Батылдық үлгісі: Мұса Ерғали әуежайда қыз баланы құтқарып, мемлекеттік награда алды
- авторАрайлы Жақсылық
- 8 наурыз, 2025
- 416

Мұса Ерғали есімді азамат батылдық танытып, қауіпке қарамастан әуежай қызметкерін құтқарып қалды, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Оқиға барысында белгісіз ер адам құжат тексеруші қызды пышақпен қорқытып, оған шабуыл жасауға әрекеттенген. Қауіп төніп тұрғанын байқаған Мұса Ерғали еш ойланбастан араша түсіп, қаскөйді залалсыздандырды. Оның жедел әрі батыл әрекеті ауыр қылмыстың алдын алып, жас қыздың өмірін сақтап қалды.
Бұл оқиға қоғамда кеңінен талқыланып, Мұса Ерғалидың ерлік әрекетіне бірінші болып Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударды. Президент оның батылдығын ерекше атап өтіп, ержүрек азаматтарды қолдау қажет екенін жеткізді.
Осы ерлігі үшін бүгін Мұса Ерғали мемлекеттік наградамен марапатталды. "Ерлігі үшін" медалін оған Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев арнайы табыстады. Салтанатты рәсім барысында әкім оның қайсарлығын жоғары бағалап, ел азаматтарын осындай батыл әрекеттерге шақырды.
Бұл оқиға қоғамдағы батыл адамдардың маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді. Мұса Ерғали өз өмірін қатерге тігіп, өзгелерге көмектесудің нағыз үлгісін көрсетті.