікөл, Ақкөл мен Аспара өзендерінің қожайындары да тауарлы балық шаруашылығына өткелі жатыр. Бірнеше жылда тауарлы балық өсірушілер қатары артса, тәлімбақтардың жұмысы жандана түседі деген ойдамыз, – дейді Қанатбек Зауырбеков.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар