Бірыңғай сайт әзірленді
Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Қоғамдық кеңестердің халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасындағы рөлі» тақырыбында сарапшылар брифингі өтті. Жиынға Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов, TALAP қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев, осы орталықтың атқарушы директоры Әсет Жарқынов, «Қоғамдық кеңестер институтын дамыту» жобасының жетекшісі Ерік Батырханов қатысты.
Вице-министр Болат Тілепов ең алдымен қоғамдық кеңестер өкілеттігінің кеңеюіне тоқталып өтті. «Қоғамдық кеңестердің өкілеттігі біршама кеңейтілді. Қазір бұл жөнінде заңнамалық ережелер мен нұсқаулықтар әзірленіп, бүкіл мәслихаттарға, мемлекеттік органдар мен қоғамдық кеңестердің өздеріне таратылды. Кеңес құру үрдісі қайта қаралды. Ендігі жерде олардың құрамының 70 пайызы үкіметтік емес ұйым өкілдері мен белсенді азаматтардан тұруы тиіс», деді ол.
Қоғамдық кеңестердің жұмысын реттейтін уәкілетті орган – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі екенін ескерте келе, жыл соңына дейін Президентке осы бағытта атқарылған жұмыстардың есебі Ұлттық баяндама түрінде өткізілетінін хабарлады. «Жыл сайын Ұлттық баяндама әзірлеу тәжірибесі қолға алынды. Биыл ел Президентіне алғаш рет ұсынылатын бұл құжат қазір аяқталып қалды», деді Б.Тілепов. «Өздеріңіз білесіздер, қоғамдық кеңес институты 5 институционалдық реформа шеңберінде 2015 жылы енгізілген. Осы уақыт ішінде тәжірибе көрсеткендей, олар қоғам мен биліктің арасын жалғаушы ретінде өзінің тиімділігін, жалпы қоғам өміріне қажеттілігін дәлелдей білді. Мысалы, осы 5 жылда қоғамдық кеңес тарапынан 20 мыңнан астам нормативтік құжат өткен болса, соның әрбір оныншысы немесе 2 мыңнан астам құжат кеңестен өтпей, жетілдіру үшін кері қайтарылған. Яғни азаматтардың өміріне тікелей әсер ететін бұл сапасыз құжаттардың кемшілігі дер кезінде анықталған деп айтуға болады», деді вице-министр.
Министрлік өкілінің айтуынша, қазір мемлекеттік органдар басшылары қоғамдық кеңестер алдында есеп бере бастаған. «Тағы бір мысал, жыл сайын 1,5 мың мемлекеттік лауазым иесі қоғамдық кеңес алдында есеп береді. Бұл – туындаған мәселелер мен шешімін таппай жүрген сұрақтарға жауап алу мүмкіндігі. Осы 5 жылда мемлекеттік қызметтің сапасына қоғамдық мониторинг аясында мыңнан астам зерттеу жасалып, баршаға ортақ өте өзекті сұрақтарды ашық талқылау нәтижесінде ұзын саны 2 мыңнан астам мәселе көтерілді. Міне, осының бәрі – көпшіліктің ортақ мәселесіне көз жұмбай, қашанда мінберден ұсынысын жеткізе білетін біздің белсенді азаматтарымыздың ақысыз негізде атқарған үлкен еңбегінің жемісі, жалпы азаматтық қоғамның жеңісі. Сондықтан да Президенттің бастамасымен «Қоғамдық кеңес туралы» заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, осы жылдың басынан бастап қолданысқа енді», деді ведомство өкілі.
Одан бөлек жиын барысында қоғамдық кеңестердің жұмысын реттейтін kazkenes.kz атты бірыңғай сайт әзірленгені мәлім болды. «Қоғамдық кеңестің күнделікті атқарып жүрген жұмысын елге кеңінен жеткізудің маңызы өте зор және дәстүрлі ақпарат көздерімен оның бәрін қамту өте қиын. Азаматтар өз мәселесімен қоғамдық кеңестерге жүгінуі үшін мәселе көтеріп, оның шешімін қадағалап отыруы мақсатында бірыңғай қолдануға өте ыңғайлы ақпарат ресурсының болуы өте маңызды. Сол себепті министрліктің тапсырысымен kazkenes.kz сайтының жобасы жасалып, бүгін, міне, назарларыңызға ұсынылып отыр», деді Б.Тілепов.
TALAP қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Р.Ошақбаев қоғамдық кеңестердің құрамы мен белсенділігі туралы пікірін білдірді. «Қоғамдық кеңес қызметіне байланысты бірқатар проблема бар. Бірінші кезекте, бұл қоғамдық кеңестердің құрамына байланысты. Басшылардың қоғамдық кеңес құрамын өзіне барынша қолайлы етіп жасақтауға тырысатыны туралы шағымдар көп болды. Шағымданушылардың айтуынша, қолайсыз сұрақ қоятын адамдарды кеңеске кіргізбеуге тырысатын көрінеді», деді сарапшы.
Оның сөзіне қарағанда, бұл мәселе республикалық деңгейде көп талқыланып, нақты шешім қабылданған. «Нәтижесінде, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тиісті заңға толықтырулар енгізу жөнінде бастама көтеріп, құжат жобасын жасады. Бұл қоғамдық кеңес құрамын сайлау процесін бірінші басшылардың қалауы мен ықпалынан едәуір тәуелсіз етуге мүмкіндік береді», деді ол.
Сондай-ақ ол kazkenes.kz порталының қоғамдық кеңес институтын дамытудағы рөліне тоқталды. «Бір жағынан, бұл қоғамдық кеңес мүшелерінің белсенді еместігіне байланысты болуы, екінші жағынан олардың қызметі туралы ақпарат жетіспеуі мүмкін. Осының аясында біз Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бірыңғай портал ашу бастамасын құптаймыз. Kazkenes.kz порталы сияқты барша қоғамдық кеңестердің қызметі туралы ақпарат беретін бірыңғай алаң құру біздің заңнамада көзделген», деді Р.Ошақбаев.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала