Дәрі - дәрмек қоры жеткілікті ме?
Жамбыл облысында дәрі-дәрмектің екі айға жететін қоры бар. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте айтылды. Басқосуда пандемияға байланысты ауруханалардағы дәрі - дәрмек қорларына жүргізілген мониторинг қорытындысы қаралды.
Бұл мәселе бойынша хабарлама жасаған «Жамбыл - адалдық алаңы» жобалық офисінің жетекшісі Нәзима Жувандикова зерделеу нәтижелерімен қатар бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.
«Жобалық офиске тұрғындар тарапынан келіп түсетін шағымдар мазмұнына сәйкес, облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы екі айлық дәрі-дәрмек қоры жөнінде ақпараттандыру жұмыстарын жандандыру қажет. Сонымен қатар басқармаға қарасты мекеме басшыларын «Антикор Live» жобасы аясында онлайн қоғамдық қабылдау жүргізу керек», - деді ол.
Сондай-ақ Жамбыл облысы бойынша денсаулық сақтау мекемелерінде арнайы құрылған дәрігерлік консультациялық кеңес құрамы мен комиссия төрағасын жыл сайын өзгерту қажеттілігі туындап отыр. Бұл мүмкіндігі шектеулі азаматтар тарапынан шағым санын азайтады.
«Бұдан бөлек жұмысқа қабылдау конкурсына ашықтықты қамтамасыз ету үшін қоғам өкілдерін, жобалық офис менеджерлерін қатыстыруған жөн», - деді Н. Жувандикова.
Өз кезегінде аймақ басшысы аталған ұсыныстарды қолдайтындығын айта келе, нақты міндеттерге тоқталды.
«Былтырғы жағдайдан сабақ алуымыз керек. Қазіргі таңда аймақта дәрі-дәрмектің екі айға жететін қоры бар. Біз Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып, бұл мәселені назарда ұстап отырмыз. Облыстық денсаулық сақтау басқармасына дәрігерлердің кәсібилігі мен мәдениетін көтеруге қатысты тапсырма берілді. Қарапайым науқастар неге жеке клиникаларда қаралғысы келеді? Неге мемлекеттік ауруханаларға бармайды? Біз бұдан тиісті нәтиже шығаруымыз керек. Сонымен қатар денсаулық сақтау мекемелерінде арнайы құрылған дәрігерлік консультациялық кеңес құрамы мен комиссия төрағасын ауыстыру жайын да қарастыру керек. Бір қызметті он жыл бойы атқарып отырған азаматтар ол орынды жеке меншікке сатып алмаған шығар? Жақсы жұмыс істеп жатса, әңгіме басқа. Ал арыз-шағым көбейсе, ауыстыру қажет», - деді Б. Сапарбаев.
Фарида СЕЙІЛХАНҚЫЗЫ
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала