Бюджет қаржысын игеруде заңсыздыққа жол берілмейді
- авторСадуақас Айсұлу
- 17 қазан, 2024
- 119
Облыс бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің ғимаратында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазынашылық комитеті Жамбыл облысы бойынша қазынашылық департаментінің ұйымдастыруымен «Мемлекеттік мекемелердің бюджетті орындау кезінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және мемлекеттік қаржыны басқару кезінде сапаны жақсарту шеңберінде іс-шараларды өткізу» бойынша семинар-кеңес өтті.
Оған өңірдің қазынашылық комитеті қызметкерлерімен қатар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаменті, Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит департаменті, Қаржылық мониторинг агенттігінің Жамбыл облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері қатысты. Онда бюджеттік бағдарламалар әкімшілерімен қаржы жылының соңғы айларында бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану және ықтимал бұзушылықтарды болдырмау, мемлекеттік бюджетті орындау кезінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және мемлекеттік қаржыны басқару кезінде сапаны жақсарту шеңберінде атқаратын шараларды бірлесе талқыланды.
Жиынды Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің облыс бойынша қазынашылық департаментінің басшысы Нұрдос Тойбаев ашып, департамент тарапынан бүгінге дейін атқарылған жұмыс барысымен, алдағы жылдарға жоспарланған жоспарлармен таныстырып өтті.
– Биылғы қаржы жылының аяқталуы және 2025-2027 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру бойынша жұмыстардың қарсаңында мемлекеттік бюджетті орындау процесіндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі шараларға ерекше назар аудару қажет. Қазақстан Республикасының Бюджет Кодексіне сәйкес, жергілікті бюджеттерді жоспарлау, әлеуметтік-экономикалық даму болжамдарына, алдыңғы кезеңдерде бекітілген базалық шығыстарға, бюджеттік мониторинг қорытындыларына, нәтижелерді бағалауға негізделуге тиіс. Сонымен қатар, бюджеттерді қалыптастыру кезінде бюджеттік қатынастар саласында бұрын қабылданған шешімдердің дәйектілігін сақтау қажет.Облыс бойынша қазынашылық департаменті 703 клиентке мемлекеттік мекемелерге, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне, бас мердігерлер мен қосалқы мердігерлерге қызмет көрсетті. 2024 жылдың 9 айында департамент және оның аудандық басқармалары 584,8 мың қаржылық құжат қабылдады, олардың 39,5 мыңын, немесе 6,7 пайызын әртүрлі бұзушылықтар анықталғандықтан қазынашылық органдарымен және ақша алушылармен орындаусыз қайтарды. Бұл көрсеткіш бюджет қаражатын сапалы, уақтылы және тиімді игерілуіне кері әсерін тигізеді. Жалпы, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша бірлескен іс-шараларды өткізу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталып, кейіннен бюджет заңнамасына өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар жолданатын болады, – деді Нұрдос Тойбаев.
Семинар-кеңес барысында еліміздің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) облыс бойынша департаменті Превенция басқармасының басшысы Ербол Бақтыхожаев баяндама жасады. Ол өз сөзінде көбінесе сыбайлас жемқорлыққа байланысты заңбұзушылықтар бюджеттік саладағы мекемелерде орын алатындығын айтты. Білім, денсаулық салаларымен қатар жол құрылысы мен ірі құрылыс нысандарында орын алатындығын жеткізді. Ауылды жерлерде орналасқан мекеменің шаруашылық меңгерушілері мен есепшілері заңды жақсы білмегендіктен, көптеген қателіктерге жол беретіндігін айта келіп, мемлекет қаржысын игеруде мұқият болу қажеттігін ескертті.
Одан кейін баяндама жасаған ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Жағыпар Исатаев, ҚР Қаржы министрлігі ішкі мемлекеттік аудит комитетінің облыс бойынша мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Әмірхан Баймағанбетов, Қаржы министрлігі қазынашылық комитеті Жамбыл облысы бойынша қазынашылық департаменті басшысының орынбасары Ғалия Болысбекова өз салалары бойынша атқарылған жұмыстардың барысына тоқталып, бюджет қаржысын игеруде заң бұзушылықтарға жол бермеуге шақырды.
Жиын соңында қойылған сұрақтарға әрбір сала маманы жан-жақты мысалдар келтіре отырып жауап берді. Семинар-кеңесті жиын төрағасы Нұрдос Тойбаев қорытындылады.
Мажарстанның премьер-министрі Димаш туралы пост жазды
Ұқсас жаңалықтар
Анаға тағзым орталығында жеңімпазбен кездесу өтті
- авторСадуақас Айсұлу
- 25 желтоқсан, 2024
25 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды
- авторСадуақас Айсұлу
- 25 желтоқсан, 2024