жексенбі, 24 қараша, 2024 5:36

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Бердібек Сапарбаев: «Жамбыл су» МКК қызметі егжей-тегжейлі зерделеуді қажет етеді»

Бердібек Сапарбаев: «Жамбыл су» МКК қызметі егжей-тегжейлі зерделеуді қажет етеді»
ашық дереккөзі
Бердібек Сапарбаев: «Жамбыл су» МКК қызметі егжей-тегжейлі зерделеуді қажет етеді»

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Жамбыл су» МКК (қала тұрғындарына «Тараз су» деген атпен белгілі) қызметкерлерімен кездесіп, кәсіпорын басшысы Марат Смайыловтың есебін тыңдады.

Аймақ басшысы су шаруашылығы кеңсесіне бармас бұрын, «Барысхан» массивіне әлі күнге неге ауыз су берілмей отырғанын анықтау үшін Жауғаш батыр көшесіндегі сорғы станциясына ат басын бұрды. Аталған массив тұрғындары әлеуметтік желілер арқылы шағымдарын білдірген. Айта кету керек, Бердібек Сапарбаевтың қарапайым тұрғындардың бірде-бір өтінішін ескерусіз қалдырмайтыны жамбылдықтарға етене белгілі.

Өткізгіштігі сағатына 1,5 мың текше метрді құрайтын екінші көтермедегі сорғы станциясы өткен жылдың желтоқсан айында салынған, тиісті қабылдау актісі бар. Ол «Барысхан», «Сахзавод» және «Кирпичный» массивтерін ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған. Соңғы екі аудан әлі күнге төрт ұңғыманың суын пайдаланып отыр десек, ал, «Барысханда» су мүлде жоқ, бірақ құбырлар тартылған. Белгілі болғандай, сорғы станциясын аталған массивтің ішкі желілерімен байланыстыратын 80 метрлік құбыр о баста жобада қамтылмай қалып кеткен. Жауапты құрылымдардың мұндай салғырттығы мен әрекетсіздігін облыс әкімі қатал сынға алды

- Неге сорғы станциясымен бірге су құбыры желісінің құрылысын қатар жүргізіп, бірге аяқтау мүмкін болмады? Егер адамдар әлі күнге сусыз отырған болса, бұл кімге керек? 80 метр құбыр тарту үшін бір-ақ апта жетеді, ал сіздердің ұқыпсыздықтарыңыздың зардабын қазір қаншама адам тартып отыр. «Жамбыл су» да тұтынушылар санын арттыруға мүдделі емес пе? - деді Бердібек Сапарбаев.

Анықталған кемшіліктер бойынша өңір басшысы кінәлілерді жазалауды және кемшіліктерді жоюды тапсырды. Бұл ғана емес, аймақ басшысы сорғы станциясынан су екі бағытқа – «Сахзавод» және «Барысхан» массивтеріне бөлінуі тиіс учаскеге арнайы барды. Ауа райы жағдайын ескере отырып, мердігер «Сұңқар – 2002» ЖШС өкілі сумен қамтамасыз ету 20 сәуірден кешіктірілмей жолға қойылатынына уәде берді. «Барысхан» тұрғындары көп ұзамай сумен қамтылады, ал сорғы станциясы іске қосылғаннан кейін «Сахзавод» және «Кирпичный» алқаптарындағы ұңғымалар резервке алынбақ. Олар авариялық жағдай туындаған кезде ғана іске қосылатын болады.

Бұдан соң облыс әкімі «Жамбыл су» МКК-на барып, директоры Марат Смайыловтың есебін тыңдады. Аймақ басшысы директордан көптеген түйткілді мәселелер бойынша сауалдарға жауап беруін талап етті.

Кәсіпорын 101 мыңнан астам абонентке қызмет көрсетеді, оған 649 шақырым су құбыры, 249 шақырым кәріз жүйесі және 97 ұңғыма қарайды. Теңгерімінде 75 автокөлігі бар. Жылдық айналымы 1,8 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорын Еуропалық Қайта құру және даму банкімен бірлесіп облыс орталығының сумен жабдықтау желілерін жаңғырту бойынша бір миллиард теңгенің ауқымды жобасын жүзеге асыруда.

Барлық монополистер сияқты, су компаниясы да тарифтердің төмендігіне шағымданады. Газ, электр және жылу тарифтерімен салыстырғанда су тарифтері баяу қарқынмен өсетіндігін алға тартады. Компания өткен жылды 283,7 миллион теңге шығынмен қорытындылаған. Дегенмен, алдынғы жылы да осындай жағдай орын алған. Коронавирустық пандемияға байланысты енгізілген төтенше жағдай және карантиндік шаралар да өз әсерін тигізген. Шығындарды өтеу және ЕҚҚДБ алдындағы міндеттемелерді орындау үшін облыстық бюджеттен 223 миллион теңге бөлінсе, ағымдағы жылы тағы 209 миллион теңге түседі. Су құбырларының тозуы 71 пайыз, кәріз желілерінің тозуы 43 пайызды құрайды. Кәсіпорында 609 адам жұмыс істейді десек, олардың орташа жалақы көрсеткіштері – 121,4 мың теңге.

Бердібек Сапарбаев кәсіпорынның жұмысына көңілі толмайтынын ашып айтты. Тұтынушылардың су шығынын, кәсіпорынның өз қаржысын есепке алу және бақылау жұмыстары оң жолға қойылмаған. «Жамбыл су» үнемі бюджет қаржысына иек артпай, қосымша қаржыландыру көздерін іздестіру керек. Облыс әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбекке жұмыс тобын құрып, екі апта ішінде ЕҚҚДБ қаражатының тиімді жұмсалуын егжей-тегжейлі зерделеу тапсырылды. Нәтижесі бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады. Бұдан бөлек, аталған мәселе таяуда облыс әкімдігінің аппараттық кеңестерінің бірінің негізгі тақырыбына айналмақ.

Келесі мәселе ретінде жалпыүйлік және жеке есептеу құралдарын орнату жайы да назарға алынды. Мұндай қондырғымен барлық үйлер мен пәтерлер түгелдей қамтылмаған десек, соның салдарынан жыл сайынғы судың шығын мөлшері 24 миллион текше метрге дейін жетуде.

Штат саны бойынша да сұрақтар туындады. Миллион халқы бар Шымкент қаласындағы осындай кәсіпорында 790 адам қызмет етеді.

- Әкімшілік-басқарушылық аппаратта 50-дей қызметкер жұмыс жасайды, ал директордың төрт орынбасары бар. Бұл тым көп емес пе? Сонымен қатар, кәріз қалдықтарымен жұмыс істеуге тура келетін қарапайым жұмысшылардың жалақысы үш мың теңгеге ғана өскен... Бұл ретте инфляция мен басқа да себептерді ескере отырып, жалақы жыл сайын кемінде 10 пайызға өсуі тиіс. Сіздер тарифтер төмен деп айтасыз. Бірақ басқа кәсіпорындар да осындай жағдайда жұмыс істеуде, соған сәйкес қосымша резервтер іздеуге тырысады. Пандемия кезінде су мен басқа да коммуналдық қызметтердің қымбаттауы туралы мәселе туындауы мүмкін емес. Сонымен қатар, әр пәтерде есептегіш құралдары болуы тиіс бүгінгідей кезде 70 контроллер ұстау аса көп емес пе? Оларға жұмсалған қаржыны тиімді пайдалана отырып, басқа бағытта қолданған дұрыс шығар. Мәселен, сол жалпыүйлік және жеке су есептегіштерін кеңінен орнатылуына бақылауды жүзеге асыру керек, - деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев апаттық жағдайлар жиі орын алатын қараусыз желілерді теңгерімге алуға көңіл бөлді. Иесі жоқ болғандықтан, олар бақылаусыз қалуда.

Кәсіпорын қызметкерлерінен шағымдар көп түседі, бұл ұжымдағы жағымсыз моральдық-психологиялық ахуалды көрсетеді. Олар кәсіпорынның қаржы-шаруашылық қызметіне бақылауды әлсіретіп алған қаржы басқармасына да қатысты шағымданады.

Кездесуді қорытындылай келе Бердібек Сапарбаев кәсіпорындағы бақылау мен есеп жүргізу жұмыстарының әлсіздігін тағы да атап өтті. Су құбырларын ауыстырудың орта мерзімді жоспарын жасауды, қараусыз су құбырларының иелерін анықтауды тапсырды. Қажет болған жағдайда, мәселені сот арқылы шешу жүктелді. Тұтынушылар санын арттыру бойынша жұмысты күшейту керек. «Жамбыл су» МКК келесі жылы жекешелендірілетін кәсіпорындар тізіміне енген. Сондықтан су қызметкерлерінің қызметі қол жетімді және ашық болуы үшін мұқият тексеру жүргізуді қажет ететіні баса айтылды.

Келесі кезекте Бердібек Сапарбаев құрылысы аяқталуға жақын қалған «Арбат-3» жаяу жүргіншілер алеясын аралап көрді. Қазір бес павильонның сыртқы безендірілуі бойынша жұмыстар жүргізілуде, онда ұлттық тағамдар мейрамханалары, көркемөнер шеберханалары мен балаларға арналған залдар орналаспақ. Сондай-ақ, «Әулие-Ата» мешіті де қалпына келтірілуде. Барлық жұмыстар осы айдың 20-на дейін аяқталып, Наурыз мерекесі қарсаңында пайдалануға берілмек. Мұнда көне қала тұрғындары мен қонақтары субұрқақтың салқын лебін сезініп, ортағасырлық сән-салтанатқа куә бола алады.

- Барлығы бірдей үлгіде орындалуы тиіс. Ең бастысы – жаяу жүргіншілер аймағы адамдардың жағымды әрі сүйікті тынығу орнына айналуы үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалауы тиіс, - деп атап өтті облыс әкімі.

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар